Ауылдан Голливудқа дейін: Арман жетелеген жол

Ауылдан Голливудқа дейін: Арман жетелеген жол

IT-код пен голливудтық сценарий, алгоритмнің қатаң қисыны мен кино кадрының сиқыры – бір-бірінен алшақ жатқан екі бөлек әлем секілді. Алайда сұхбатымыздың кейіпкері үшін олар бір арнаға тоғысқан шығармашылық жолдың өзара сабақтас кезеңдері.

Режиссер, сценарист, Нью-Йорк кино өнері академиясының түлегі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Айдие Айдарбеков адам өз қалауына шын сенсе, өмір жолын да өзі өзгерте алатынын ісімен дәлелдеді. Оның тағдыры асқақ арманға бастар жолда туған жеріңнің шалғайлығы да, алғашқы таңдаған мамандығың да тосқауыл бола алмайтынын көрсетеді. Ең бастысы – жүрек қалауын жоғалтпау, алған беттен қайтпай еңбек ету және әр қадамыңа жауапкершілікпен қарау.

– Өзіңіз қай өңірдің тумасысыз? Қайда білім алдыңыз?

– Ақмола облысының Жақсы ауылында туып-өстім. Ата-анам – ұстаздар. Бала күнімнен жан-жақты болып өсуіме барынша жағдай жасағаны үшін оларға ризамын. Домбыра тарттым, үрмелі аспаптар үйірмесіне қатыстым, спортпен де айналыстым.

Менің тұлға болып қалыптасуыма «Болашақ» бағдарламасымен білім алуым айрықша әсер етті. Құжат тапсырар кезде көп адам бұл бағдарламаның іріктеуінен өту өте қиын екенін айтатын. Бірақ менің жолым болды. Америкада оқу бала күнгі үлкен арманым еді. Ата-анамның ақылымен болашағы бар, нақты мамандық таңдадым. Сөйтіп, бағдарламашы болдым. Кейін ірі компанияларда еңбек еттім.

– Бағдарламалау мен кино түсіру – бір-бірінен біршама алшақ салалар ғой. Киноға қалай келдіңіз?

– Бағдарламалау мамандығында оқып жүрген кезімде де, оқуымды аяқтап, жұмыс істей бастағаннан кейін де бір ой мені жібермейтін. Уақыт өте келе шын арманымның кино екенін анық түсіндім.

Мұның отбасыммен де байланысы бар деп ойлаймын. Ата-анам – шығармашылыққа жақын адамдар. Олар үшін шығармашылық жай әуестік емес, өмір бойғы кәсіби еңбегінің бір бөлігі болды.

Мамандықты түбегейлі өзгерткім келетінін естігенде, ата-анам қатты таңғалды. Сонда мен оларға: «Сіздердің жоспарыңызды орындадым. Енді өз жоспарымды жүзеге асырғым келеді», – дедім.

Осылайша Лос-Анджелестегі New York Film Academy-дің режиссура факультетіне оқуға түсіп, екі жыл білім алдым. Қабылдау кезінде комиссия мүшелеріне бағдарламалаудан алған білімімнің кинода да қажетке жарайтынын айттым. Өйткені монтажда, графикалық элементтермен жұмыс істегенде техникалық білімнің пайдасы көп.

Академияға барғаннан-ақ өз орнымды тапқандай күй кештім. Түсірілімге дайындық барысы да, түсірілім алаңының өзі де, үлкен топпен бірлесіп жұмыс істеу де маған ерекше ұнайтын. Сол жерде режиссура мен сценарий жазудың қыр-сырын тәжірибе жүзінде меңгеріп, актерлік шеберлік бойынша да білім алдым.

– New York Film Academy-ді тәмамдағаннан кейін Қазақстанға оралып, осында жұмыс істеуді таңдадыңыз ба? Елге келген соң қандай жобаларды жүзеге асырдыңыз?

– Иә. Шетелде алған білімім мен тәжірибемді Қазақстанға алып келдім. Елге оралған соң режиссер, сценарист, продюсер ретінде еңбек еттім. Түрлі медиажобаларға қатыстым, Freedom Production International жобасының бастауында болдым. «Балапан» телеарнасына бейнеөнімдер әзірледім, «919. Путь независимости» веб-сериалын түсірдім. Қазақстандық комикстерді халықаралық платформаларға шығаруға да атсалыстым.

Қазір кино түсірумен ғана шектелмеймін. Сценарий жазамын, болашақ мамандарға дәріс беремін. Екі жоғары оқу орнында сабақ беріп жүргеніме бес жылға жуықтады. Шәкірттерімнің арасында шетелдік кино мектептеріне оқуға түсіп, кәсіби индустрияда алғашқы қадамын жасап жатқандар бар. Бұл мен үшін өте маңызды.

Жобаларымның қатарында Рахымжан Қошқарбаев туралы «Флаги над Берлином» толықметражды фильмі бар. Бұдан бөлек, фантастика және фэнтези жанрларында бірнеше сценарий жаздым. Кейбірі әзірге өз кезегін күтіп жатыр. Себебі ауқымды идеяны экранға шығару үшін соған сай үлкен қаржы да қажет.

– Қазақстан киносының қазіргі даму мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

– Отандық кино өте қарқынды дамып келеді. Бұрын, мәселен, бір жылда бес-жеті фильм ғана жарыққа шықса, қазір кинотеатр афишасынан ай сайын үш-бес жаңа отандық фильмді көруге болады.

Қазақстан киносының мүмкіндігі зор деп ойлаймын. Жаңа буын актерлер мен режиссерлер шығып келеді. Біздің кино тек комедия, драма немесе мелодрамамен шектелмеуі керек. Фантастика мен тарихи киноны да кеңінен дамытуға болады. Әрине, мұндай жанрлар көп жағдайда әлдеқайда қомақты қаржыны талап етеді. Бірақ соған қарамастан бұл бағыттарда өсуге мүмкіндік бар.

– Арманға жетіп, өз ісінде табысқа жету үшін адамға не қажет деп ойлайсыз?

– Ең алдымен адамның өзі нені қалайтынын анық білуі керек. Арманға бірден жету міндет емес. Оған күн сайын кішкентай қадамдармен жақындайсың. Үлкен жол кейде оқылған бір кітаптан, санаңда қалған бір сабақтан немесе бүгін үйренген жаңа дағдыдан басталады. Мен Америкадағы жоғары оқу орнына түсуді армандадым және сол мақсатқа қарай жүрдім. Сондықтан үнемі оқу керек. Өзіңді болашақта қай саладан көрсең, сол бағытты терең тануға, үйренуге, ізденуге тиіссің. Ең бастысы – өз өміріңе жауапкершілік ала білу, еңбектену және қателесуден қорықпау. Сонда алынбайтын асу болмайды.

57
21.09.2026