
Елі үшін атқа қонған патшайымның қайсарлығы мен ұлын жоқтаған ана жүрегінің нәзіктігін би тілімен қатар өрнектеу оңай емес. 26 қарашада «Астана Опера» театрында әлемдік премьерасы өткен «Томирис» ұлттық балетіне кейіпкер болмысының осы екі қыры арқау болған. Хамит Шаңғалиевтің музыкасына Сұлтанбек Ғұмар қойған балет Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен сахналанған қойылымның алғашқы кешінде көрермен қошеметі ұзаққа дейін басылмады.
Қазақ балетінің алғашқы ұлттық қойылымдары өткен ғасырдың отызыншы жылдарының соңында сахнаға шықты. Содан бергі тоқсан жылға жуық уақытта академиялық хореография халық биінің қимыл өрнегімен, симфониялық музыка күй сарынымен үндескен төл репертуар қалыптасты. Хореографтардың әр буыны ұлттық болмысты сахнада танытудың өз жолын іздеді. Бүгінде сол ізденісті жалғап жүрген жас буынның бір өкілі – Сұлтанбек Ғұмар.
Би миниатюрасынан тарихи балетке дейін
Ғұмардың хореограф ретіндегі қолтаңбасы «Астана Опера» театрында Алтынай Асылмұратованың жетекшілігімен қалыптасты. Оның осы сахнадағы алғашқы қойылымы – 2024 жылы «ХасСақ» этнофольклорлық ансамблінің әуеніне қойған «Рух» композициясы. Кейін бұл туынды Мәскеудегі Үлкен театрдың тарихи сахнасында да орындалды.
«Рухтан» кейін «Той бастар», «Аралым», «Кемел адам», «Аңсау» би композициялары дүниеге келді. Ғұмар Ақтоты Райымқұлованың музыкасына «Мәңгүрт» (Mankurt), Хамит Шаңғалиевтің музыкасына «Әлем» композицияларын қойды. Хореографтың бір актілі тұңғыш балеті «Мәңгіліктің төрт сыры» да Шаңғалиев екеуінің бірлескен еңбегінен туды.
Уақыт өте келе жас хореографтың туындылары шетелдегі балет мамандарының да назарына ілікті. Ғұмар «Достастық дебюттері» мемлекетаралық сыйлығының лауреаты атанды. Қытайдың Ляонин провинциясында өткен балет әртістерінің халықаралық байқауында үздік хореографиясы үшін марапатталды. Ел ішінде Critics Awards VII ұлттық сыйлығының «Жаңа есім» аталымында жеңіске жетті. Ал Санкт-Петербургтегі «Жас хореограф» фестивалінде Борис Эйфман оның «Мәңгүрт» миниатюрасын жоғары бағалады.
«Томирис» осы шығармашылық жолдың жаңа белесі болды. Шағын туындыларында Ғұмар жекелеген бейнелер мен көңіл күйлерге ден қойып, соларға лайық би өрнегін іздеген еді. Енді оның алдында тұтас бір тарихи оқиғаны сахнада өрбітіп, кейіпкерлердің мінезі мен жан арпалысын би арқылы жеткізу міндеті тұрды.
Ел тағдыры мен ана қасіреті
Массагет патшайымының тағдыры бұған дейін де кескіндемеге, кино мен операға арқау болған. Балеттің талабы бөлек. Мұнда кейіпкердің неліктен дәл осындай қадамға барғанын сөзсіз ұғындыру керек. Оның мінезін көрермен би қимылынан, әуеннің иірімінен, сахнадағы өзге кейіпкерлермен қарым-қатынасынан таниды.
Ермек Аманшаев жазған либреттода оқиға біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда дала төсінде өтеді. Кир бастаған парсы қолы массагеттердің жеріне басып кіріп, елдің бейбіт тірлігін бұзады. Оқиға Томирис, оның ұлы Спаргапис және амазонкалардың қолбасшысы Арнава төңірегінде өрбиді. Екі жұрттың қақтығысымен қатар тағдырдың ауыр сынына түскен патшайымның бас қайғысы да біртіндеп ашыла береді.
Қойылымға айрықша қуат дарытқан тұстардың бірі – көпшілік көріністері. Ер бишілердің қылыш сермеген шалт қимылынан қиян-кескі ұрыстың екпіні сезіледі. Ал қыз-келіншектердің биінен сақ дәуіріндегі жауынгер әйелдерге тән қайрат пен өрлік танылады. Ұлттық би өрнектері мұнда заманауи хореографиямен табиғи жымдасқан.
Қоюшы хореограф үшін ең қиыны Томиристің өз болмысын ашу еді. Көрермен аңызға айналған жауынгердің бойынан қорқа да, сүйе де білетін, жүрегі мейірімге толы, қайғыдан қабырғасы қайысатын адамды көруі керек. Осынша сезімді бастан кешіп тұрып, бүтін бір елдің тағдырын шешуге тиіс те – сол Томирис. Басты партияның драмалық қуаты осы ішкі арпалыстан туады.
