
Ұлттық домбыра күніне орай «Астана Опера» театры «Басты рөлде – Домбыра» атты көрме дайындады. 4-6 шілде аралығында театр фойесінде өтетін экспозиция қазақ мәдениетінің басты нышандарының біріне арналған мерекелік бағдарламаның бір бөлігі болмақ. Көрмені осы күндері өтетін спектакльдердің көрермендері, сондай-ақ театр экскурсияларына қатысушылар тамашалай алады.
Көрменің негізгі идеясы – домбыраны тек ұлттық аспап ретінде ғана емес, толыққанды көркемдік бейне ретінде көрсету. Академиялық театрда ол сыртқы ұлттық реңк үшін ғана қолданылмайды. Домбыра дәуір тынысын, кейіпкер болмысын, сахнаның ішкі ырғағын және қойылымның қазақ музыкалық дәстүрімен байланысын жеткізуге көмектеседі.
Экспозицияда «Астана Операның» шығармашылық өмірінен бейнематериалдар мен архивтік үзінділер ұсынылады. Солар арқылы көрермендер домбыраның театрдың ұлттық репертуарындағы сахналық тілдің бір бөлшегіне қалай айналатынын көре алады. Оның үні Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай», Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара», Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс», Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу», Серікжан мен Әліби Әбдінұровтардың «Қыпшақ қызы Аппақ» операларымен тығыз байланысты.
Осы тұрғыдан алғанда, Ұлттық домбыра күні аспаптың тарихын еске алумен ғана шектелмейді. Бұл оның бүгінгі тынысын, қазіргі өнер кеңістігіндегі орнын көруге мүмкіндік беретін мереке. Домбыра әлдеқашан фольклорлық дәстүр аясынан шығып, академиялық музыкада, заманауи интерпретацияларда, халықаралық сахналарда және ұлттық интонация көркемдік шешімнің маңызды бөлігіне айналатын театрлық қойылымдарда еркін үн қатып жүр.
Әсіресе «Астана Операда» домбыраның тек репертуарда ғана емес, әртістердің жеке өмір жолында да айрықша орны бар екені назар аудартады. Бірі үшін ол – музыкаға жасалған алғашқы қадам, енді бірі үшін – отбасылық естелік, үшінші біреулер үшін – басқа өнер саласында жүрсе де үзілмеген мәдени байланыс.
Театр дирижері, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің домбырамен байланысы кәсіби сахнаға дейін, бала кезінен басталған. Ол бұл аспаптың үнін үйінде естіп өсті. Домбыраны әкесі шебер тартатын. Баласының музыкаға ықыласын алғаш байқаған да сол әкесі еді. Ол Русланды жанына отырғызып алып, домбыра шертуді үйрете бастағанда, болашақ дирижер небәрі алты жаста болатын.
Кейін осы отбасылық тәжірибе кәсіби өнер жолына ұласты. Алдымен Көкшетаудағы музыка мектебі, одан кейін Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ музыкалық мектеп-интернаты болды. Руслан Баймурзин өзінің ұстаздары ретінде Серік Сәрсенбаевты, Айтжан Тоқтағанды және Гүлперизат Ұлтарақованы ерекше атайды. Сол кісілердің арқасында домбыра ол үшін бала күнгі аспап қана емес, музыкалық қалыптасуының берік негізіне айналды.
Бүгінде ол «Астана Опера» сахнасына домбырамен шығып, шетелдік гастрольдерде ұлттық орындаушылық өнерді таныстырып жүр. Осылайша отбасынан басталған өнер жолы үлкен театр кеңістігінде жалғасын табуда.
Опера труппасының солисі Бейімбет Таңарықов үшін де домбыра туған үйімен байланысты. Бірақ оның хикаясы үлкен музыкалық отбасы туралы әңгімедей өріледі. Әкесі де, анасы да ән айтқан. Ал балалары кішкентайынан домбыра шертіп өскен. Он бауырдың ортасында өскен отбасында музыка күнделікті өмірдің табиғи бір бөлшегі болатын. Үйге қонақ келгенде, балалар міндетті түрде өнер көрсететін.
Кейін Бейімбет Таңарықов опера өнеріне келді. Бала күнінде оны Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Ришат Абдуллин, Мүсілім Абдуллин сынды ұлы орындаушылардың дауысы шабыттандырды. Алайда академиялық сахна әртісі атанса да, ол домбырадан қол үзген жоқ. Жиырма жылдық шығармашылық жолында бұл аспап үнемі жанында келеді. Біржан, Шеге, Әзім сияқты сахналық бейнелерде домбыра әртіске партияны орындап қана қоймай, кейіпкердің мінезін, ішкі әлемін және ұлттық табиғатын тереңірек жеткізуге мүмкіндік береді.
Осындай оқиғалар арқылы домбыраның театрда жай ғана сәндік деталь ретінде қабылданбайтыны айқын сезіледі. Әртістер үшін ол жеке естеліктермен, музыкадағы алғашқы сабақтармен, ата-ананың үнімен, ұстаздар тағылымымен және ұлы орындаушылардың өнерімен астасып жатыр.
Бұл тақырыптың тағы бір тосын қырын жетекші балет солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаевтың өмір жолынан көруге болады. Оның кәсіби тағдыры балетпен байланысты болғанымен, домбыраға деген махаббаты әлдеқайда ертерек – атасы Рахматулланың ықпалымен оянған. Бала кезінде ол атасының күй тартқанын тыңдап өсті. Сол үн оның санасында өмір бойы сақталып қалды.
Атасы немересінің күйші боларына сенген. Халықтық ырым бойынша, баланы аспапқа жақын болсын деп домбыраның құлағын тістететін. Тағдыр Еркін Рахматуллаевты күйшілікке емес, балет әлеміне алып келді. Бірақ домбырамен байланысы үзілген жоқ. Ол әлі күнге дейін қазақ күйлерін орындайды, әріптестері мен достары қолқа салғанда, домбыра тартып беруді мәртебе көреді. Биыл көрермендер оның талантының тағы бір қырын «Хабар» телеарнасындағы «Оян» бағдарламасында көрді. Әртіс эфирде композитор Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» күйін орындады.
Осылайша «Басты рөлде – Домбыра» көрмесі тек мұрағаттық материалдар мен сахналық мысалдардан құралмайды. Оның ар жағында адам тағдырлары, шынайы өнер хикаялары тұр. Бір жерде домбыра әкенің қолында күмбірлейді, бір жерде ән мен күйге толы үйдің төрінен орын алады, енді бір жерде күй тартқан атаның жанында отырған баланың жүрегіне жол табады. Кейін сол аспап еліміздің бас театрының сахнасына шығады.
Домбыраның мәдени нышан ретіндегі қуаты да осында. Ол өткен шақта қалып қоймайды және бір ғана жанрмен шектелмейді. Домбыра отбасылық қастерлі мұра да, күйдің үні де, опера сахнасының бір бөлігі де, гастрольдік сапардағы әртістің серігі де, ұлттық тарихи сананың айқын белгісі де бола алады.
Ұлттық домбыра күні дәстүрдің жаңа кеңістікте қайта жаңғырған өміршеңдігін еске салады. Ал «Астана Операдағы» көрме домбыраның опера мен балет кеңістігінде де табиғи үйлесім табатынын танытады.