Ою-өрнек – ұлт болмысының көркем таңбасы

Ою-өрнек – ұлт болмысының көркем таңбасы

Қазақ оюына зер салсақ, оның жай ғана өрнек емес, ұлт жанының көркем көрінісі екенін аңғарамыз. Әр сызығы мен иірімі – ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар даналығы мен эстетикалық талғамының таңбасы. Тасқа қашалып, киізге ойылып, шапанға өрілген ою-өрнектер халқымыздың тарихын, мінез-құлқын және дүниетанымын сақтап қалған рухани код іспетті. Бұл кодта көшпелі өмір салтының ізі, табиғатқа деген терең құрмет, әлеммен үндестік туралы түсінік, сондай-ақ сұлулықтың күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігі ретінде қабылдануы айқын көрініс табады. Сондықтан ою-өрнек жай сәндік элемент қана емес, өткенді танып-білуге мүмкіндік беретін маңызды мәдени белгі саналады.

Қазақ дәстүріндегі ою-өрнек – тек бейне мен пішіннің жиынтығы емес, өзіндік мағынасы бар символдар тілі. Ол адамның ойлау жүйесі мен таным әрекетінің көрінісі ретінде қалыптасқан. Адам қоршаған ортаны бақылап, маңызды белгілерін саралай отырып, байқаған құбылыстарын көркем бейнелерге айналдырған. Ою-өрнектің дамуы халқымыздың этникалық және мәдени тарихымен тығыз байланысты. Қазақ даласын мекендеген тайпалар табиғат құбылыстарын, жан-жануарлар мен өсімдік дүниесін бейнелей отырып, терең символдық мәнге ие өрнектер жүйесін қалыптастырды. Уақыт өте келе бұл өрнектер жетіліп, ұлттық нақыштағы дәстүрлі өнерге айналды.

Ою-өрнек әрдайым адам өмірінің ажырамас бөлігі болды. Ол балалық шақтан бастап тұрмыста, киім үлгілерінде, салт-дәстүрлерде, үй жиһаздары мен әшекей бұйымдарда көрініс тауып, тұтас мәдени кеңістікті қалыптастырды.

Археологиялық зерттеулерге сүйенсек, алғашқы ою элементтері б.з.д. VII–III ғасырлардағы сақ, ғұн және түркі тайпаларының мәдени мұраларында кездеседі. Ою-өрнек қолөнер бұйымдарын, киім-кешек пен жауынгерлік құрал-жабдықтарды безендіруде кеңінен қолданылған. Бұл тұрғыда ол тек сәндік қызмет атқарып қана қоймай, күш-қайрат, төзімділік, руды қорғау және дәстүрге деген құрмет сияқты дала өркениетіне тән құндылықтардың нышанына айналды. Көшпелі халық үшін жол үстінде өзімен бірге алып жүрген бұйымдар жеке болмысының жалғасы саналғандықтан, олардың көркемдік безендірілуіне айрықша мән берілген.

Орта ғасырларда, әсіресе Қарахан және Алтын Орда дәуірінде, ою-өрнек сәулет өнерінде кеңінен қолданылды. Кесенелер мен мешіттерді, қыш және тас бедерлерін безендіруде геометриялық және өсімдік тектес өрнектер басым болды. Ислам мәдениетінің ықпалымен ою-өрнектің мазмұны терең рухани сипат алып, бейнелеу тілі ықшамдалып, символдық мәні арта түсті. Сәулет өнеріндегі ою-өрнек қасиетті кеңістіктің ажырамас бөлігіне айналып, тәртіп, үйлесім, сұлулық пен руханият туралы дүниетанымдық түсініктерді бейнеледі. Бұл кезеңде дәстүрлі ұлттық нақыштар жойылып кеткен жоқ, керісінше, жаңаша пайымдалып, жаңа көркемдік жүйе аясында дамыды. Мұның өзі ою-өрнек мәдениетінің тарихи сабақтастығы мен өміршеңдігін айқын көрсетеді.

ХІХ–ХХ ғасырларда қазақ ою-өрнектері тұрмыстық және сәндік-қолданбалы өнердің басты элементіне айналды. Мәселен, қошқармүйіз оюы киіз үй жабдықтарында, тұмарша әйелдер әшекейінде, ал сынықмүйіз кілем өрнектерінде кеңінен қолданылды. Әрбір өрнек белгілі бір өңірдің, әлеуметтік ортаның немесе әулеттің ерекшелігін айқындап отырды. Ою-өрнек дәстүрі тек шеберліктің көрсеткіші ғана емес, ұрпақтан ұрпаққа білім мен танымды, дүниетаным мен рухани құндылықтарды жеткізетін тірі тіл қызметін атқарды. Әр бейне арқылы адам әлемді танып, отбасы мен ата-баба мұрасын санасында сақтады.

