Ұлы дәстүр мен суретшіге құрмет ретінде қойылған балет-феерия: «Астана Опера» сахнасында – «Ұйқыдағы ару»

Ұлы дәстүр мен суретшіге құрмет ретінде қойылған балет-феерия: «Астана Опера» сахнасында – «Ұйқыдағы ару»

20–21 маусым күндері елордада өтетін халықаралық «Опералия» музыка фестивалі аясында «Астана Опера» театры көрерменге Петр Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінің жаңа қойылымын ұсынады. Бұл әлем балетінің алтын қорынан орын алған туынды ғана емес, қазақ сахнасы үшін мәдени діңгекке айналар көркемдік құбылыс.

Қойылым ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен сахналанып отыр. Спектакльдің жаңа редакциясын театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова әзірледі. Ол «Ұйқыдағы арумен» өзінің кәсіби жолын тығыз байланыстыратын, балет өнерін өмірінің өзегіне айналдырған тұлға. Жас кезінде бұл спектакльдегі басты партияларды Мариин театрында өзі орындаған Асылмұратова енді сол шығармашылыққа хореограф ретінде оралып, классикалық мектептің нәзік өрнегін сақтай отырып, оны бүгінгі заманмен үндестіруге ниет етіп отыр.

— Бұл балет – классикалық өнердің інжу-маржаны. Мұнда Петипаның қозғалыс поэзиясы мен Чайковскийдің терең музыкалығы жарасым тапқан. Менің мақсатым – оны жаңадан құрастыру емес, авторлар айтар ойын дәл жеткізу. Қойылымды ширатып, ықшамдай отырып, ішкі мазмұны мен көркемдік негізін жоғалтпауға ұмтылдым, — дейді Асылмұратова.

Қоюшы топ құрамында Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский мен тәжірибелі хореограф Елена Шерстнева бар. Олар бұған дейін аталмыш балеттің бірнеше нұсқасына қатысқан: Константин Сергеевтің редакциясынан бастап, Сергей Вихаревтің жетекшілігімен дайындалған Петипа нұсқасының қалпына келтірілуіне дейін.

Қойылымның музыкалық жетекшісі – белгілі дирижёр Арман Оразғалиев. Сахналық бейнелеу жұмыстары халықаралық шығармашылық топқа сеніп тапсырылған. Бас сценограф – Риккардо Массирони, жарық суретшісі – Якопо Пантани. Ал спектакльге көрік берген көркем костюмдер – әйгілі «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапиноның эскиздері негізінде жасалған. Үш құрамға арналған 400-ге жуық костюмді тігуге 15-тен астам шебер жұмылдырылған.

Қойылымға ерекше рухани астар беріп тұрған тағы бір жайт – оның әйгілі сценограф Эцио Фриджерионың жарқын бейнесіне арналуы. Ол – театрдың досы әрі репертуардағы көптеген спектакльдің авторы. «Ұйқыдағы ару» оның соңғы жобасы болуы тиіс еді. Эскиздері көзі тірісінде мақұлданып, жобаны аяқтау ісін әріптесі Риккардо Массирони жалғастырған.

— Эцио мен Франка салған көркем тынысты жоғалтпай, олардың ой-өрісін, сезімін сол күйінде сақтап жеткізу – біздің басты мақсатымыз болды. Бұл қойылым – ұлы шеберге деген шексіз алғысымыз, — деді театрдың көркемдік-өндірістік жұмыстар жөніндегі директорының орынбасары Вальтер Караре.

Басты партияларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мадина Өнербаева (Аврора ханшайым) мен Бахтияр Адамжан (Дезире ханзада) орындайды. Екінші кеште осы рөлдерді Шұғыла Әдепхан мен Еркін Рахматуллаев сомдайды.

Алғаш рет 1890 жылы Мариин театрында сахналанған «Ұйқыдағы ару» – ғасырдан астам уақыт бойы балет өнерінің биік өлшемі болып келе жатқан туынды. «Астана Операдағы» жаңа қойылым – жақсылық пен сұлулықтың, махаббат пен үміттің мәңгілік жырындай, көрермен жүрегін ғасырлық ұйқыдан оятар сахналық ғажайып болмақ.


56
17.06.2025