Абайдан әлем әдебиетіне: Аударманың ахуалы қандай?

Абайдан әлем әдебиетіне: Аударманың ахуалы қандай?

Шығарма өзге тілге аударылғанда жаңа мәдени кеңістікке еніп, басқа оқырманмен, бөлек бейнелер жүйесімен және өзге әдеби таныммен бетпе-бет келеді. Мәтіннің кейінгі тағдыры көп жағдайда аудармашының автор үнін қаншалықты дәл ести білуіне тікелей байланысты.

Бұл құбылыс Абай мұрасынан айрықша анық көрінеді. Бүгінде оның поэзиясы мен «Қара сөздері» әлемнің көптеген тіліне аударылып, ғылыми зерттеулерге арқау болып, халықаралық әдеби диалогқа еніп келеді. Алайда қызығушылық артқан сайын тағы бір мәселе туындайды. Аударма түпнұсқаның философиялық тереңдігін, көркемдік үнін және ұлттық болмысын сақтай ала ма?

Абай мұрасы шетелде қалай қабылданады, қандай аудармалар айрықша мәнге ие болды және қазақ әдебиетінің әлемдік әдеби үдерістен лайықты орын алуы үшін не қажет? Осы сауалдар төңірегінде Qazaq Culture М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әлем әдебиеті және халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі Светлана Ананьевамен сұхбаттасты.

– Соңғы жылдардағы ахуалға халықаралық әдеби байланыстар тұрғысынан қарасақ, Абайды шетелде қабылдау қалай өзгерді?

– Абай Құнанбайұлының мұрасы бүгінде мәдениетаралық диалог кеңістігіне белсенді еніп келеді. Оның шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылып, түрлі елдердегі зерттеушілердің қызығушылығын тудыруда.

Абай мұрасына мемлекет деңгейінде мән берілуінің маңызы зор. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны кеңінен насихаттаудың қажеттігін дәйекті түрде айтып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Абай еліміздің аса құнды мәдени капиталы ретінде танылады.

Шетелдік оқырманға, ең алдымен, ақын шығармашылығының өзегіне айналған тақырыптар жақын. Олар – жақсылық пен жамандық, қадір-қасиет пен ар-намыс, әділет пен ізгілік, білім мен адамгершілік, адам мен дүние болмысы.

Абай түрлі мәдени дәстүрлердің озық үлгілерін тоғыстыруға ұмтылды. Сондықтан өзге елдің оқырманы оның шығармаларынан ұлттық даралықты да, адамзатқа ортақ құндылықтарды да таба алады.

Сірә, Еуропа мен Шығыс аудармашыларының ақын өлеңдері мен «Қара сөздеріне» қайта-қайта оралуының сыры да осында болса керек.

– Бірақ Абай өзге тілде де болмысын жоғалтпай, бар тереңдігімен сөйлей ала ма? Бұл орайда бәрі аудармашыға қаншалықты байланысты?

– Көркем аударма – қашанда аса күрделі өнер. Мұрат – аудармашының өз мәдени ортасын шығарманың мазмұнымен ғана емес, автордың төл көркемдік әлемімен де таныстыра алуы.

Абай аудармаларының тарихында аса байыпты, терең ізденіспен атқарылған еңбектер бар.

Абай поэзиясын неміс тілінде сөйлеткен – жазушы, баспагер әрі қазақ әдебиетінің үлкен жанашыры Леонард Кошут. Оған аударма барысында кеңес берген Герольд Бельгер Кошуттың Абайға тән сырлас, сауал мен тұжырым қатар өрілетін интонацияны дәл аңғара білгенін атап өткен.

Бельгердің жазуынша, Абай Кошуттың бойынан зерделі әрі сезімтал тәржімашысын тапты. Сөйтіп, философиялық тереңдігі, ойлы қалпы мен ой ағысының таныс ырғағы сақталған өзіндік бір «неміс тіліндегі Абай» дүниеге келді.

Кореядағы аударма тәжірибесі де назар аударуға тұрарлық. Ақын Ким Бён Хактың тәржімалары арқылы Абай шығармалары корей оқырманына жол тартты. Оның туындыларымен танысқан корей университеттерінің профессорлары Абайды Конфуциймен салыстырған.

Ким Бён Хак «Абай. Алтын киіз үй жырлары» кітабында Абай шығармаларының көркемдігін, даналық қуаты мен философиялық тереңдігін корей оқырманына жеткізуге ұмтылды.

Мұның бәрі аудармашының тұлғасына, оның сөзді ғана емес, мәтіннің ішкі әуезін де ести білуіне қаншалықты көп нәрсе байланысты екенін аңғартады.

– Бүгінде «Қара сөздер» ондаған тілге аударылды. Аударма ауқымының кеңеюі қаншалықты маңызды?

– «Қара сөздер» шынында да әлем халықтарының 35 тілінде жарық көрді. Оның украин, словак, чех және басқа да тілдердегі жаңа аудармалары пайда болды.

