
Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан зергерлік өнерді заман талабына сай дамытып жүрген Зият Берікұлы ұлттық әшекейлердің мән-мағынасы, тәрбиелік және қорғаныштық сипаты туралы айтып берді. Ол ата-бабасынан мирас болған кәсіпті жалғастырып қана қоймай, оның қыр-сырын жас ұрпаққа үйретуді азаматтық парызы санайды.
– Зият мырза, «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасына қатысуыңызға не түрткі болды?
– Мақсатым – ата-бабадан аманат болып қалған зергерлік өнерді сақтау, оны заман талабына сай дамытып, келесі ұрпаққа жеткізу. Мен – төртінші буын зергермін. Бұл өнер біздің отбасымызда бірнеше буын бойы үзілмей жалғасып келеді. Әкем мен атамнан тәлім алып, зергерліктің қыр-сырын меңгердім. Сондықтан осы мұраны жалғастыру мен үшін жай ғана кәсіп емес, үлкен жауапкершілік әрі азаматтық парыз.
Бүгінде ұлттық қолөнерді жастар арасында кеңінен насихаттап, олардың қазақтың зергерлік өнеріне деген қызығушылығын арттыруды маңызды міндет деп білемін. Өйткені зергерлік бұйымдардың әрбір өрнегі мен оюында халқымыздың тарихы, дүниетанымы мен рухани құндылықтары көрініс тапқан. Сол себепті бұл өнерді төл болмысын сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізу – басты мақсатым.
Сонымен қатар дәстүрлі зергерлік өнерді заманауи технологиялармен үйлестіріп, жаңа мүмкіндіктерді пайдаланғым келеді. Заманауи құралдар мен инновациялық тәсілдерді енгізу арқылы қазақ зергерлігінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оны халықаралық деңгейде танытуға үлес қосуды көздеймін. Бұл жоба тәжірибемді жетілдіруге, ұлттық өнерді жаңаша дамытуға және оның өміршеңдігін сақтауға мүмкіндік береді деп сенемін.
– Осы жоба арқылы халыққа қандай ой жеткізгіңіз келеді?
– Ұлттық қолөнердің тек өткеннен қалған мұра емес, бүгінгі қоғам үшін де өзекті, болашақ үшін де құнды рухани әрі мәдени байлық екенін көрсеткім келді. Жастардың ұлттық мәдениетке, ата-баба мұрасына деген қызығушылығын арттырып, қолөнер арқылы олардың ұлттық болмысын, тарихи санасы мен рухани құндылықтарын нығайтуға өз үлесімді қоссам деймін. Өйткені ұлттық қолөнер халқымыздың тарихын, дүниетанымын және өмір салтын ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді.
Егер ертең менің шәкірттерім осы өнерді лайықты жалғастырып, өз шеберханаларын ашып, жаңа туындылар жасап, қазақтың зергерлік өнерін халықаралық деңгейде танытып жатса, бұл мен үшін ең үлкен жетістік әрі ұстаз ретіндегі зор мақтаныш болар еді.
– Қазақ халқында зергерлік бұйымдар жамандықтан қорғайды деген түсінік болған. Осы жөнінде айтып өтсеңіз.
– Иә, қазақ халқында зергерлік бұйымдар тек сәндік мақсатта ғана қолданылмаған. Олар халықтың дүниетанымы мен наным-сенімінен туындаған терең рухани, тәрбиелік және қорғаныштық мәнге ие болған. Ата-бабаларымыз күмісті тазалықтың, пәктіктің және жақсылықтың нышаны деп қабылдап, оның адам денсаулығына пайдалы қасиеті бар деп сенген.
Сондай-ақ бойтұмар, тұмарша және түрлі қорғаныштық әшекейлер адамды тіл-көзден, жаман күштерден сақтайды деген ұғым болған. Сәбилерге тағылатын күміс қоңыраулардың, шашбаулар мен өзге де әшекейлердің сыңғыры жамандықты үркітеді деп есептелген. Мұндай бұйымдар баланы қорғаумен қатар, оның ұлттық салт-дәстүрді құрметтеп өсуіне де ықпал еткен.
Осының барлығы қазақтың зергерлік өнері тек эстетикалық құндылыққа емес, халқымыздың рухани дүниесіне, өмірлік философиясы мен мәдени танымына негізделгенін көрсетеді.
– Әшекей түрлері мен олардың мағынасына тоқталып өтсеңіз.
– Зергерлік бұйымдар тек сәндік мақсатта жасалмаған. Олардың әрқайсысының өзіндік мәні, символдық мағынасы, тәрбиелік және рухани қызметі болған.
Мәселен, сырға қыз баланың нәзіктігі мен сұлулығының белгісі болса, жүзік пен сақина сыйластықтың, адалдықтың және берік уәденің нышаны саналған. Білезік әйел адамның ажарын аша түсумен қатар, күмістен жасалғандықтан тазалық пен қорғаныштың белгісі ретінде бағаланған.
Ал шолпы мен шашбау қыздың көркін келтіріп қана қоймай, оның жүріс-тұрысының жинақы, әдебі мен мінезінің ибалы болуына ықпал етеді деп есептелген. Тұмарша мен бойтұмар секілді бұйымдар адамды тіл-көзден, жамандықтан қорғайды деген сеніммен тағылып, халқымыздың рухани дүниетанымының бір бөлшегіне айналған.
Осындай әрбір әшекейдің астарында халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік тәжірибесі, наным-сенімі мен мәдени құндылықтары жатыр.
– Қазіргі таңда ұлттық қолөнерді дамыту үшін не қажет деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, жастардың ұлттық қолөнерге деген қызығушылығын арттыру қажет деп есептеймін. Ол үшін қолөнердің құндылығын кеңінен насихаттап, мектептер мен жоғары оқу орындарында осы бағыттағы білім беру бағдарламаларын жетілдіру маңызды. Сонымен қатар тәжірибелік шеберлік сабақтарын, көрмелер мен шығармашылық жобаларды жиі ұйымдастыру қажет.
Бұдан бөлек, қазақтың ұлттық қолөнерін халықаралық көрмелерде, фестивальдерде және онлайн платформаларда кеңінен таныстырып, оны креативті индустрияның маңызды бағыты ретінде дамыту керек. Осылайша ұлттық мұрамыздың құндылығы артып, қазақ қолөнері әлемдік деңгейде сұранысқа ие болады деп ойлаймын.