Ұлттық рухтың үні: Наурызнама және айтыс өнері

Ұлттық рухтың үні: Наурызнама және айтыс өнері

Наурыз – тек көктемнің хабаршысы емес, табиғаттың жаңарып, тіршіліктің түрленуімен қатар, адам санасының да жаңғыруын меңзейтін терең өркениеттік мәні бар мереке. Соңғы жылдары Наурызнаманың онкүндік форматта ұйымдастырылуы бұл мерекені жай ғана сахналық шара деңгейінен шығарып, тұтас мәдени процеске айналдыруға бағытталғанын аңғартады. Қазақ мәдениеті – уақыт сынынан өткен, символдық мазмұнға бай өркениеттік жүйе. Ол тек фольклорлық мұра немесе этнографиялық жәдігерлер жиынтығы емес, дүниетаным, өмір салты, мінез бен мораль кодексі. Қазақтың күнделікті өмірімен біте қайнасып кеткен салт–дәстүр мен төл мәдениет тек той–думанның көркі емес. Ол – ұлттың кешесі мен бүгінін жалғап, қоғамдағы әлеуметтік құбылыстар мен тарихи кезеңдерді бейнелейтін рухани кеңістік. Осындай мәдени дәстүрдің ең жарқын көріністерінің бірі – айтыс өнері.

Айтыс – қазақ халқының рухани өміріндегі аса құнды мұра. Бұл өнер ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, халықтың дүниетанымын, философиялық ойлауын, тіл байлығы мен ақындық шеберлігін танытып келеді. Бұл өнер сөзбен өрілген тартыс, суырыпсалмалықтың, тапқырлықтың, шығармашылық қуаттың көрінісі. Оның түп-тамыры халықтың бай ауыз әдебиетінде жатыр. Айтыс арқылы қазақ қоғамының әр кезеңдегі әлеуметтік өзгерістері, халықтың мұңы мен қуанышы, қоғамдық пікір мен ұлттық сана көрініс тауып отырған.

Айтыс қазақ мәдени өмірінің түрлі қырларын қамтиды:

Бәдік айтысы – ерте заманда табиғаттың зиянды әсерлерінен арылу, ауру-сырқаудан құтылу мақсатында айтылған. Мұнда ақындар өлең арқылы дұға жасап, халықтың табиғатпен үйлесімін бейнелеген.

Жар–жар айтысы – қазақтың үйлену салт-жоралғыларына байланысты қалыптасқан. Қыз бен жігіттің жаңа өмірге қадам басар сәтіндегі көңіл-күйі өлең арқылы жеткізіледі.

Мақал айтысында ақындар мақал-мәтелдерді пайдаланып, даналық сөздер арқылы сөз жарыстырады. Бұл халықтың өмірлік тәжірибесі мен даналығын көрсететін айтыс түрі.

Қыз бен жігіт айтысында махаббат, тұрмыс-тіршілік, өмірдің мәні туралы сөз қозғалады. Әзіл мен шындық астасқан бұл айтыс түрінде ақындардың тапқырлығы мен шешендігі сыналады.

Қоғамдағы айтыс елдің саяси және әлеуметтік мәселелерін талқылауға арналған. Ақындар халықтың саяси санасын қалыптастырып, қғамдағы жағдайларға баға береді.

Сөз жарысы көбіне мәдени шараларда ұйымдастырылып, ақындардың шығармашылық қабілетін сынайтын өнер сайысы ретінде өтеді.

Ал, күй айтысы қазақтың күй өнерімен байланысты. Мұнда ақындар күйдің мәні мен маңызы туралы өлеңдер шығарып, күйші мен ақын арасындағы байланыс көрсетіледі. Бұл айтыс түрі қазақтың музыкалық мәдениетін паш етіп, күйдің халықтың рухани өміріндегі орнын айқындайды.

Айтыстың қоғамдық мәні мен бүгінгі даму бағыты туралы айтыс өнерінің белгілі өкілі Айтақын Бұлғақовпен аз-кем тілдескен едік. Оның айтуынша, айтыс – тек екі ақынның сөз сайысы ғана емес, тұтас халықтың рухани қазынасы.

– Айтыс – екі адамның арасындағы сөз барымтасы сияқты көрінгенімен, шын мәнінде ол халықтың үлкен рухани мұрасы. Ол ауыз әдебиетінің әлімсақтан келе жатқан жыр дастан, терме толғаулармен ұштасып жатқан төл өнері. Айтыста тек қарсыласты мұқату ғана емес, елдің әлеуметтік мәселесі қозғалады, бары мен жоғы, жетістігі мен кемістігі айтылады. Тарихқа көз жүгіртсек, Жанақтың Рүстем төреге айтқанын, Бақтыбай мен Сүйінбайдың Тезек төреге айтқанын қарасаңыз, дала демократиясының айқын көрінісін көресіздер. Кеңестік кезеңде айтыс өнері біраз уақыт көлеңкеде қалып, кейін 80 жылдардың ортасында қайта жандана бастады.

1984 жылдан бастап 2000 жылдарға дейін айтыс ерекше дамыды. Қонысбай, Әселхан, Әсия сияқты халық ақындары, сондай-ақ Көкен Шәкеев, Манап Көкенов, Көпбай Омаров, Әбікен Сарыбай секілді тұлғалар айтыстың іргесін бекітіп, шынайы мектебін қалыптастырды, – дейді Айтақын Бұлғақов.

Ақынның пікірінше, бүгінгі айтыс өнерінде айтуды қажет ететін кейбір мәселелер де жоқ емес.

– Қазір кей айтыстар қойылымға ұқсап бара жатқандай көрінеді. Таза суырыпсалмалық азайып, тіпті айналдырған үш-төрт мақамның төңірегіне түсіп қалды. Ақындарға техникалық шеберлік қана емес, рухани биіктік, мәдениет пен ішкі ұстаным қажет. Әрине, барлығына топырақ шашудан аулақпын, жүйрік ақындар жетерлік. Дегенмен де, бүгінгі айтыстар шынайылыққа, мейірімге шөлдеп тұрған сияқты көрінеді. Айтыс өнерінде сын мәдениеті де маңызды. Сол себепті, Айтыс одағынынң жанынан Сын бөлімі ашылса дұрыс болар еді деп ойлаймын. Ақындарды деңгейіне қарай топтастырып, жүйелі іріктеу керек. Сонда өнердің сапасы да артады.

Жалпы, айтыс – кең даланың театры ғой. Айтыста ақын халықты күлдіре білуі керек, күлдіре отырып, қоғамдағы өткір мәселелермен жылата да білуі керек. Ол мәселелерді астарлап жеткізу – нағыз ақынның шеберлігі. Бойына сіңіре білген адамға айтыс тұтас бір әлем. Оның шынайылығын сақтап, рухани биігін жоғалтпау – бүгінгі күнгі міндетіміз, – деп түйіндеді ақын.

199
16.03.2026