Қазақстан жастары: болашаққа бастар жол – дәстүр мен жаңашылдық үйлесімі

Қазақстан жастары: болашаққа бастар жол – дәстүр мен жаңашылдық үйлесімі

Қазіргі жастар жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатқанымен, ұлттық болмыс пен ата-баба дәстүріне деген құрметтен алыстап кеткен жоқ. Керісінше, бағзыдан жеткен құндылықтарды заман талабына сай жаңғыртып, әлемдік мәдениетпен ұштастыра отырып дамып келеді. Бұл – өткенді жоққа шығармай, болашаққа сеніммен қадам басудың айқын көрінісі.

Қазіргі жас буын үшін еңбекқорлық пен жауапкершілік жай ұран емес, өмірлік ұстанымға айналып отыр. Олар өз мүмкіндігін үздіксіз жетілдіруге, қоғамға пайдалы болуға ұмтылады. Ұлттық мәдениетті сақтау тек музейлер мен кітаптарда ғана қалмай, күнделікті өмірде, ойлау жүйесінде, қарым-қатынаста көрініс табуы тиіс екенін жастар жақсы түсінеді. Сол себепті дәстүрлі құндылықтар бүгінгі заманның тынысымен үйлесіп, жаңа мазмұнға ие болуда.

Осы тақырып төңірегінде ұлттық мәдени кодты қалай сақтап, оны заман ағымына бейімдеуге болатыны жөнінде белгілі шығыстанушы, мәдениеттанушы Еркін Байдаровпен сұхбаттасқан едік. Сұхбат барысында дәстүр мен жаңашылдықты қатар алып жүрудің жас ұрпақ үшін маңызы және оның ел болашағына әсері кеңінен сөз болды.

– Қазақ мәдениетінде еңбек ішкі норма, адамдық қадір-қасиеттің өлшемі ретінде бағаланып келген. Бүгінгі заман бұл құндылықтың мазмұны мен көрінісін қалай өзгертті?

– Қазақ дүниетанымында еңбек ежелден көшпелі өмір салтының ажырамас бөлігі, тіршілік пен бейімделудің басты шарты болды. Бүгінгі заман да еңбекқорлықтың мәнін жоғалтпай, керісінше, оның жаңа қырларын ашып отыр. Қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайларда еңбекқорлық заманауи формаларға ие болғанымен, оның түпкі құндылық ретіндегі өзегі сол күйінде сақталуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде «еңбек пен еңбекқорлық құндылықтары» қуатты әрі әділетті Қазақстанды қалыптастырудағы басты негіздердің бірі екенін үнемі айтып келеді. Жаһандық өзгерістер жағдайында еңбекке деген көзқарас жаңа сипат алғанымен, бұл құндылықтар қоғам дамуы үшін маңызды бағдар болып қала береді.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі іске асырып жатқан 2024-2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы жаңа жұмыс орындарын құруға, еңбек жағдайларын жақсартуға және лайықты еңбекақыны қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бастамалар әрбір азаматтың еңбегі әділ бағаланып, әлеуметтік кепілдіктер қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуіне қызмет ететін орнықты әрі әділетті жүйе қалыптастыруды көздейді.

Ал жаһандық тұрғыдан алғанда, Қытай тәжірибесі мен «қытайлық үлгідегі жаңғыру» үдерістерін зерделей отырып, еңбек пен еңбекқорлық құндылықтары тек ұран деңгейінде қалып қоймай, елдің де, азаматтардың да табысын айқындайтын нақты өлшемге айналуы тиіс.

– Қай кезеңде де қазақ қоғамы үшін ағартушылық тек білім алумен шектелмей, ойлау, тыңдау және тұжырым жасау қабілеттерімен тығыз байланысты болды. Қазіргі кезде білімнің қолжетімді болуы Қазақстанда адамның дербес ойлау жүйесі мен ішкі мәдениетінің қалыптасуына қалай әсер етіп отыр?

– Ағартушылық қазақ мәдениетінде әрдайым ерекше маңызға ие болып, тек білім жинаумен ғана емес, ойлау, тыңдау және қорытынды жасау қабілеттерімен ұштасып келген. Бұл түсінік халық даналығында айқын көрініс тапқан: «Жердің сәні – егін, ердің сәні – білім»; «Кісінің көркі киім емес – білім»; «Білек бірді, білім мыңды жығады»; «Білім – өмір шырағы». Алайда өткен кезеңдерде білім «өмір шырағы» ретінде қабылданып, мансаптық өсуге жетелейтін құрал ретінде қарастырыла бермеген.

Бүгінде білім алу мүмкіндіктері едәуір кеңейгенімен, бұл кей жағдайда өз саласында терең даярлығы жоқ мамандардың қалыптасуына да алып келіп отыр. Сондықтан сандық көрсеткіштің әрдайым сапаға жеткізе бермейтінін ескерген жөн.

Дегенмен онлайн-платформалар, ашық дәрістер мен мәдени жобалар адамның дербес ойлау қабілетін дамытуға, ішкі мәдениетін жетілдіруге мүмкіндік беріп, тұлғалық әрі қоғамдық деңгейдегі дамуға жаңа серпін беруде.