Дала келбеті мен көне дәуір сазы
Жапон сценографы Йоко Сеяма сахнада көне даланың тұтас бір әлемін жасаған. Көрермен мұнда жаугершілік заманның көріністерімен бірге сол дәуірдегі жұрттың күнделікті тіршілігін де көреді. Томиристің киіз үйге ұқсас ордасы, шығыс көпесінің дүкені, ұстахана мен обалар оқиға өтетін ортаның кескінін айқындайды.
Дариға Тайшықова әзірлеген сахналық киімдерден әр кейіпкердің қай жұрттан екені, ел ішіндегі орны мен мінезі аңғарылады. Әсіресе Томиристің киімдеріне айрықша мән берілген. Перзентіне мейірін төгіп, алаңсыз күн кешкен шағы, қара жамылған күндері, бойына қайта қайрат жиып, жеңіске жеткен сәті – патшайым тағдырының әр белесі үстіндегі киімінен де танылады.
Балетте Хамит Шаңғалиевтің партитурасы да үлкен жүк көтереді. Сақ дәуірінің тынысын жеткізер үн іздеген композитор халық сазы мен еуропалық симфония дәстүрінің аясынан кеңірек өріс қарастырған. Ол қазақ даласына тән әуезді бүгінгі музыка өрнектерімен ұштастырды. Соның арқасында хореограф сыршыл көріністердің нәзіктігін де, кең құлашты шайқас сахналарының екпінін де би тілімен жеткізе алған.
Балет музыкасын әзірлеуге музыкалық редактор әрі әрлеуші Әлібек Әлпиев те атсалысты. Композитор мен хореограф дайындықтың басынан аяғына дейін әр көріністің сазы мен биін қатар өріп отырған. Сахнада әуен мен қимылдың бірін-бірі жалғап, оқиғаны бірге өрбітетіні де содан.
Екі балеринаның Томирисі
Премьераның алғашқы кешінде басты партияны София Әділханова орындады. Оның Томирисі – қайсар билеуші, айбынды жауынгер. Балерина осы қасиеттерді кейіпкерінің терең толғаныстары арқылы ашты. Бұл қойылымда ол бұған дейін де бірге еңбек еткен Сұлтанбек Ғұмармен шығармашылық серіктестігін жалғастырды.
– Сұлтанбек Ғұмармен алғаш рет жұмыс істеп отырған жоқпын. Бұған дейін оның «Мәңгіліктің төрт сыры» ұлттық балетінде де, басқа да хореографиялық композицияларында да биледім. Сондықтан оның мәнері маған жақсы таныс. Томиристі сахнада қалай көргісі келетінін, менен не күтетінін іштей сездім. Кейіпкерімнің жан дүниесін түсінуге балеттің әсем де әсерлі музыкасы көп көмектесті. Меніңше, дайындықтың өзі де, би де, әрине, музыка да театрымыздың әр әртісіне үлкен қуаныш сыйлады, – деді София Әділханова.
Спаргапис партиясын орындаған Досхан Зәйдін жас жауынгердің қызуқанды, албырт мінезін дәл танытты. Парсы патшасы Кирді Айдан Қалжан, Арнаваны Алина Зырянова, Рустам баһадүрді Жақсылық Сауқымбеков, Мартуды Лимара Айдарова сомдады.
Премьераның екінші кешінде, 27 қарашада, көрермен бұл кейіпкерлерді өзге әртістердің орындауында көреді. Басты партияны Торғын Лебен билейді. Спаргаписті Ислам Қайыпбай, Кирді Жақсылық Сауқымбеков, Рустам баһадүрді Амир Хван сомдайды. Арнава партиясында Лимара Айдарова, Марту партиясында Амина Кисембаева сахнаға шығады.
Қойылымның алғашқы күннен екі құрамда сахналануы әр бишінің өз қолтаңбасымен оны байыта түсуіне жол ашады. Бір би өрнегінің өзі орындаушының мінезіне, сезімді жеткізу мәнеріне қарай өзгеше реңк алады. Томирис тұлғасының да әр балеринаның орындауында жаңа қыры ашылады.
Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай елордада сахналанған ұлттық балеттен өнердегі ұрпақ сабақтастығы да көрінеді. Қойылымды жасағандардың дені – отандық өнердің жаңа буыны. Сұлтанбек Ғұмар, Хамит Шаңғалиев, Әлібек Әлпиев пен Дариға Тайшықова ел тарихын бүгінгі өнер тілімен баяндап, аға буыннан жеткен дәстүрді жалғап, оның өрісін кеңейтіп отыр.
«Томиристің» сахнадағы ғұмыры енді ғана басталды. Алда оны талай көрермен тамашалап, талай биші осы бейнелерді өзінше сомдамақ. Алғашқы қойылымның өзінен-ақ қазақ балетінің бүгінгі бір бағдары айқын көрінді. Ел тарихы осы заманның балет репертуарынан өз орнын табар төл туындыларға арқау болып отыр.