Тонаудан аман қалған алтын аю: Алматыдағы көне обадан не табылды?

Тонаудан аман қалған алтын аю: Алматыдағы көне обадан не табылды?

Бұл обаны ерте заманда-ақ тонап кеткен. Қақ ортасындағы үш метрлік шұңқыр – тонаушылардан қалған із. Қабірдегі адам сүйектері мен бірге қойылған бұйымдар араласып кеткендіктен, археологтар оның әуелгі қалпын сақталған жұрнақтарына қарап қана жобалай алады. Сол обадан алтыннан құйылған титімдей мүсін табылды. Зерттеушілер оны аюдың бейнесі деп топшылайды.

Археологтар мүсінді Алматының Наурызбай ауданындағы Қарағайлы қорымында құтқару қазбасын жүргізгенде тапқан. Обаның диаметрі 25-26 метр, биіктігі екі жарым метрдей. Ғалымдар оны әзірше біздің заманымызға дейінгі IV–III ғасырларға жатқызып отыр. Оба ішінен сақ дәуіріне тән қыш ыдыстардың сынықтары да шықты. Ал зерттеушілерді айрықша ойландырғаны – адам сүйегінің көптігі.

Мамандар мұнда төрт ересек адам мен үш бала жерленген болуы мүмкін деп болжайды. Неше адамның сүйегі жатқанын антропологтар анықтайды. Археологтардың айтуынша, сақтар көлемі осы шамалас обаларға көбіне бір не екі адамды ғана жерлеген. Ал Қарағайлыда бір обаға осынша адамды неге қойған? Бәрін бір мезгілде жерлеген бе? Олар бір-біріне кім болған? Әзірге бұл сауалдардың жауабы белгісіз.

Алтын мүсіншенің неге арналғанын табақшада сақталған ұсақ тесіктер аңғартқандай. Мамандар оны кезінде матаға не өзге материалға тігіп бекіткен бас киім әшекейі деп болжайды. Сақтардың бас киімді аңның алтын бейнесімен сәндегені бұрыннан белгілі. Мәселен, әйгілі «Алтын адамның» бас киімінің төбесіне арқар мүсіні қондырылған. Көкқайнар қорымынан ертеректе табылған барыстың шағын мүсінін де ғалымдар киім әшекейіне жатқызады.

Аю бейнесінің жөні бөлек. Алматы қаласы музейлер бірлестігінің мамандары Қазақстанда бұған дейін мұндай алтын мүсінше кездеспегенін айтады. Сондықтан бұл жолы ғалымдарды алтынның салмағынан гөрі шебердің дәл осы аңды бейнелеуі көбірек қызықтырады.

Сақ өнерінде аң-құстың орны айрықша болған. Шеберлер әшекей бұйымдарға, қару-жарақ пен киімге арқар мен бұғының, мысық тұқымдас жыртқыштардың, алуан түрлі құстың бейнесін түсірген. Еуразияның ежелгі көшпелілеріне тән «аң стилін» біз осындай туындылардан танимыз. Археологтар әр жаңа олжаны өзге өңірлерден табылған бұйымдармен салыстырып, ұқсас бейнелердің ұлан-ғайыр далаға қалай тарағанын зерделейді.

Алматылық зерттеушілер мұндай ұқсастықты Қара теңіз жағалауынан Алтайға дейінгі өңірлердің көне өнерінен іздеуге болады деп санайды. Ал әшекейді таққан адамның өзі үшін аю бейнесінің қандай мәні болды екен? Жұрт оның ел ішіндегі дәрежесін немесе қай қауымға жататынын осы белгіден таныды ма? Бәлкім, иесі оны пәле-жаладан сақтайтын тұмар тұтқан шығар. Мұны кесіп айтуға әзірге дерек аз.

Қазба аяқталғанмен, қабірдің бар сыры бірден ашыла қоймайды. Әсіресе ерте заманда тоналған обаның тарихын түгендеу қиын.

Кезінде обаны тонағандар өздері қымбат санаған дүниелерді іздеді. Бүгінгі археолог үшін сүйектің қай тұста, қалай жатқаны, қыш ыдыстың бір сынығы, алтын табақшаның титтей тесігі де қымбат дерек. Ғалымдар осындай белгілерге сүйеніп, қабірдің әуелгі қалпын жобалайды. Сол дәуірдің адамдары қалай киінгенін, қандай бұйымдарды қадір тұтқанын, марқұмдарын қандай ғұрыппен жерлегенін де біртіндеп аңғарады.

Қарағайлыда атқарылар жұмыс әлі көп. Антропологтар адам сүйектерін зерттейді. Археологтар қабірдің құрылысын анықтап, қай кезеңге жататынын нақтылайды. Қазбадан шыққан бұйымдардың әрқайсысын зерттеп, ғылыми сипаттамасын жазу да алда. Кейін сол жәдігерлердің ең құндыларын Алматы музейінде көпшілікке көрсетпек.

Осыдан екі мың жылдан астам уақыт бұрын кішкентай алтын аю әлдебір адамның киіміне тағылған әшекей болса керек. Кейін жер қойнына түсті. Обаны тонағандардың қолына ілікпей, талай ғасыр топырақ астында жатты. Енді осы мүсін көнеден үзік-үзік белгісі ғана жеткен Қарағайлының тарихын тануға сеп болмақ.

Кейде археологтың ашқан жаңалығы алақанға сыйып кетеді. Ал сол бір кішкентай бұйымға үңілген сайын көкейдегі сауал көбейе береді.

73
24.11.2026