«Қазақы түп-тамырым – тек өткенім емес, ол – менің өмірлік қуатым»: этноблогер Лия Берген дәстүр, төл болмыс және Мәскеудегі өмірі жайлы

«Қазақы түп-тамырым – тек өткенім емес, ол – менің өмірлік қуатым»: этноблогер Лия Берген дәстүр, төл болмыс және Мәскеудегі өмірі жайлы

Мәскеуде тұрып жатқан Лия Берген күн сайын қазақ мәдениеті туралы әңгімелеп, стереотиптерді бұзып, мыңдаған оқырмандарына ұлтымыздың дәстүрі мен ғұрпының терең мағынасын қайта ашып жүр. Этноблогер бұл сұхбатында жеке болмысын іздеу жолымен бөлісіп, ұлттық киім мен әшекей бұйымдарды дұрыс тағудың маңызын түсіндіреді. Сондай-ақ Instagram арқылы түп-тамырға деген құрметті қалай қайтаруға болатынын баяндайды.

Сіз өзіңізді этноблогермін деп таныстырасыз. Бұл ұғым Сіз үшін нені білдіреді? Өз тарихыңыздағы басты этникалық тамырларды қалай анықтар едіңіз?
– Мен үшін этноблогер – жай ғана қазақтың дәстүрі мен ғұрпын көпшілікке көрсететін адам емес. Бұл – заманауи әлемде мәдениет пен тарихты сақтай алатын қабілет. Мен әрдайым түп-тамырыма, Отаныма деген жақындықты жүрегіммен сезініп келемін. Мәскеуде өмір сүріп жүрсем де, Қазақстанды өзіммен бірге ала жүремін. Метроға ұлттық киім киіп шығамын, жастарға салт-дәстүрімізді түсіндіремін. Бұл мен үшін жай ғана блог жүргізу емес – бұл жаныммен сезінетін іс.

Этникалық тақырып пен блог жүргізуді қатар алып жүру туралы шешімге қалай келдіңіз? Дәстүрлермен ашық бөлісуге не түрткі болды?
– Бәрі табиғи жолмен басталды. Мәскеуге қоныс аударған соң, мен блог жүргізгім келді, бірақ Отаныммен байланысымды жоғалтқым келмеді. Уақыт өте шетелдіктердің қазақ мәдениетіне, салт-дәстүріне және біздің бірлігімізге деген қызығушылығын байқай бастадым. Бұл мені өз аудиторияммен ұлттық контентпен бөлісуге шабыттандырды.

Сіздің бір жазбаңызда: «Мен – Мәскеуге көшіп барған қазақ қызы болсам да, жаныммен кең далаға, дәстүрге берікпін» деп жаздыңыз. Жаңа ортаға бейімделу мен мәдени тамырды сақтаудың бұл үйлесімі қалай өтті?
– Әрине, Мәскеуге алғаш келгенде, бәрі бейтаныс әрі жаңа болды. Бірақ жаңа ортаға бейімделу өзіңді, түбіріңді ұмыту дегенді білдірмейді. Қазақ мәдениеті – менің ішкі компасым. Қай елде болсам да, ол мені өз болмысымды жоғалтпауға жетелейді.

Ұлттық мәдениетті басқа форматтарда да жеткізуді жоспарлайсыз ба – кітап, деректі фильм, офлайн іс-шаралар сияқты?
– Қазір блогыма көбірек көңіл бөліп жүрмін. Бірақ оқырмандар тарапынан қызығушылық артса, мен бұл бағытта жаңа жобаларға толыққанды кірісер едім.

Ресми түрде немесе азаматтық жобалар арқылы мәдени саясатқа әсер етуді қалайсыз ба?
– Мақсат ретінде қойып отырған жоқпын. Бірақ егер менің блогым бір үлкен істің бөлшегіне айналып, жастарды шабыттандырып, азаматтық қоғамға әсер ете алатын болса – мен, әрине, ұлттық тарих пен мәдениетті танытатын жобаларға белсенді араласар едім.

Сіз жуырда тұрмысқа шықпақшысыз. Халықаралық некеде дәстүрді сақтау жағын қалай жоспарлап отырсыз? Жақындарыңыз бұл шешімді қалай қабылдады?
– Мен үшін дәстүрді сақтау маңызды. Қазақ пен татар халықтарының салтында ортақтық көп. Екі жақтың да отбасы бұл шешімімізді жылы қабылдады әрі құрметпен қарады.

Этноблогерлік жолыңызда өзіңіз туралы қандай үш маңызды түсінік алдыңыз?
– Біріншіден, менің болмысым – менің күшім. Дәстүр – менің тірегім және дауысым. Халқымның мәдениетіне тереңірек бойлаған сайын, өзімді жақсырақ түсіне түсемін. Бұл мен үшін жай ғана тренд емес – менің мәдениетке деген махаббатымның мәні барған сайын тереңдей түсуде.

Сіздің аудиторияңыз кімдер?
– Негізгі аудиториям – 70%-ға жуығы қазақстандықтар, бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Сонымен қатар, Орталық Азия елдерінен де оқырмандар бар. Бірақ менің мақсатым – шетелдік аудиторияға да қазақ мәдениетін таныту. Болашақта блогымды ағылшын тілінде де жүргізуді жоспарлап отырмын.

Сіздің блогыңыздың мақсаты мен миссиясы қандай?
– Мен қазақ қызы болудың қазіргі заманда қаншалықты маңызды, қызықты әрі көркем екенін көрсеткім келеді. Мен өз замандастарымның өз тамырына ұялатын емес, керісінше, мақтан тұтып, оны тіл, мәдениет, әзіл мен стиль арқылы көрсеткенін қалаймын. Менің блогым – болмысты жоғалтпай, жеңіл де заманауи түрде ұлттық мәдениетті сақтаудың үлгісі.

87
05.08.2025