
Үш күн – бір-біріне ұқсамайтын үш музыкалық әлем. Астанада 9-11 қазан аралығында өткен мерейтойлық «Астана кештері» он бесінші халықаралық өнер фестивалі поп-классиканы, опера мен барокко музыкасын тоғыстырып, түрлі дәуір мен жанрдың бүгінде бір сахнада қаншалықты еркін үйлесім таба алатынын көрсетті.
«Дегдар» гуманитарлық қоры «Астана Опера» театрымен бірлесіп ұйымдастырған фестиваль «Қазақстан» орталық концерт залында Уитни Хьюстонға арналған Tribute to Whitney Houston концертімен ашылды. Кештің басты жұлдызы Уитни Хьюстонның әндерін орындап танылған Оңтүстік Африка әншісі Белинда Дэвидс болды.
Аңызға айналған балладалар мен би ырғағындағы хит әндер «Астана Опера» оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды. Оркестрге италиялық маэстро Роберто Молинелли дирижерлік етті. Ол Хосе Каррераспен, Андреа Бочеллимен, сондай-ақ Sanremo фестивалінің оркестрімен жұмыс істеген. Кештің арнайы қонағы италиялық рок әншісі Симоне Романато болды.
Келесі күні фестиваль мүлде өзге сипат алды.
«Астана Опера» сахнасында ауқымды опералық эксперимент – Non-Stop Opera шоуының тұсауы кесілді. Бір операны тұтас тамашалаудың орнына көрермен Россини, Верди, Оффенбах, Бернстайн және өзге де композиторлардың шығармалары арқылы музыкалық сапар шекті.
«Реймске саяхат», «Фальстаф», «Гофман ертегілері», «Кандид» туындыларынан алынған ариялар біртұтас сахналық желіге біріктірілді. Жобаны әзірлеуге вокал мен сахна шеберлігі бойынша еуропалық маман Алла Симони және италиялық дирижер Этторе Пападиа қатысты.
Бір сахнада Астана, Алматы және Ташкент опера театрларының солистері – Бибігүл Жанұзақ, Феруза Юсупова, Медет Чотабаев, Расул Жармағамбетов, Дамир Сәдуақасов және өзге де орындаушылар өнер көрсетті.
Маңыздысы, Non-Stop Opera әуелден фестивальде бір рет қана көрсетілетін жоба ретінде ойластырылған жоқ. Премьерадан кейін оны «Астана Операның» тұрақты репертуарына енгізу жоспарланған еді.
Қорытынды кеш тыңдарманды бірнеше ғасыр бұрынғы дәуірге – Вивальди, Бах, Гендель, Чимароза мен Марчелло музыкасына жетеледі.
Barocco бағдарламасында театр оркестріне дирижер Евгений Бушков жетекшілік етті. Оркестрмен бірге француз гобойшысы, Париж консерваториясының профессоры Жером Гишар, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің жетекші флейташысы Ержан Құшанов және Қазақстан Республикасының Forte Trio мемлекеттік триосы өнер көрсетті. Трио құрамында Мақсат Жүсіпов, Мұрат Нарбеков пен Тимур Урманчеев сахнаға шықты.
Осылайша мерейтойлық фестивальді бір ғана музыкалық бағыт емес, өзара үнқатысу ұстанымы айқындады.
Уитни Хьюстонның әндері мен симфониялық оркестр. Италиялық дирижерлер мен Қазақстан және Өзбекстан солистері. Опера мен барокко. Еуропа классикасы мен қазіргі концерт мәдениеті.
«Астана кештері» көп жылдан бері осы бағыттарды тоғыстырып келеді. Ал мерейтойлық маусымда фестивальдің басты ұстанымы әсіресе айқын көрінді: әр дәуірдің музыкасы бір-бірінен бөлек өмір сүруі шарт емес.
Кейде олардың бір-біріне үн қатуы үшін бір сахнаның өзі жеткілікті.