Санат Асуат: Disney әлемінің бір бөлшегіне айналу – бала күнгі арманым

Санат Асуат: Disney әлемінің бір бөлшегіне айналу – бала күнгі арманым

Қазақстан кинотеатрларында Disney студиясының «Моана» анимациялық фильмі көрсетіліп жатыр. Туындыдағы басты кейіпкердің вокалдық партияларын қазақстандық жас әнші Санат Асуат орындады. Өткен жылы «Әзербайжан дауысы – 2025» шоуында еліміздің намысын қорғап, финалист атанған 21 жастағы өнерпаз биыл бала күнгі арманын орындап, әлемге әйгілі кейіпкердің дауыс иесі атанды.

Санат Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі, Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиеваның сыныбында білім алған. Ол бұл жоба аясында алғаш рет анимациялық кейіпкерді дыбыстады. Қайсар әрі еркіндікті сүйетін полинезиялық ханшайымның мінезі мен өмірлік ұстанымы жас әншінің болмысымен үндесіп, бұл жұмыс оның шығармашылық жолындағы ерекше белеске айналды. Осы тақырып төңірегінде Санатпен сұхбаттастық.

– Disney-дің «Моана» фильміндегі вокалдық партияны орындау туралы ұсынысты естіген сәтте ойыңызға не келді?

– Бұл ұсынысты алғаш естіген сәттегі сезімімді сөзбен жеткізудің өзі қиын. Бала күнімнен тамсана көріп, әндерін жаттап өскен сиқырлы Disney әлемінің бір бөлшегіне айналу – ең үлкен армандарымның бірі еді. Жүрегімді ерекше қуаныш кернеп, ұсынысты еш ойланбастан қабылдадым. Алайда бұл үлкен қуанышпен қатар зор жауапкершілік жүктейтінін де түсіндім. Моана – миллиондаған көрерменнің жүрегінен орын алған, рухы биік, қайсар кейіпкер. Оның әндерін қазақ тілінде орындауым көрерменге ерекше әсер сыйлады деп үміттенемін. Қобалжығанымды да жасырмаймын.

– Моана сіздің даусыңыз арқылы көрерменге жеткенде қандай сезімде болдыңыз?

– Ең алдымен, өз елімнің қолдауын сезіну мен үшін өте маңызды болды. Бұл жоба маған мол тәжірибе берді. Осындай сәтте халықтың ыстық ықыласын сезіну – үлкен қуаныш. Қайда жүрсем де, қай сахнада өнер көрсетсем де, өз елімнің мәдениеті мен өнерін дәріптеу – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Осы орайда көрермендерге және менің өнерімді бағалаған әрбір жанға алғысымды білдіргім келеді.

– Кейіпкердің қандай қасиеттерін өз бойыңыздан көресіз?

– Моананың қайсар мінезі мен арманына деген адалдығы менің бойымда да бар сияқты. Мен алдыма үлкен мақсат қойып, соған талпынып жүрген арманшыл адаммын. Кейде арманың тым алыста көрініп, көңіліңе күмән мен үрей ұялайтын сәттер болады. Сондай кезде арманыңнан бас тартпай, алға қарай қадам жасау маңызды деп ойлаймын. Моананың өз жолын іздеп, жүрегінің үнін тыңдауы маған жақын. Мен де қазір шығармашылық жолдағы өз бағытымды айқындауға талпынып жүрмін. Музыка әлемінен өз қолтаңбамды табу үшін әлі де талай белесті бағындыруым керек.

– Вокалдық партияларды жазу кезінде қандай талаптар қойылды?

– Мұндай ауқымды жобаға қатысқанда әр іске жауапкершілікпен қарау керектігін түсіндім. Disney компаниясының ішкі талаптары туралы көп айта алмаймын. Дегенмен менің негізгі міндетім вокалдық партияларды сапалы орындап, Моананың мінезі мен сезімін дәл жеткізу болды.

Дайындық барысында әр көріністің мазмұнын терең түсінуге тырыстым. Кейіпкер нені сезініп тұр, оның сол сәттегі көңіл күйі қандай – мұның бәрі орындау мәнеріне тікелей әсер етеді.

Дыбыс жазу барысында музыкалық жетекші мен дыбыс режиссері бағыт-бағдар беріп, әр көріністің мазмұнын дәл жеткізуге көмектесті. Кейбір тұстарда интонацияны немесе орындау мәнерін өзгертіп, қажетті әсерді табуға тырыстық. Жалпы, жұмыс барысы өте қызықты өтті.

– Бұл жоба несімен есіңізде қалды?

– Бұған дейін дәл осындай форматта жұмыс істеп көрмеген едім. Моананың әндерін орындау мен үшін мүлде жаңа әлемнің есігін ашты. Анимациялық кейіпкерді дауыспен сомдау – өзгеше тәжірибе. Мұнда әнді жақсы орындау ғана жеткіліксіз. Кейіпкердің ішкі толғанысын, мінезін және сол сәттегі сезімін вокал арқылы дәл жеткізу маңызды.

Осының арқасында өнерге өзге қырынан қарадым. Бұл жоба шығармашылық жолымдағы ерекше белеске айналды. Жаңа бағытта бағымды сынап, баға жетпес тәжірибе жинадым.

134
03.09.2026