
Қолжазбалар – ұлт тарихының куәгері әрі рухани қазынасы. Реставратор мамандар әр параққа жан бітіріп, осы көне кітаптардың мәдени және тарихи құндылығын сақтауда, оны келер ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарады. Ұлттық жадымызды жаңғыртып, мәдени мұрамыздың мәңгілік сақталуына қызмет ететін мамандық иелері туралы Жансерік Бейсенқұловпен сұхбаттастық. Ол – Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығының реставрация және консервация бөлімінің бас сарапшысы. Әңгімемізге көне қолжазбалар мен сирек кітаптарды сақтаудың маңызы, реставратор мамандығының қыр-сыры, сондай-ақ ұлттық мұраны келер ұрпаққа жеткізудегі жауапты еңбектің ерекшеліктері арқау болды.

– Жансерік Ахметділдәұлы, қолжазбалар ұлт тарихын сақтауда қандай рөл атқарады?
– Қолжазбалар мен көне кітаптардың ұлт тарихын сақтаудағы орны айрықша. Олар қағазға түскен қарапайым ақпарат қана емес, халқымыздың сан ғасырлық шежіресін, рухани байлығын, мәдени болмысын бойына сіңірген қастерлі мұра. Әрбір қолжазба – өз дәуірінің тынысын жеткізетін, сол заманның үнсіз сырын сақтаған тарихи куә. Осы асыл қазыналарды зерттеп, терең зерделеп, көпшілікке ұсыну арқылы ұлттық жадымызды жаңғыртып, бай тарихымыз бен тағылымды өткелдерімізді келер ұрпаққа айқын жеткізе аламыз.
– Сіз бұл мамандыққа қалай келдіңіз?
– Реставратор болуыма жастайымнан тарихқа деген қызығушылығым, кітапқа жақындығым және бала кезден сурет салуға әуестігім әсер етті. Бұл мамандық көне кітаптарды зерттеумен ғана шектелмейді, оларды қайта қалпына келтіру арқылы шығармашылық ізденісті талап етеді. Әрбір кітапқа жан бітіріп, оның сан ғасырлық ізін жаңғырту – нәзік талғам мен терең ойды қажет ететін жауапты жұмыс. Осы қырларын тереңірек таныған сайын мамандыққа деген қызығушылығым арта түсті.
– Реставратор болу үшін қайда оқу керек? Біздің елде оларды даярлайтын оқу орындары бар ма?
– Қазір елімізде кітап реставрациясы бойынша мамандарды жүйелі түрде даярлайтын жоғары оқу орындары жоқ. Дегенмен, қысқа мерзімді курстар бар. Мәселен, Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада осындай курстар өткізіледі. Сонымен қатар біздің мекемеде архив қызметкерлері мен жеке тұлғаларға арналған «Кітап реставрациясы және консервациясы» атты оқу курсы бар. Білімімізді жетілдіру мақсатында шетелдік курстарға да қатысамыз. Түркия, Ресей Федерациясы, Армения, Иран секілді елдерде ірі оқу орталықтары жұмыс істейді. Сол орталықтардан біліктілігімізді арттыруға ұмтыламыз. Мүмкіндік болған сайын басқа елдердегі тәжірибемен де танысуға тырысамыз.

– Бұл сала мамандарынан қандай дағдылар талап етіледі?
– Бұл салада жауапкершілікпен қатар, аса жоғары ыждаһаттылық, төзім мен сабыр қажет. Оны зергерлік өнермен салыстыруға болады. Айталық, зергер бір бұйыммен ұзақ уақыт жұмыс істеп, әрбір ұсақ бөлшекке мұқият мән берсе, кітап реставрациясы да дәл сондай ұқыптылық пен байыптылықты талап етеді. Көне кітаптармен, әсіресе қолжазбалармен жұмыс істеу олардың аса нәзік табиғатын ескеруді қажет етеді. Әрбір зақымдалған бөлікті асықпай, дәлдікпен қалпына келтіру маңызды, өйткені мұндай мұраларды жедел жөндеу мүмкін емес. Сондықтан бұл жұмыс маманнан жоғары кәсібилікті ғана емес, рухани жауапкершілікті де талап етеді.
– Қолжазбаны реставрациялау неден басталады? Бір қолжазбаға шамамен қанша уақыт кетеді?
– Процесс бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен келіп түскен кітаптар мен құжаттар арнайы дайындықтан өтеді. Алғашқы кезеңде олар бір ай бойы газбен толтырылған вакуумдық қапшыққа салынып, карантинге қойылады. Бұл өте маңызды, өйткені бізге түсетін материалдардың басым бөлігі жай ғана шаң басқан ескі кітаптар емес, жертөледе, ылғалды ортада, кейде тіпті жер астында немесе үйдің төбесінде ұзақ уақыт сақталған, жәндіктер мен зең саңырауқұлақтары зақымдаған дүниелер болуы мүмкін. Мұндай материалдармен тікелей жұмыс істеу адам денсаулығына қауіпті болғандықтан, алдымен осы қауіп көздері толық жойылады.
