
Сөздің көмегінсіз-ақ жүрекке жететін өнер бар. Ол адаммен қимыл, ырғақ, дене иірімі мен сезім арқылы сөйлеседі. Кейде тілмен жеткізу қиын әсерді бір ғана би қимылы тереңірек сезіндіреді. Бүгін әлем жұртшылығы дәл осындай құдіретке ие өнердің мерекесін – Халықаралық би күнін атап өтуде. Бұл күннің бишілер, хореографтар, ұстаздарға ғана емес, биді сахналық өнерден бөлек, халықтың мәдени болмысын танытатын, ерекше тіл деп білетін барша қауым үшін орны ерекше.
Қазақстан үшін би – ешқашан тек сахнадағы қойылым ғана болған емес. Ұлттық хореографияда архивке сыймайтын, музей сөресінде ғана сақталмайтын рухани құндылықтар көрініс табады. Онда көшпелі өмірдің ырғағы, халық тұрмысының әсем қимылы, салт-дәстүрдің сәні, үлкенге құрмет, ұрпақтар сабақтастығы айқын сезіледі. Би арқылы ұлттық болмыс бүгінгі көрерменге жаңа көркем тілмен жетеді. Бұл тіл жасқа да, елге де, ұлтқа да қарамайды – оны сезім арқылы түсінуге болады.
Сондықтан отандық би өнерінің дамуы репертуармен, концерттермен немесе гастрольдік сапарлармен ғана өлшенбейді. Бұл саланың артында жаңа буын әртістерін, ұстаздар мен балетмейстерлерді тәрбиелейтін тұтас кәсіби мектеп тұр. Қазақ ұлттық хореография академиясы, А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі және өзге де бейінді оқу орындары дәстүрдің үзілмей жалғасуына жол ашып келеді. Мұнда жас өнерпаздар бидің техникасын ғана емес, оның астарындағы мәдени мағынаны да таниды.
Бүгінде қазақстандық би мектебі ел ішінде де, шетелде де өз орнын нық айқындап келеді. Тек 2025 жылдың өзінде «Бірлік» би ансамблі 63 концертке қатысты. Оның ішінде Алматы, Ақтау, Астана және Париж қалаларындағы дербес концерттер бар. Ұжым өнерін шамамен 100 мың көрермен тамашалады. «Гүлдер» ансамблі 44 концерт өткізіп, телевизиялық жобалар мен байқауларға қатысты. Қазақстан Республикасының «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі 86 рет сахнаға шығып, шамамен 150 мың көрерменді қамтыды. Ал, тарихы көрнекті балетмейстер Болат Аюхановтың есімімен тығыз байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театры 2025 жылы 37 іс-шара өткізді.
Бұл ұжымның әрқайсысы қазақстандық хореографияның бүгінгі тынысын өзінше танытады. «Бірлік» ансамблі әуелден-ақ әлем халықтарының биін кәсіби деңгейде, жанды аспаптық сүйемелдеумен ұсынатын интернационалды ұжым ретінде қалыптасты. Оның репертуарында ұлттық өнер мен әлемдік мәдениет бір-біріне қарсы қойылмайды, керісінше, бір сахнада жарасымды үндестік табады. Қазақ, орыс, тәжік, өзбек, түрікмен және басқа да халықтардың билері мұнда жай ғана концерттік нөмір емес, әр халықтың мінезін, болмысын, киім үлгісі мен музыкалық өрнегін танытатын көркем дүние ретінде ұсынылады.
Ансамбльдің шығармашылық жолында 2026 жылғы наурызда «Қазақконцерт» сахнасында қойылған «Өмір-Қазына» би-пластикалық спектаклінің орны бөлек. Қазақ халқының дүниетанымы мен дәстүріне негізделген бұл қойылым адам өмірінің дүниеге келген сәтінен бақилыққа аттанғанға дейінгі жолын бейнелейді. Мұнда би салттың сыртқы көрінісін ғана көрсетпейді. Ол өмірдің мәні, ұрпақ жады, уақыттың тоқтаусыз ағысы туралы терең ойға жетелейді. Қойылымдағы Күн мен Ай бейнелері де тегін алынбаған. Әрбір қимыл бабалар үнінің жалғасындай әсер қалдырады.
Ансамбльдің шетел сахналарындағы өнері де қазақстандық хореографияның әлеммен еркін тілдесе алатынын көрсетеді. 2025 жылы ұжым Парижде дербес концерт берді, Армения мен Ресей Федерациясында өткен Қазақстанның мәдениет күндеріне қатысты. 2026 жылғы ақпанда Қатарда еліміздің өнерін таныстырды. Мұндай сапарлар концерттік бағдарлама ұсынумен ғана шектелмейді. Олар Қазақстанды жарқын, кәсіби әрі әлемге ашық мәдени болмыс арқылы танытады.
Осы тұрғыдан алғанда, «Бірлік» ансамблінің Халықаралық би күніне және қазақ халқының тұңғыш кәсіби бишісі, аңызға айналған өнер иесі Шара Жиенқұлованың шығармашылық мұрасына арналған алдағы концерті де айрықша мәнге ие. Шара есіміне оралу – өткенді еске алу ғана емес, ұлттық сахнаның рухани тамырына тағзым ету. Мұндай тұлғалар кешегі өнер мен бүгінгі сахнаның арасын жалғайды. Ұлы шеберлердің мұрасын ұлықтау арқылы қазіргі би өнері тереңдей түседі. Ал, жаңа буын өз жолын мықты рухани негізге сүйеніп жалғастырады.