Қазіргі кезеңде ою-өрнек элементтері ұлттық бренд қалыптастыру мен сәндік мәдениеттің маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Дәстүрлі оюлар сән индустриясында, интерьер дизайнында және цифрлық графикада кеңінен қолданылуда. Бүгінде ою-өрнек заманауи форматта принттерде, логотиптерде, орамалдарда және қалалық кеңістікте жиі кездеседі. Мазмұнына, қолданылу аясына және пішіндік ерекшеліктеріне қарай ою-өрнектер бірнеше топқа бөлінеді. Солардың ішінде кең таралған түрлері – қошқармүйіз, өркеш, тұмарша, құс қанаты, қазмойын.

Қошқармүйіз – ежелгі сақ пен ғұн дәуірінен бастау алатын, қазақ ою-өрнегіндегі ең көне әрі кең таралған нақыштардың бірі. Оның шығу тегі көшпелі мал шаруашылығымен тығыз байланысты. Өйткені дәстүрлі қоғамда отбасының әл-ауқаты мен амандығы мал басының сақталуымен өлшенген. Мүйіз бейнесіне құрылған бұл өрнек молшылық пен берекенің, отбасы бірлігі мен өмірдің тұрақтылығының символына айналды. Қошқармүйіз оюы киіз үй жабдықтарында, ер адамдардың киім үлгілерінде және зергерлік бұйымдарда жиі қолданылып, бақ-береке мен бейбіт өмірге деген тілекті білдірген.

Өркеш оюы – түйенің өркеш бейнесінен туындаған дәстүрлі өрнек. Оның қалыптасуы көшпелі өмір салтымен тығыз сабақтас. Ежелден бұл ою сабыр мен төзімділіктің, күш-қайрат пен берекенің нышаны ретінде қабылданған. Өркеш өрнегі көбінесе түйе жүнінен тоқылған бұйымдарда, киіз үй жабдықтарында (текемет, сырмақ, алаша), сондай-ақ ер адамдарға арналған киімдер мен белдіктерде кеңінен қолданылған.

Тұмарша оюының шығу тегі ежелгі түркі және сақ дәуірлерінен бастау алады. Археологиялық деректер мен зергерлік бұйымдарда үшбұрыш пішінді тұмарлар мен осыған ұқсас ою үлгілері жиі кездеседі. Бұл өрнек көбіне әйелдердің киім-кешегінде, сәукеле мен кимешекте, білезік, бойтұмар сияқты әшекей бұйымдарда, сондай-ақ киізден жасалған тұрмыстық заттарда қолданылған. Тұмарша – рухани қорғаныш пен игіліктің нышаны. Алайда қасиетті мағынаға ие бұл оюды кез келген жерде пайдалану дәстүрге сай келмейді. Мәселен, аяқ астына төселетін бұйымдарға (текемет, сырмақ, төсеніш) тұмарша оюын салу дұрыс саналмаған. Мұндай тыйымдар ою-өрнекке деген терең құрмет пен оның мән-маңызын айқындайды.

Құс қанаты оюы – еркіндік пен асқақ рухтың символы. Ежелгі сақ және түркі тайпаларының дүниетанымында құс бейнесі аспан мен жерді жалғаушы, рух еркіндігін білдіретін киелі ұғым ретінде қабылданған. Бұл өрнек көбінесе киім-кешек пен әшекей бұйымдарда, әсіресе қыз-келіншектердің бас киімдерінде, камзол мен сәукеледе кеңінен қолданылған. Құс қанаты оюы адамның арман-тілегінің шексіздігін, ізгілік пен үмітке деген сенімін бейнелейді.

Қазмойын оюы – сұлулық пен нәзіктікті бейнелейтін дәстүрлі өрнек. Этимологиялық тұрғыдан «қазмойын» атауы қаздың ұзын әрі иіліп тұрған мойын бейнесінен туындаған. Оюдың пішіні құстың иілген мойын сызығын еске түсіреді. Оның шығу тегі ежелгі түркі дәуірі мен аң стилі кезеңінен бастау алады. Табиғатпен етене өмір сүрген қазақ халқы қаздың сыртқы келбетін көркем символға айналдырып, оны тұрмыстық және сәндік-қолданбалы бұйымдарда кеңінен пайдаланған. Қазмойын оюы көбіне әйелдерге арналған киім үлгілерінде, зергерлік әшекейлерде, сәндік кестелер мен көркем бұйымдарда қолданылады.

Осылайша, ғасырлар бойы қалыптасқан әрбір ою-өрнек түрі өзіндік мазмұн мен мәнге ие болып, халқымыздың дүниетанымын, эстетикалық талғамын және өмір салтын айшықтайды. Қазақ оюлары – ұлттық мәдени болмысымыздың тереңдігін танытатын теңдессіз өнер мұрасы. Қазіргі уақытта бұл өрнектер өз түп-тамырын сақтай отырып, заман талабына сай жаңғырып, ұлттық сананың үзілмес тінін, ұрпақтар сабақтастығын айқын көрсетіп келеді.

225
22.01.2026