Карантин аяқталған соң кітап қапшықтан шығарылып, оның жалпы жағдайы қайта бағаланады. Одан кейін арнайы шаң тазалау аппаратына салынып, әрбір беті мұқият тазаланады. Егер ылғалды ортада жатқан кітаптардың беттері бір-біріне жабысып, қатайып қалғаны анықталса, оларды күшпен ажыратуға болмайды, себебі кітаптағы ақпараттың бүліну қаупі бар. Мұндай жағдайда кітап ылғалдандыру камерасына салынып, беттері жұмсартылғаннан кейін қауіпсіз түрде ажыратылады.
Осыдан кейін кітаптың блогы толықтай сөгіледі. Көне кітаптардың көпшілігі бізге тігісі тарқатылған, шашылған күйде немесе мұқабасыз келеді. Парақтар жеке-жеке бөлініп, олардың қышқылдық деңгейі өлшенеді. Қышқылдық деңгейінің өзгеруі – кітаптың тозуына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Бұл көбіне ұзақ уақыт ылғалды ортада сақталу, күн сәулесінің тікелей түсуі, ауа температурасының өзгеруі сияқты сыртқы әсерлерден болады. Мұндай өзгерістер парақтардың қоңырланып, қарайып кетуінен байқалады.
Қышқылдық деңгейін қалыпқа келтіру үшін кітап парақтары арнайы ерітіндіде жуылады. Ал, қолжазба кітаптармен жұмыс әлдеқайда күрделі. Қолжазбалардағы сия су әсерінен ағып кететіндіктен, олар жуылмайды. Мұндай жағдайда сия тимеген бөліктер арнайы құралдармен, мақта мен пинцет арқылы тазаланып, қышқылды тұрақтандыратын заттар қолданылады.
Барлық тазалау және тұрақтандыру жұмыстары аяқталған соң парақтар 2-3 күн бойы фильтрлік қағаздың үстінде арнайы кептіргіште кептіріледі. Осы кезеңге дейін атқарылған жұмыстар – реставрацияға дайындау шаралары. Тек содан кейін ғана кітап реставратор маманның қолына өтіп, негізгі реставрация процесі басталады.

– Реставрация жұмысының өзі қандай кезеңдерден тұрады?
– Алғашқы кезеңі – кітап парақтарын қалпына келтіру, яғни «өсіру» жұмысы. Көне кітаптардың басым бөлігі жыртылған, кейбір тұстары мүлде жоғалған күйде келеді. Мұндай зақымданған бөліктер арнайы жапон қағазы мен қолдан қайнатылған ұн желімінің көмегімен қалпына келтіріледі. Жапон қағазының қалыңдығы мен тығыздығы әр кітап парағының ерекшелігіне қарай таңдалады. Бұл үдерісте қайтарымдылық қағидаты қатаң сақталады. Қолданылған материалдар кейін кітапқа зиян келтірмей қайта өңдеуге мүмкіндік беруі тиіс.
Ең көп уақыт пен күш дәл осы қалпына келтіру кезеңіне жұмсалады. Кейбір парақтар өте нәзік болып, аз ғана ылғалдың немесе механикалық әсердің өзінен үгітіліп кетуі мүмкін. Сондықтан мұндай парақтар аса сақтықпен өңделеді. Сонымен қатар бұрынғы иелері жыртылған беттерді өздігінше жапсырған жағдайлар да кездеседі. Ондайда ескі қағаздар мен желімдер алынып, кітап бастапқы қалпына келтіріледі.
Қалпына келтірілген парақтар арнайы сумен өңделіп, табиғи киіздің арасында кептіріледі. Табиғи киіз ылғалды өзіне сіңіріп, парақтардың тегіс әрі дұрыс қалыпта кебуіне жағдай жасайды. Кепкен парақтар жинақталып, бастапқы өлшеміне сәйкестендіріліп түзетіледі де, дәптершелерге біріктіріледі. Кейін сол дәптершелерден кітап блогы құрастырылып, қолмен тігіледі. Тігу тәсілі кітаптың бастапқы құрылымына сәйкес таңдалады.
Реставрацияның соңғы кезеңі – мұқаба жасау. Егер кітап түпнұсқа мұқабасымен сақталған немесе аздаған зақымдары ғана болса, оған реставрациялық жөндеу жүргізіледі. Бірақ көп жағдайда кітаптар мүлде мұқабасыз келеді. Мұндай кезде арнайы былғарыдан жаңа мұқаба дайындалады.
