
Жастайынан өнерге бет бұрып, талантымен танылып жүрген жеткіншектер аз емес. Солардың бірі – Нұрәлім Шалқарұлы. Он жасар домбырашы ерекше музыкалық есту қабілетімен ұстазын таңғалдырып, небәрі екі жылдың ішінде Грекия сахнасында топ жарды. Әлеуметтік желіде құрдастарына үлгі болып, өнер майталмандарының ақ батасын алған жас дарын бізбен болашаққа деген арман-мақсатын бөлісті.
– Нұрәлім, қолыңа алғаш домбыраны кім ұстатты?
– Мені домбыра үйірмесіне алғаш рет анам жаздырды. Бастапқыда ол менің телефонға көп үңілмей, бос уақытымды пайдалы іске арнағанымды қалады. Біраз уақыттан кейін ұстазым анама: «Мұндай оқушыны алғаш рет көріп тұрмын. Нұрәлімнің есту қабілеті өте жақсы, бір сабақтың өзінде бір күйді тез меңгеріп алады», – деді. Осы сөзден кейін домбыраға шындап ден қоя бастадым. Қазір домбырамен айналысып жүргеніме небәрі екі жыл болды. Осы уақыт ішінде көптеген байқауға қатысып, халықаралық сахналарда ел намысын қорғап жүрмін.
– Балалардың домбыраға деген қызығушылығын қалай оятуға болады деп ойлайсың?
– Менің ойымша, домбыра үйрену адамның тұлға болып қалыптасуына, ой-өрісінің кеңеюіне көп ықпал етеді. Мен күй шерткенде үлкендер риза болып, батасын беріп, қалтама ақша салып жатады. Сондықтан домбыра ұстаған бала ешқашан құр қалмайды. Балалардың қызығушылығын арттыру үшін әлеуметтік желілерге әдемі бейнероликтер жариялап, түрлі елдердің сахнасында өнер көрсету керек деп ойлаймын. Өз өнерімізбен үлгі көрсете білсек, кез келген баланың домбыра үйренуге деген құлшынысы арта түсетіні сөзсіз.
– Өзің сүйіп орындайтын күйің қандай?
– Менің сүйіп орындайтын күйім – «Алаш аманаты». Оның әуені де, мағынасы да маған ерекше ұнайды. Осы күйді орындаған кезде барымды салып, жүрегімдегі жылы сезімді тыңдарманға жеткізуге тырысамын.
– Жақында Грекияда өткен «WaveIdeas.Greece» фестиваліне қатысып, бірінші орынды иелендің. Өнер көрсеткен кезде көрермендер күйді қалай қабылдады? Есіңде қалған ерекше бір сәт болды ма?
– Шетелдік көрермендердің ұлттық аспабымыз бен күй өнеріне деген қызығушылығы маған ерекше әсер етті. Әсіресе, «Науысқы» күйін орындаған сәт есімде қалды. Күй тартып отырғанымда қазылар алқасының мүшелері қолыма мұқият қарап, саусақтарымның қимылын күлімсірей қайталады. Бұл сәт есімде мәңгі сақталады. Концерттен кейін көрермендер жаныма келіп, қос ішекті аспаптан осындай әсем әуен шығатынына таңғалғандарын айтты.
– Халықаралық байқауларға дайындық қалай өтеді?
– Жауапкершілігі зор болғандықтан, күн сайын үзбей дайындаламын. Ұстазыммен бірге де, үйде өз бетімше де жаттығамын. Шынымды айтсам, сахнаға шығар алдында аздап қобалжимын. Бірақ домбыраны қолыма алғаннан кейін бар назарым күйге ауады.
– Әлеуметтік желіде өнеріңді көріп, домбыра үйренгісі келетін балалар көбейіп келеді. Осындай пікірлерді оқығанда қандай сезімде боласың?
– Қатты қуанамын. Кейде ата-аналар: «Сенің өнеріңді көргеннен кейін баламыз домбыра үйрене бастады», – деп пікір жазып жатады. Мұндай сөздерді оқығанда өзімді өте бақытты сезінемін. Өнерімнің басқа балаларға үлгі болып, домбыраны насихаттауға септігін тигізіп жатқаны – мен үшін үлкен мәртебе. Осындай ақ тілектер мен шынайы пікірлер мені жігерлендіріп, одан әрі көп еңбектенуге ынталандырады.
– Танымал өнер адамдарының батасын алдың. Бұл саған қалай әсер етті? Есіңде қалған сөзі бар ма?
– Мен үшін өнер адамдарының батасын алу – зор мәртебе. Сол сәттегі сезімімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Секен Тұрысбековтен бата алғаныма ерекше қуандым. Ол – әкемнің сүйіп тыңдайтын «Көңіл толқыны» күйінің авторы. Ал Фаррух Закировтың ақ батасын алғанда ата-анам қатты қуанды. Олардың қуанышын көру мен үшін де үлкен бақыт болды. Ата-анам үнемі үлкендердің батасы адамға күш беріп, жолын ашады деп айтып отырады. Сондықтан маған үміт артқан жандардың сенімін ақтап, жақсы азамат болып өсуге және көп еңбектенуге тырысамын.
– Болашаққа қандай арманың бар? Қай жерде өнер көрсеткің келеді?
– Болашақта табысты кәсіпкер болғым келеді. Бірақ домбыраны ешқашан тастамаймын. Қай елге барсам да, қазақтың күйін бірге алып жүремін. Ұлттық күй өнерін шетелге кеңінен танытқым келеді. Тағы бір үлкен арманым – бір күні Димаш ағамен бір сахнада өнер көрсету. Бұл мен үшін үлкен бақыт болар еді.