Астанада Василий Тоскиннің сәулет мұрасы таныстырылды

Астанада Василий Тоскиннің сәулет мұрасы таныстырылды

Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығында Қазақстанның құрметті сәулетшісі Василий Тоскиннің шығармашылық мұрасына арналған «Василий Тоскин: арман мен жасампаздық қаласы» атты архивтік-иллюстрациялық көрме ашылды.

Экспозицияға сәулетшінің жеке қорынан алынған 200-ге жуық материал – авторлық эскиздер, сызбалар, фотосуреттер, жобалық құжаттар мен тарихи деректер қойылған. Олар елорданың Целиноград пен Ақмоладан қазіргі Астанаға дейінгі даму кезеңдерін қамтиды.

Василий Тоскин әр жылдары Целиноград қаласы мен Ақмола облысының бас сәулетшісі қызметін атқарып, Астананың сәулеті мен қала құрылысы саласында еңбек етті. Ол астананы Ақмолаға көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамында болып, қаланың бас жоспарын әзірлеуге, тарихи орталықты жаңғыртуға және жаңа әкімшілік орталықты қалыптастыруға қатысты.

Сәулетші елордадағы Пионерлер сарайы, «Турист» қонақүйі, «Жастар» сарайы және «Астана» концерт залы секілді бірқатар белгілі нысанның авторы әрі бірлескен авторы. Оның жобалары республикалық сәулет байқауларында бірнеше рет жоғары бағаланған.

Көрме келушілерді Астананың қала құрылысы тарихымен және елорданың бүгінгі келбетін қалыптастыруға үлес қосқан сәулетшілердің еңбегімен таныстырады.

Экспозиция қыркүйек айының ортасына дейін ашық болады.

49
03.07.2026