Қожа Ахмет Яссауи мен оның шәкірті Сүлеймен Бақырғанидың қолжазбалар жинағы
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қожа Ахмет Яссауи (1103-1166) және оның ізбасары Сүлеймен Бақырғани (1091-1186) еңбектерінің қолжазбалар жинағы сақтаулы. Барлық қолжазбалар ортағасырлық түркі (шағатай) тілінде жазылған және шамамен 1400 беттен тұрады. Бұл коллекция ортағасырлық түркі әдебиетінің теңдесі жоқ жәдігерлерін қамтиды. Ясауитанушылардың бағалауынша, мұндай үлгідегі қолжазбалар әлемде сирек кездеседі.
Жинақта түркі әлемінің тарихы, мәдениеті, әдебиеті және этнографиясы туралы маңызды мәліметтер бар. Ясауи мен оның шәкірттерінің деректік мұрасын жинақтау түркі халықтарының рухани мәдениетінің дамуына, сондай-ақ түркі тілінің және әдебиетінің өркендеуіне зор ықпал етті. Коллекция құрамына Қ. А. Яссауидің «Рисала» («Мират-ул-кулуб») (XVI-XVII ғғ.), «Насабнама» (Шежіре) (1687-1688), «Диуани Хикмет» (1834) және «Хикмат Хазрати» (XVIII ғ.) қолжазбалары, сондай-ақ Сүлеймен Бақырғанидың «Хикмат Хазрет Сұлтан әл Ғарифин» (XVI ғ.) еңбегі кіреді.




«Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының деректік мұрасы
Деректік мұра Қазақстан Республикасының екі архивінде – Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде (ОММ) және кино, фото және дыбыс жазбалары мемлекеттік архивінде сақталған құжаттар кешенінен тұрады. Бұл құжаттар ядролық сынақтардың қоршаған ортаға және Қазақстан халқының генофондына орасан зиян келтірген Семей полигонын жабуға бағытталған «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының (ХАД) қызметін қамтиды.
«Невада-Семей» қозғалысы 1989 жылы бұрынғы КСРО аумағында құрылған алғашқы антиядролық үкіметтік емес ұйым болды. Оның басты мақсаты – Қазақстан аумағындағы барлық ядролық полигондарды жабу, өндірістік қалдықтар бойынша қоғамдық бақылау орнату, экологиялық картасын жасау еді. Қозғалыстың Жарғысы, ұйымдастырушылық құрылымы және мәдени символикасы бар.
1949 жылдың тамызынан бастап 40 жылдан аса уақыт бойы Қазақстан даласы ядролық жарылыстарды сынау орталығына, уран өңдеу нүктелеріне және радиоактивті қалдықтарды көму орындарына айналды. Ғалымдардың деректеріне сәйкес, Қазақстандағы ядролық жарылыстардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 45 мың есе жоғары. Ұзақ жылдар бойы радиацияның әсерінен 2,6 миллионға жуық адам генетикалық мутацияның құрбаны болды.
Қозғалыс төмендегі мәселелерді күн тәртібіне шығарды:
«Невада–Семей» қозғалысы ядролық қауіптің жаһандық қатерін түсінуге және оған қарсы күрестің маңызын ұғындыруға үлкен ықпал етті. Ол әлемдік қауымдастықтан кең қолдау тауып, жаһандық экологиялық проблемаларды шешуде маңызды тарихи факторға айналды.

Арал теңізіне қатысты архивтік құжаттар
Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде сақталған Арал теңізіне қатысты архив қорын таңдаудың негізгі критерийлері – оның бірегейлігі және жаһандық экологиялық жағдай контекстіндегі маңыздылығы. Арал теңізі мен оған іргелес жатқан Орта Азия мен Қазақстан аумақтарының экологиялық мәселелері әлемдегі ең ірі техногендік апаттардың бірі ретінде танылған.
Амудария мен Сырдария өзендерінің суын күріш және мақта алқаптарын суаруға шамадан тыс пайдалану теңіз деңгейінің күрт төмендеуіне, климаттың өзгеруіне, тұзды дауылдардың пайда болуына әкелді. Соның салдарынан өңірдің флорасы мен фаунасы жойылып, балық шаруашылығы құлдырады, халықтың денсаулығы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайына ауыр әсер етті. Қазіргі таңда тұзды дауылдар мен климаттың өзгеруі әлемдік экологияға да кері ықпалын тигізгені дәлелденген.
Бұл тек нақты бір аймақтың мәселесі емес, халықаралық деңгейдегі ортақ проблема болғандықтан, әлем ғалымдары мен қоғам қайраткерлері теңізді қалпына келтіру жолдарын іздестіруде. Архивтік құжаттар – аймақтың экологиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңғыртуға бағытталған ғылыми және қолданбалы зерттеулер үшін бірден-бір құнды дереккөз.