– Ерекше есіңізде қалған жұмысыңыз жайлы айтып берсеңіз.
– Есімде ерекше сақталған жұмыстардың бірі – Абай Құнанбайұлының 1909 жылы жарық көрген шығармалар жинағы. Бұл кітапты тазартудан бастап, мұқабасын жасауға дейінгі барлық реставрациялау процесін өзім жүргіздім. Оның құндылығы – Әлихан Бөкейханұлының бастауымен Санкт-Петербургте басылып шығуында. Карантин кезеңін есептемегенде, жұмыс шамамен бір жарым айға созылды. Осы уақыт ішінде кітаптың беттері толық қалпына келтіріліп, зақымданған тұстары түзетіліп, жаңа мұқаба жасалды. Кітаптың бұрынғы иелері бірінші беттегі жыртылған жерлерді қағаз қиындыларымен жапсырған екен. Сол қағаздардың астында түпнұсқа мәтін сақталып қалған. Оларды абайлап алып, жазуды жоғалтпау және шашылған беттерді ретке келтіру жұмысына шамамен 2-3 күн уақыт кетті. Осыдан кейін кітап толық жиналып, бекітіліп, реставрациялау ісі әрі қарай жалғасты.
Тағы бір есте қалған жұмыс – Кенесары ханның Құран кітабы. Бұл қолжазба мұра болғандықтан, оны қалпына келтіру жұмысына орталықтың барлық бөлім қызметкерлері қатысты. Жалпы жұмысқа үш айға жуық уақыт жұмсалды. Әрбір бетін қалпына келтіру үлкен жауапкершілік пен ерекше мұқияттылықты талап етті. Сол кітаптың реставрациясына қатысып, куәгер болғаныма өзімді бақытты санаймын.
– Қолжазбаны қалпына келтіруде қандай қиындықтар туындауы мүмкін?
– Қолжазба кітаптарды қалпына келтіру – реставрация саласындағы ең күрделі бағыттардың бірі. Мұндай кітаптарда суға төзімсіз сия қолданылатындықтан, оларды ерітіндімен жууға болмайды. Сондықтан арнайы дайындалған сұйықтықтар арқылы ғана тазалау жүргізіледі.
Бізге келіп түсетін көптеген кітаптарда бұрынғы иелерінің өз бетінше жасаған «реставрация» іздері кездеседі. Бұл тұрмыстық тәсілмен жапсырылған түрлі химиялық желімдердің қалдықтары болып келеді. Мұндай желімдер уақыт өте қатайып, параққа мықтап жабысып қалады. Оларды ажырату өте күрделі әрі ұзақ процесс, өйткені сәл ғана қателік кетсе, кітаптың бір бөлігі қоса жыртылып кетуі мүмкін. Сол себепті қолжазба кітаптарды қалпына келтіру аса жоғары дәлдік пен үлкен сабырды талап етеді.
– Жасанды интеллект немесе цифрландыру бұл салаға қалай әсер етіп жатыр? Қолжазбаларды қалпына келтіруде заманауи технологиялар қолданыла ма?
– Цифрландыру бағыты бойынша біздің орталықта реставрациядан өткен барлық кітаптар міндетті түрде сканерленіп, электронды нұсқасы дайындалады. Бұл ең алдымен оқырмандар мен зерттеушілер үшін қажет. Себебі түпнұсқа кітаппен тікелей жұмыс жасау оның қайта зақымдануына әкелуі мүмкін. Сондықтан түпнұсқалар арнайы қорда, температурасы мен ылғалдылығы қатаң бақылауда болатын бөлмелерде сақталады.
Осыған байланысты реставрацияланған әрбір кітаптың электронды көшірмесі жасалып, пайдаланушыларға сол нұсқа ұсынылады. Ал түпнұсқа тек қорда сақталады.
Сонымен қатар заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін де қолданамыз. Мәселен, орталыққа жаңа кітап түскен кезде оның зақымдану деңгейі жан-жақты бағаланып, қандай жұмыстар жүргізілуі қажет екені анықталады. Осы кезеңде жасанды интеллекттің көмегімен зақым түрлері сараланып, бұрын қолданылған химиялық желімдерді алып тастауға қажетті ерітінділер таңдалады. Алайда реставрацияның негізгі әрі ең жауапты кезеңдері толығымен қолмен атқарылады. Бұдан бөлек, реставрация саласына қатысты ғылыми және әдістемелік әдебиеттерді зерделеу, қажетті ақпаратты жинақтау барысында да жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін пайдаланамыз