«Гүлдер» ансамблі қазақстандық би өнерінің тағы бір маңызды қырын танытады. Бұл – елдегі жетекші хореография ұжымдардың бірі. Оның репертуарында дәстүрлі қазақ билері мен заманауи қойылымдар жарасым тапқан.
2026 жылы ұжым шығармашылық жұмысын белсенді жалғастырып келеді. Концерттер, телевизиялық түсірілімдер, шеберлік сабақтары өткізілді. Сондай-ақ Қытайға гастрольдік сапар ұйымдастырылды. Ансамбльдің 2025 жылы Малайзияда өнер көрсетуі, әртістерінің АҚШ, Грузия және басқа елдердегі жобаларға қатысуы мәдени байланыстарды нығайтып, қазақстандық орындаушылық өнердің шетелде танылуына ықпал етуде.
Қазақстандық би мектебін халықаралық байқауларда танытып жүрген әртістердің жетістігі де ерекше атап өтуге тұрарлық. «Гүлдер» ансамблінің әртісі Сания Сәкенова 2025 жылы Латвияда өткен XVIII халықаралық «Рига көктемі – 2025» хореографиялық байқауында екі алтын медаль жеңіп алып, I дәрежелі лауреат атанды және арнайы жүлдеге ие болды. Сол жылы Кутаисидегі халықаралық фестивальде алтын медальмен және I дәрежелі лауреат атағымен марапатталды. Сонымен қатар Башқұртстан Республикасында өткен «Танцевальный эксперимент» байқауында I дәрежелі лауреат атанды. Бұл – бір өнерпаздың марапаты ғана емес, отандық хореография мектебінің биік деңгейін көрсететін жетістік.
Қазақстан Республикасының «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі 2025 жылы ауқымды концерттік және ағартушылық жұмыстарымен айналысуы ұжымның кәсіби шеберлігін көрсетті. «Би керуені» жобасы аясында ұжым еліміздің өңірлерін аралап, Шымкент, Түркістан облысы, Ақтөбе, Тараз, Петропавл, Алматы және Астана қалаларында гала-концерттер ұсынды. Жобаның маңызды бөлігі ретінде шеберлік сабақтары өткізілді. Оның нәтижесінде хореография саласындағы 800-ге жуық маман сертификат алды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ансамбль құрамында жаңа «Salt Sound» фольклорлық ұжымы құрылды. Ұжымның Анкарада өткен Дүниежүзілік түркі тілдері күніне арналған халықаралық іс-шараға қатысуы ұлттық өнердің түркі әлемі мен халықаралық мәдени кеңістікте кеңінен танылуына жол ашатын маңызды қадам болды. 2026 жылы «Салтанат» ансамблі «Үздік ұлттық би ансамблі» номинациясы бойынша «Наурыз» ұлттық сыйлығын иеленді. Бұл марапат ұжымның ел мәдениетіндегі айрықша орнын тағы бір мәрте айқындады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театры Болат Аюханов есімімен сабақтас балет және хореография дәстүрін дамытып келеді. 2025 жылы театр Қазақстанда және шетелде өнер көрсетті. Санкт-Петербургте «Щелкунчик» балетін ұсынды, Көкшетау, Астана және Қарағанды қалаларында «Ромео мен Джульетта» және «Кармен-сюита» бір актілі спектакльдерін сахналады. Шымкент пен Тараз көрермендеріне «Лебединое озеро» және «Кармен-сюита» балеттерін ұсынды. Ал, «О чем молчит балет» және «Золушка» атты жаңа қойылымдар классикалық сахнаның кәсіби биігін сақтай отырып, бүгінгі көрерменмен жаңа үнде тілдесуге ұмтылатынын байқатты.
Театр әртістерінің халықаралық байқаулардағы жетістіктері де қазақстандық балеттің әлеуетін танытады. Сеулде өткен XVIII халықаралық балет байқауында әртіс Минами Ватанабе жетекші солист Асылбек Исмаилмен дуэтте өнер көрсетіп, үшінші орынға лайық деп танылды. Ал, әртіс Сымбат Мақсұт «Жыл адамы – 2025» атағына ие болып, мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін «Мәдениет майталманы» номинациясы бойынша марапатталды.
Осының бәрі қазақстандық би өнерінің бүгінгі келбетін айқын көрсетеді. Бұл – тек сақтап қоятын мұра емес. Бұл – заманмен бірге жаңарып, үздіксіз ізденіп, тәжірибе бөлісіп, елдің өнерін әлемге таныта алатын кәсіби орта.
Онда ұлттық би де, классикалық балет те, заманауи пластика да, фольклорлық сарын да, халықаралық ынтымақтастық та өз орнын тапқан.
Бүгінгі Қазақстандағы би – тек сахналық өнер ғана емес, бұл – ұлттық рух пен дәстүр сабақтастығын айшықтайтын маңызды мәдени құбылыс. Өткенді жоғалтпай, оны бүгінгі күнге жаңаша жеткізетін көркем тіл. Бұл – қазақтың болмысын айқындап, әлемге танытып жүрген рухани қазына.
Бидің басты құдіреті де, бәлкім, осында. Ол мәдениетті түсіндіріп жатпай, сезіндіреді.