
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі 92-концерттік маусымын Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік кешпен қорытындылады.
Бір ғасырға жуық тарихы бар ұжым үшін бұл концерттің мәні ерекше. Өйткені домбыра, күй, халық әні және қазақстандық композиторлардың шығармалары – оркестр репертуарының ғана емес, тұтас ұлттық музыкалық мәдениеттің өзегі.
Қорытынды кеште халық күйлері мен әндері, сондай-ақ қазақ композиторларының ұлттық музыка мәдениетінің алтын қорына енген шығармалары орындалды. Концертке Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Нұрғалым Аманбай, Жайна Бауыржанқызы, Нұрсұлтан Өтеген және Сабира Бибатырова қатысты.
Оркестрге бас дирижер, «Құрмет» орденінің кавалері Абылай Тлепберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жексен Айсын және халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Нарын Қажғали дирижерлік етті.
92-маусым оркестр үшін мазмұнды әрі ауқымды кезең болды. Маусым ішінде ұжым 110 концерт ұсынып, 30 мыңнан астам көрерменді қамтыды. Бұл – ұлттық музыкалық мұраны сақтау, дамыту және кеңінен насихаттау бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Маусым бағдарламасы қазақ мәдениетінің тарихындағы айтулы тұлғалар мен маңызды мерейтойларға арналды. Соның бірі – Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай әлемі» концерті. Бұл кеште оркестр ұлы ойшылдың рухани мұрасын музыка тілімен жеткізді.
Ірі жобалардың қатарында «Оркестр түні» авторлық концерті, Алматы қаласы күніне арналған «Асыл мұра» бағдарламасы, Республика күніне орай өткен мерекелік концерттер, сондай-ақ күй өнеріне арналған «Күй – Тәңірдің күбірі» кеші бар. Бұл бағдарламалар арқылы оркестр дәстүрлі музыканың көркемдік қуатын, күйдің тереңдігін, халық әнінің нәзіктігін және қазақстандық композиторлар шығармаларының бай болмысын танытты.
Маусымда мерейтойлық концерттерге де ерекше мән берілді. Оркестр күйші Омархан Керімқұловтың 90 жылдығына, Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына, Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына және Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған жеке бағдарламалар ұсынды. «Жамбылдың жыры, Динаның күйі» концертінде қазақ өнерінің екі үлкен арнасы – жыр мен күй, сөз бен саз сабақтастығы айқын көрініс тапты.
Сондай-ақ қазақстандық композиторлар шығармаларына арналған концерт өтті. Бағдарлама Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 120 жылдығына, Ермек Серкебаев пен Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығына, Кеңес Дүйсекеев пен Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына, сондай-ақ Ілия Жақановтың 90 жылдығына арналды. Мұндай концерттер отандық музыка тарихының бүгінгі сахнада да өзектілігін жоғалтпағанын көрсетеді.
92-концерттік маусым гастрольдік сапарлармен де ерекшеленді. Ұжым үш республикалық гастроль өткізіп, Батыс Қазақстан, Қостанай және Жетісу облыстарының көрермендері алдында өнер көрсетті. 2025 жылғы желтоқсанда концерттер Орал қаласында, Жаңақала, Қазталов, Бөкей ордасы, Бөрлі аудандарында және Бөрлі ауылында өтті. 2026 жылғы мамырда «Халық әуені» жобасы аясында оркестр Лисаков, Жітіқара және Сарыкөлде өнер көрсетті. Маусым айында «Ұлттық оркестр Талдықорғанда» бағдарламасы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ұсынылды.
Бұл сапарлар ұлттық музыканы өңірлердегі тыңдарманға жақындатуға мүмкіндік берді. Оркестрдің әр өңірдегі концерті көрермен үшін маңызды мәдени оқиғаға айналып, қазақтың халық аспаптары өнерінің кең тынысын танытты.
Маусымның халықаралық бағыты да мазмұнды болды. 2026 жылғы 1 сәуірде оркестр Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының ашылуына арналған гала-концертте Бейжің сахнасында өнер көрсетті. Маусым айының басында ұжым Анкарада өткен «Ахмет Жұбанов және түркі дүниесінің музыкалық мұрасы» халықаралық конференциясы аясында «Әуенге айналған өмір» концертін ұсынды.
Осылайша, Құрманғазы атындағы оркестрдің 92-концерттік маусымы Алматыдан Қазақстан өңірлеріне, Бейжіңнен Анкараға дейін жалғасқан үлкен шығармашылық жол болды. Маусым аясында мерейтойлық арнаулар, жаңа бағдарламалар, гастрольдік сапарлар, халықаралық концерттер және мыңдаған тыңдарманды қамтыған ауқымды жұмыс атқарылды.
Ұлттық домбыра күніне арналған қорытынды концерт осы маусымның мәнді түйіні болды. Ол домбыраның ұлттық мәдениеттің басты символдарының бірі екенін, ал Құрманғазы атындағы оркестрдің сол өнерді сақтап, дамытып, жаңа буынға жеткізіп келе жатқан жетекші ұжым екенін тағы бір мәрте көрсетті.