
Жүз жыл – тарихтың үлкен бір белесі. Алайда театр тарихы тек уақыт өлшемімен ғана бағаланбайды. Ол – ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани байлық, қазақтың дәстүрі мен өнерінің айнасы.
1926 жылы Қызылорда қаласында алғаш рет шымылдығын ашқан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ғасырлық тарихында көптеген ұлы тұлғаларды тәрбиелеп, қазақ театрының кәсіби деңгейін әлемдік биікке көтерді.
Театрдың 100 жылдығын атап өту – тек өткенге көз жүгіртіп, жеткен жетістіктерімізді саралау ғана емес, бүгінгі күннің сын-қатерлеріне жауап беріп, алдағы уақытқа шығармашылық жоспарлар мен жаңа идеяларды ұсыну. Театр ұжымы бұл мерейтойды жаңа тыныспен, жаңа көзқараспен қарсы алып отыр.
Осы атаулы күнге орай біз театрдың келешегі мен қазіргі шығармашылық бағыты, оның ерекшеліктері мен мәдени миссиясы туралы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жанмұханбетпен сұхбаттасып, ой-пікірін тыңдадық.
– Театрдың 100 жылдығы аясында көрерменге жеткізгіңіз келетін басты ой қандай?
– 100 жыл – бұл жай ғана уақыт межесі емес, ұлттың мәдени жадында орныққан тұтас дәуір. Бұл – қазақтың тұңғыш кәсіби театрының драматургиялық ізденістері мен актерлік мектептерінің, сахна тілі мен көркемдік ойдың қалыптасу жолы. Сондықтан біз бұл мерейтойды өткенді мадақтайтын салтанат ретінде емес, театрдың эстетикалық бағдарын, шығармашылық жауапкершілігін және қоғамдық миссиясын саналы түрде қайта пайымдайтын маңызды кезең ретінде қабылдаймыз. ХХІ ғасырдағы технологиялық жетістіктер мен мәдени сананың өзгерісін ескере отырып, бүгінгі басты мақсатымыз – дәстүр мен жаңашылдық арасындағы тепе-теңдікті сақтау.
– Театрдың іргесі Қызылордада қаланып, шымылдығы «Еңлік-Кебекпен» ашылғаны белгілі. Осы бастау театрдың рухын, бағытын бүгінге дейін қалай қалыптастырып келеді?
– Қазақ кәсіби театрының іргетасы Қызылордада қаланып, шымылдығы «Еңлік-Кебекпен» ашылды. Бұл оқиға ұлттық театрдың рухани әрі эстетикалық бағытын айқындаған маңызды тарихи кезең болды. Алғашқы қойылым ретінде Қ. Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы қойылғанымен, театртану ғылымында қазақ кәсіби театрының шымылдығы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясымен ашылған деген тұжырым орныққан.
Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясы көркемдік тұтастығы мен драматургиялық құрылымының кемелдігі арқылы ұлттық театр сахнасының эстетикалық өлшемін айқындады. Шығарма қоғамдық сана, рулық қатынастар, адам еркіндігі мен моральдық жауапкершілік мәселелерін терең пайымдауға мүмкіндік беріп, қазақ театрының көркемдік миссиясын жоғары деңгейде белгілеп берді.
Мұхтар Әуезов қазақ кәсіби театрының қалыптасу кезеңінде театрмен тікелей шығармашылық байланыста болып, әдеби-драма бөлімінде қызмет атқарды. Оның еңбегі ұлттық театр репертуарының көркемдік деңгейін көтеріп, драматургиялық саясаттың қалыптасуына ықпал етті. Әуезовтің шығармашылық тәжірибесі ұлттық сахна өнерінің идеялық-эстетикалық бағытын жүйелеуге мүмкіндік берді. Сондықтан оның тұлғасы – тек тарихи есім ғана емес, қазақ театрының кәсіби, көркемдік және интеллектуалдық іргетасын қалыптастырған маңызды мәдени феномен ретінде бағаланады. Ал «Еңлік-Кебек» қойылымы театрдың эстетикалық манифесіне айналды.
– Жүз жылдық жылнамаға көз салсақ, театрдың ең айтулы жетістіктері қай тұста көрінеді? Ұлттық драматургия, актерлік мектеп, репертуар немесе мәдени ықпал...
– Театрдың бір ғасырлық жолындағы жетістіктері бірнеше маңызды қабаттан тұрады. Ең әуелі ұлттық драматургияны қалыптастыру және оны кәсіби сахналық жүйеге айналдыру – театрдың басты табыстарының бірі. Театр қазақ драматургиясының институционалдық негізін қалап, әдеби мәтіндерді сахналық құрылымға бейімдеу тәжірибесін қалыптастырды. Бұл үдеріс актерлік орындаушылық мәдениет пен режиссерлік интерпретация арқылы орнықты.
Сонымен қатар, актерлік мектеп – театр жетістігінің екінші маңызды тірегі. Мұнда ұлттық болмысқа негізделген орындаушылық дәстүр мен сахналық ойлау жүйесі қалыптасты.
Репертуарлық саясат та театрдың тарихи маңызын айқындайтын өзекті бағыттардың бірі. Театр классикалық мұраны сақтай отырып, заманауи драматургиямен де жүйелі жұмыс жүргізді. Репертуардағы осы тепе-теңдік театрдың эстетикалық тұрақтылығын, көркемдік батылдығын және үздіксіз дамуға ұмтылысын көрсетті.
Ал мәдени кеңістіктегі ықпал – аталған үш бағыттың заңды нәтижесі. Театр ұлттық өзін-өзі тану үдерісіне серпін беріп, қоғамдық санаға әсер етті. Ол мәдени талғам мен көркемдік нормаларды қалыптастырып, өзге шығармашылық ұжымдарға бағдар болар деңгейге көтерілді.
