Ежелгі қалашықтардан цифрлық архивтерге дейін: Жәдігерлерге жаңаша көзқарас

Ежелгі қалашықтардан цифрлық архивтерге дейін: Жәдігерлерге жаңаша көзқарас

Қазақстанның тарихы тек жылнамалар мен жазба деректерде ғана сақталған жоқ. Ол көне жартастарға қашалған таңбаларда, қыш құмыралардың сынықтарында, ежелгі қалалардың жұртында, сан ғасырдың сынына төтеп берген кесенелердің сәулетінде жатыр. Олардың бірқатары көпшілікке жақсы таныс болса, енді бірі әлі де археологтердің зерттеуін күтіп тұр. Осындай сан алуан нысандар еліміздің өткенін қайта танып, тарихтың көмескі беттерін жаңаша зерделеуге мүмкіндік беретін тұтас мәдени кеңістік қалыптастырады.

Бүгінде Қазақстанда 25 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекеттік есепке алынған. Олардың қатарында археологиялық кешендер, ортағасырлық қалалар мен қоныстар, киелі орындар, кесенелер және тарихи сәулет ескерткіштері бар. Оларды сақтау жекелеген ғимараттарды қорғау немесе табылған жәдігерлерді музей қорына өткізумен ғана шектелмейді. Әр нысанды жан-жақты зерттеп, оның тарихи ортамен байланысын айқындау, қалпына келтіру және ол туралы мәліметті қоғамға қолжетімді ету маңызды.

Осы бағыттағы жұмыстың негізгі тетіктерінің бірі – музей-қорықтар. Соңғы жылдары елімізде «Бозоқ», «Сарайшық», «Ботай-Бурабай», «Отырар», «Таңбалы» және «Ұлытау» музей-қорықтары құрылып, олардың қызмет аясы кеңейді. Музей-қорықтың дәстүрлі музейден айырмашылығы – мұнда басты жәдігер ғимарат ішіндегі жеке бұйым емес, тұтас тарихи аумақтың өзі. Көне қалашық, археологиялық қазба орны, мәдени ландшафт пен ескерткіштер кешені біртұтас кеңістік ретінде ұсынылады.

Келуші жәдігерлерді сырттай тамашалап қана қоймай, сол дәуірдің тынысын сезінуге мүмкіндік алады. Ұлытауда қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңдеріне қатысты тарихи орындармен танысса, Түркістанда өңірдің рухани және сәулет дәстүрін көреді. Ал Таңбалыда ежелгі адамдар жартастарға қашап қалдырған бейнелерді тамашалайды.

Мұндай тарихи бағыттарға қызығушылық артып келеді. Жылдың алғашқы алты айында Қазақстандағы музей-қорықтарға 780 мыңнан астам адам барған. Бүгінде олар мәдениет мекемесі ғана емес, ішкі туризмді дамытатын маңызды орталыққа айналып отыр. Тарихи кешендердің айналасында жаңа туристік бағыттар ашылып, ғылыми бағдарламалар әзірленіп, келушілерді мұрамен таныстырудың тың тәсілдері енгізілуде.

Алайда тарихи нысанды көпшілікке таныстырмас бұрын үлкен ғылыми және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Биыл республикалық және жергілікті маңызы бар елуден астам ескерткіште осындай жұмыстар көзделген.

Тарихи ғимаратты қалпына келтіру оның сыртын жөндеп, қабырғасын жаңартумен шектелмейді. Алдымен мамандар құрылысқа пайдаланылған материалдарды, көне технологияларды, нысанның қазіргі жай-күйін және бұған дейін жасалған өзгерістерді зерттейді. Соның нәтижесіне қарай ескерткішті консервациялау, реставрациялау, жекелеген бөліктерін қалпына келтіру немесе келушілер үшін қауіпсіз ету жөнінде шешім қабылданады.

Бұл жұмыс асқан ұқыптылықты талап етеді. Өйткені орынсыз араласу немесе қате шешім ескерткіштің түпнұсқа бөлшектерінің жоғалуына әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір әрекет ғылыми зерттеулер мен нақты деректерге сүйенуге тиіс.