Бұл – маңызды үдеріс. Өйткені әрбір жаңа тәржіма Абайдың әлемдік оқырманға жетер өрісін кеңейтеді.

Сонымен бірге Абай шығармашылығының сан қырлы екенін ұмытпауымыз керек. Оны жекелеген қанатты сөздер мен адамгершілік қағидалары аясында ғана танытуға болмайды.

Академик Кенжехан Матыжанов атап өткендей, Абай көтерген мәңгілік тақырыптардың бірі – адамның рухани кемелденуі. Ақын мұрасына дәл осы тұрғыдан үңілу қажет.

Бұл – аудармашы үшін айрықша күрделі міндет. Ол шығарманың мазмұнын ғана емес, философиялық көпмағыналылығын, ырғағы мен интонациясын, ұлттық өзегін де жеткізе білуге тиіс.

– Абайға деген қалыптасқан қызығушылық шетелдік оқырманның өзге қазақ қаламгерлерін тануына жол аша ала ма?

– Әрине. Өйткені классика тұтас бір әдебиетті танып-білудің негізгі бағдарын айқындайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз», – деп жазды.

Алайда қазақ әдебиетін халықаралық кеңістікте таныту жалғыз есіммен шектелмеуге тиіс.

Біздің институт АҚШ-тағы Колумбия университетімен бірлесіп, The Stories of the Great Steppe – «Ұлы дала әңгімелері» және Summer Evening, Prairie Night, Land of Golden Wheat – «Жазғы кеш, прерия түні, алтын бидай өлкесі» атты қазақ әдебиетінің антологияларын әзірлеп, жарыққа шығарды.

Бұл жинақтарға қазақ әдебиетінің классиктерімен қатар қазіргі қаламгерлердің де шығармалары енді. Антологиялардың бірқатар америкалық университеттің оқу үдерісіне енгізілуі ерекше маңызды.

Осылайша шетелдік оқырман бір ғана шығарма немесе жеке бір тұлғамен шектелмей, қазақ әдеби дәстүрінің кең тынысын тануға мүмкіндік алады.

Бұл ретте оқырманның шығармашылық серіктестігі мен мәдени көкжиегі де үлкен рөл атқарады. Өйткені адам кез келген шетелдік мәтінді өзінің мәдени тәжірибесі арқылы қабылдайды.

Сондықтан жаңа аудармалар, тың пайымдар мен әдеби байланыстың заманауи үлгілері айрықша қажет.

– Қазақ әдебиеті әлемде жекелеген кітаптар жиынтығы емес, толыққанды әдеби дәстүр ретінде танылуы үшін не қажет?

– Бұл үшін тетіктердің тұтас жүйесі қажет. Халықаралық әдеби байланыстардың тарихы терең. Алайда бүгінгі таңда олардың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Қазіргі әлемдік әдеби үдерісті ұлттық әдебиеттердің аудармасынсыз, халықаралық байланыстарсыз, бірлескен баспа жобалары мен мәдени ықпалдастықсыз елестету мүмкін емес.

Сондықтан тұрақты аударма бағдарламалары, баспалармен, университеттермен, зерттеу орталықтарымен, әдеби бірлестіктермен және халықаралық алаңдармен жүйелі ынтымақтастық қажет.

Түрлі елдердің ұлттық кітапханалары мен ірі университеттерінде ашылған Абай атындағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталықтарының да рөлі зор. Олар зерттеушілерді, сыншыларды, студенттер мен оқырмандарды әдеби мұрамызбен таныстырып, көркем аудармаға мәдениеттерді жалғайтын көпір ретінде назар аударуға ықпал етеді.

Жақсы мысалдың бірі – Беларусь. Соңғы жылдары онда Абай шығармалары Беларусь Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Микола Метлицкийдің аудармасымен жарық көрді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын ақын әрі аудармашы Михаил Поздняков беларусь тіліне тәржімалады.

Беларусь жазба мәдениеті күні аясында Минскіде «Көркем әдебиет – бір-бірімізге бастар жол» атты халықаралық дөңгелек үстел өтеді. Оның атауының өзі атқарылып жатқан жұмыстың мәнін дәл жеткізеді.

Көркем аударма ұлттық мәдениеттер мен әдебиеттердің өзара баюына жол ашатын басты құралдардың бірі болып қала береді.

Бұл бағытта жүйелі жұмыс шешуші мәнге ие. Қазақ әдебиетінің халықаралық кеңістіктегі орны аудармалар, баспа жобалары, ғылыми байланыстар, мәдени орталықтар, Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ ПЕН-клубының қызметі және кәсіби ықпалдастықтың өзге де түрлері арқылы қалыптасады.

Әлемдік әдеби үдерісті мәдениеттер диалогынсыз елестету мүмкін емес. Қазақ әдебиеті – оның классикалық мұрасы да, қазіргі қаламгерлердің шығармалары да – осы диалогтың толыққанды бөлігі болуға тиіс.

 

162
15.08.2026