– 100 жылдық мерейтойға арналған бағдарламаны дайындау кезінде өткенге тағзым мен ертеңге бағдар қалай үйлесті?
– Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдық мерейтойы – ұлттық өнердің дамуының жарқын айғағы. Театр өткен ғасырдан жалғасқан рухани миссиясын сақтай отырып, бүгінгі көрерменге жаңа көзқарас пен заманауи шығармашылық бағыт ұсынып келеді.
Қара шаңырақ театрымыздың іргесін қалаған Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Құрманбек Жандарбеков, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Қажымұқан Мұңайтпасов сынды ұлт алыптарының маңдай тері мен асқақ армандарынан бастау алған бұл жолды қазақ театрының «самұрық ғұмыры» деуге болады. Осы тарихи жауапкершілікке сай, біз де осы айтулы межеге лайықты іс-шаралар ұйымдастырып, қазақ театрының ғасырлық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтуге бар күшімізді салудамыз.
Биылғы маусымда театр репертуарындағы классикалық туындылар жаңаша оқылымда ұсынылып, халықаралық гастрольдер арқылы ұлт театрының шығармашылық әлеуеті кең аудиторияға таныстырылды. Сонымен қатар, 2025 жылдың қараша айында өткен «Ғасырға басқан қадам» атты салтанатты қойылым театрдың бай тарихы мен ғасырлық белесін айшықтайтын айтулы мәдени оқиғаға айналды.
Театрдың туған күні – 13 қаңтарда «Тұңғыш ұлт театрына 100 жыл: дәстүр, жаңашылдық және көркемдік трансформация» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Бұл басқосу бір ғасырлық ұлттық театр өнерінің рухани-эстетикалық эволюциясын саралап, оның алдағы даму бағдарын талқылауға арналған маңызды ғылыми алаңға болды. Конференция жұмысына Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстанның өнертанушы ғалымдары мен отандық жетекші мамандар қатысып, барлығы 15 ғалымның баяндамасы тыңдалды. Қазіргі уақытта осы ғылыми еңбектер негізінде арнайы жинақ әзірленіп, оны жарыққа шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, өнер ордасының тарихын, театр тұлғаларын және сахна өнерінің даму кезеңдерін кең көлемде зерделеп, насихаттауға арналған үш іргелі кітап-жоба дайындалып, баспаларға тапсырылды.
– Театр ғимараты жаңғыртудан өткеннен кейін жаңарған сахна мен техникалық мүмкіндіктер шығармашылыққа қандай мүмкіндік береді және сахна тіліне қалай әсер етеді?
– Реконструкцияны біз тек ғимаратты жаңарту деп қарастырмаймыз. Бұл – театрдың ішкі шығармашылық логикасын жаңаша құруға берілген мүмкіндік. Ең алдымен, сахна кеңістігімен жұмыс істеу еркіндігі артады. Театр дайын спектакльдер көрсететін орыннан ой мен форма қатар дамитын жанды шығармашылық ортаға айналады.
Сонымен бірге көрерменмен қарым-қатынас та жаңа деңгейге көтеріледі. Қоғамдық кеңістіктер театр өмірінің жалғасына айналып, мәдени диалог орнатуға мүмкіндік береді.
Біздің ұстанымымыз – театрдың генетикалық кодын сақтай отырып, әдеби және сахна тілінің бүгінгі қоғаммен табиғи диалогқа түсу жолдарын табу. Біз дәстүрден бас тартпай, оны заманауи қабылдау формаларына бейімдеуді мақсат етеміз. Алдағы қойылымдарда классикалық мәтіндердің ырғағы мен пластикасын қазіргі көрерменнің қабылдауына лайықтап ұсынуға ерекше мән береміз.
Театрда пәнаралық шығармашылық командалармен жұмыс істеу, жас режиссерлер мен актерлерді тәрбиелеу, заманауи қазақ драматургиясын қолдау – алдағы кезеңнің негізгі бағыттарының бірі.
– Алдағы жылдары театрдың негізгі басым бағыттары қандай?
– Бүгінгі таңда театрдың басты міндеті – жылдам өзгеріп жатқан қоғамда адамға ойланатын уақыт пен мағына кеңістігін қайтару. Алдағы жылдары театр репертуары жалғыздық, таңдау, жауапкершілік, тарихи жад пен жеке адамның қарым-қатынасы секілді өмірдің ең өзекті, бірақ дабырасыз тақырыптарына назар аударады. Біз көрерменді таң қалдыруды емес, терең ойға жетелейтін қойылымдар ұсынуды мақсат етеміз.
Екінші маңызды бағыт – театр ішіндегі тәртіп пен кәсіби этиканы нығайту. Театр әр актер мен режиссер үшін уақытша жоба емес, тұрақты шығармашылық орта болуы тиіс. Сондықтан біз ұзақ мерзімді жоспарлауға, ансамбльдік принципке және репертуарлық сабақтастыққа қайта ораламыз.
Сонымен бірге театрдың есігі әрдайым ашық болуы керек. Қоғаммен байланыс билетпен ғана шектелмей, ашық репетициялар, шығармашылық кездесулер және сахна сыртындағы әңгімелер арқылы театрды қала өмірінің тірі бөлігіне айналдырғымыз келеді.
Қоғамдық және тарихи мәселелерді сахнада көтерумен қатар, театр форумдар, дөңгелек үстелдер мен ашық талқылаулар арқылы ой-пікір алмасудың маңызды алаңына айналуды көздейді. Халықаралық байланыс бағытында да біз өз болмысымызды сақтай отырып, басқа мәдениеттермен тең дәрежеде сұхбат құруға ұмтыламыз. Театрдың екінші ғасыры – сенім мен салмақты даму кезеңі болмақ.