– Бүгінгі Қазақстандағы мәдени орта бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда адамға өз құндылықтарын саналы түрде таңдап, айқындауға көбірек мүмкіндік беріп отыр деп айтуға бола ма?

– Дәстүрлі түрде адамгершілік бағдарлар отбасы тәрбиесі, жеке үлгі-өнеге және ауызша мәдениет арқылы қалыптасып келді. Бүгінде бұл қатарға кітаптар, медиа кеңістік, сондай-ақ білім беру мен мәдени алаңдар қосылды. Қазіргі жағдай расымен де құндылықтарды саналы түрде таңдауға бұрынғыдан әлдеқайда кең мүмкіндік беріп отыр. Бұл үдерістен Қазақстан да тыс қалып отырған жоқ. Кітаптар, медиа және мәдени бастамалар өмірімізді жаңа мүмкіндіктермен байытып, әлемдік мәдениеттің озық жетістіктеріне жол ашты.

Сонымен қатар біз өз болмысымызды ұмытпауымыз керек. Қазақ мәдениеті әлемдік өркениеттің ажырамас бөлігі бола отырып, көшпелі, исламға дейінгі, исламдық, парсылық, қытайлық, орыс және батыс дәстүрлерінің элементтерін бойына сіңірді. Соған қарамастан, ол өзінің бірегей болмысын сақтап келеді. Бүгінде қазақ мәдениеті жаһандық мәдени қауымдастыққа белсенді түрде өз үлесін қосуда. Мұны, мысалы, Димаш пен Бибісара сынды қазақ жастарының халықаралық деңгейдегі жетістіктерінен айқын көруге болады.

Қазақстанның әлемдік мәдени кеңістікте толыққанды дамуы үшін әрбір азаматтың жеке жетістігі елдің өркендеуінің нәтижесіне айналатын қоғам моделін қалыптастыру аса маңызды.

– Қазіргі қоғамда жауапкершілік, сыйластық, қарым-қатынас әдебі мен сенім тақырыптарының жиі көтерілуін адамгершілік мәдениеттің күшеюінің белгісі ретінде қарастыруға бола ма?

– Қазіргі қоғамдағы адамгершілік мәдениеттің нығаюы ең алдымен қоғамның өзіне байланысты. Отбасы мен кәсіби қауымдастықтар әлеуметтік ортада қалыптасқан жүйені көрсетеді әрі өзгерістерге бейім болады. Бұл үдерісте Қазақстан жастарының идеялары мен трендтері маңызды рөл атқарады. Адамгершілік мәдениетті нығайту мүмкін, алайда бұл оңай емес. Өйткені адамдар арасындағы қарым-қатынас, сенім мен жауапкершілік мәселелері ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Бұл тақырыптар антикалық дәуірден бастап әлем әдебиетінің өзегіне айналғаны да соның айғағы.

Жаңа Қазақстанды құру жағдайында адамгершілік мәдениетті нығайту тек өзімізді, қарым-қатынасымызды, еңбегімізді, қоғам мен мемлекетке деген көзқарасымызды өзгерткен жағдайда ғана мүмкін болады.

– Қазақ дәстүрі қашанда тамырынан ажырамай, сонымен бірге жаңашылдыққа ашық болды. Дәстүрге адалдық пен жаңашылдыққа ашықтықты қатар алып жүру – бүгінгі Қазақстан жастарының басты артықшылықтарының бірі деуге келе ме?

– Жаһандану мен технологиялық өзгерістер жағдайында адамзат ұлттық мәдениетін сақтай отырып, сыртқы ықпалдарға төтеп беру міндетімен бетпе-бет келіп отыр. Мұндай кезеңде өз мәдени кодыңды жоғалтпай, сонымен қатар инновацияларға ашық болып, оларды «қазақстандық жолды» дамыту мүддесіне бейімдей білу аса маңызды. Бұл үдеріс мәдениет, ғылым және экономика секілді барлық салаға тікелей қатысты.

Қазіргі Қазақстан жастары дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыруға толық қауқарлы. Олар ата-бабадан қалған құндылықтарды сақтай отырып, заманауи білім мен технологияны игеруге, жаңа идеяларды ұлттық мүддемен сабақтастыруға қабілетті. Дәл осы синтез бүгінгі буынның басты артықшылығы әрі елдің ұзақ мерзімді дамуының берік негізі.

– Еңбекқорлық, білімге ұмтылу және адамгершілік жауапкершілік қазіргі заманда қандай жаңа мазмұнға ие болып отыр?

– Заман ауысады, адамдар өзгереді, алайда еңбекқорлық, білімге ұмтылу және адамгершілік жауапкершілік – адамзат өмірінің мәңгілік құндылықтары болып қала береді. Өйткені адамды адам еткен – еңбек. Алайда жасанды интеллект дәуірінде бұл қағидаттың мәні әлсіреп, кері үдеріс іске қосылып, адамзатты тарихтың шетіне ысырып тастау қаупі де бар.

Сондықтан жаңа формалардан мән іздеуден гөрі, адамның өзіне жайлы, рухани әрі кәсіби тұрғыда ләззат сыйлайтын іспен айналысуына басымдық берген жөн. Дәл осындай еңбек қана өмірге жаңаша қарауға, тұлғаның да, қоғамның да дамуына шынайы серпін береді.

553
13.01.2026