Сонымен бірге қазіргі музейдің міндеті мен мазмұны да өзгеріп келеді. Бүгінде жәдігерді шыны сөреге қойып, қасына қысқаша мәлімет жазу жеткіліксіз. Келуші сол бұйымның қай дәуірге жататынын, қандай ортада қолданылғанын және оның артында қандай адам тағдыры мен тарихи оқиға тұрғанын түсінгісі келеді.

Сондықтан музейлер мультимедиалық технологияларды, цифрлық каталогтерді, виртуалды көрмелерді және интерактивті таныстыру тәсілдерін кеңінен қолдана бастады.

Жаңа технологиялар әсіресе бүлінген немесе сапасы нашар тарихи материалдармен жұмыс істеуде тиімді. Мұны «Ұлт келбеті: фотосуреттегі қазақ киімі және жасанды интеллект» көрмесінен көруге болады. Жобаға бұрын сапасының төмендігіне байланысты көпшілікке ұсыну қиын болған көне фотосуреттер негіз болды.

Мамандар цифрлық өңдеу арқылы суреттердің көмескіленген тұстарын айқындап, жоғалған бөлшектерін қалпына келтірген. Сонымен қатар көрмеге келушілер QR-код арқылы фотосуреттердің бастапқы және өңделген нұсқаларын салыстыра алады. Осылайша технология түпнұсқаны өзгерту немесе оның кемшілігін жасыру үшін емес, тарихи материалды тереңірек танудың құралы ретінде пайдаланылған.

Мұндай жобалар жасанды интеллектінің музей қызметкері немесе зерттеушіні алмастырмайтынын, керісінше, олардың жұмысын толықтыра алатынын көрсетеді. Ол ескі бейнелерді анық көруге, сапалы цифрлық көшірме жасауға және бұрын музей қорында ғана сақталған материалдарды көпшілікке ұсынуға мүмкіндік береді.

Музей қорына түсетін көптеген жәдігердің жолы археологиялық экспедициялардан басталады. Қазір Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатыр. Зерттеу нысандарының қатарында Ақтас елді мекенінің маңындағы Ақбұрын қорымы мен Шардараға жақын орналасқан Жаушықұмтөбе қалашығы бар.

Археологиялық қазба үлкен төзімділік пен дәлдікті қажет етеді. Кейде қыш ыдыстың кішкентай сынығы, әшекейдің бір бөлігі немесе көне құрылыстың ізі ескерткіштің мерзімі, ежелгі сауда жолдары мен сол кезеңдегі адамдардың тұрмыс-тіршілігі туралы қалыптасқан ғылыми пайымды өзгертуі мүмкін.

Қазба жұмыстары аяқталған соң табылған заттар тазартылып, тіркеліп, сипатталып, ғылыми сараптамадан өтеді. Кейін олар музей қорын толықтырады, зерттеу еңбектеріне арқау болады немесе жаңа экспозицияларға қойылады.

Қазақстандық ғалымдардың шетелдік ғылыми мекемелермен ынтымақтастығы да маңызды. Бірлескен зерттеулер түрлі ғылыми әдістерді салыстыруға, күрделі сараптамалар жүргізуге және Ұлы дала ескерткіштерін әлемдік тарих аясында кеңірек қарастыруға жол ашады.

Осылайша тарихи-мәдени мұраны сақтау жұмысы бірнеше бағытта қатар жүріп жатыр. Реставраторлар көне ғимараттардың қабырғалары мен құрылымдарын бекітеді. Археологтер жер қойнауынан өткен дәуірдің жаңа деректерін табады. Музей мамандары заманауи экспозициялар әзірлейді. Ал цифрлық технологиялар күні кешеге дейін қорда ғана сақталған материалдарды көпшілікке қолжетімді етеді.

Тарихи ескерткіш өткен дәуірдің үнсіз белгісі болып қана қалмауы керек. Ол қоғамның рухани өмірінің бір бөлігіне айналуы үшін үнемі зерттеліп, зерделеніп, жұртшылыққа кеңінен таныстырылып отыруға тиіс.

Сонда ғана мұра көне жәдігерлердің жиынтығы емес, елдің өткені туралы өзекті білімге айналады. Ол тарихымызды терең түсінуге, мәдени дәстүрлеріміздің байлығын тануға және болашақпен саналы сабақтастық орнатуға мүмкіндік береді.

215
04.08.2026