
10 тамыз – Абай күні қарсаңында ұлы ойшылдың рухани мұрасы мен Абайтану ғылымының бүгінгі жай-күйі туралы сөз қозғадық. Осы орайда филология ғылымдарының докторы, С. Аманжолов атындағы ШҚУ «Абайтану» зерттеу институтының директоры Айжан Маратбекқызы Картаевамен сұхбаттастық. Ғалым Абайтану мектебінің сабақтастығы, «Толық адам» ілімінің мәні және бұл бағыттағы ғылыми ізденістердің өзекті мәселелері жөнінде ой бөлісті. Сондай-ақ қазіргі жастардың Абай мұрасын қалай қабылдауы керектігіне қатысты пікірін айтты.
– Сіз Абайтанушы, профессор Мекемтас Мырзахметовтің шәкіртісіз. Ұстазыңыз Абайды зерттеуде қандай ғылыми ұстанымды бәрінен жоғары қоятын?
– Абайтану ғылымының тарихына сүбелі үлес қосып, терең зерттеп, үлкен ғылыми мектеп қалыптастырған ғалым, филология ғылымдарының докторы, абайтану ғылымында өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп, бұл саланы жаңа белестерге көтерген ғұлама ғалым – Мекемтас Мырзахметұлы. Ол абайтану саласында ешкімді қайталамайтын даралығымен танылып, ұлттық рух пен сана, елдік мүдде жолында аянбай еңбек еткен абзал азамат.
Мекемтас Мырзахметұлының жетекшілігімен 2002 жылы «Абай мұрасы М.Әуезов шығармашылығында» тақырыбында кандидаттық диссертация, 2010 жылы «Абай мен М.Әуезов әлеміндегі рухани сабақтастық» тақырыбында докторлық диссертация қорғадым. Мен Мекемтас ағаның шәкірті болғаныма үлкен жауапкершілікпен қараймын. Себебі Мекемтас ағай Абайды зерттеуде ғылымның тереңіне үңілуді, ақын мұрасын терең білуді, оның түпкі тереңінен қаза зерттеуді талап етті. Үнемі Абайдың сөздерін, ілімдерін айтып, ақылға ой, жүрекке сәуле түсіріп отыратын. Мекеметас ағай адамдықтықты, адалдықты, ар тазалығын бәрінен жоғары қоятын.
– Абай мектебі жайлы айтсақ. Бұл мектептің басты құндылығы неде деп ойлайсыз?
Әдеби мектеп деп – кемеңгер ақын жасап қалыптастырған жаңа бағыттағы ақындық дәстүрдің өзінен кейінгі әдебиет өкілдері тарапынан жалғастыруы арқылы даму жолына түсуін айтамыз. Абайдың көзі тірісінде-ақ оның ақындық дәстүрін дамыта жалғастырушылар, алдымен, Абайдың ақын шәкірттері деп аталатын Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім, Әріп, Әсет т. б. шығармалары арқылы әдебиет көшінің басы қазақы, тарихи, философиялық лирикадан батысқа бұрылып, реалистік, романтикалық сюжетті поэмалардың пайда болуын айғақтап тұр.
Абайдың ақындық мектебі деген ұғымды М.Әуезов кейде тар мағынада, кейде кең мағынада қолданатыны бар. М.Әуезов Абай маңында болып, күнделікті өмірде ұстаз ақынмен мидай араласып, тікелей қарым-қатынаста болып, ақындық өнер жолында нақтылы ақыл-кеңес алып, не сынға ұшырап отыратын шәкірт ақындар тобын меңзеуі, көбінесе, тар мағынадағы ұғымға жатпақ. Бұлар – Абайдың шәкірт ақындары деп аталады. Абай өзінің шәкірт ақындарына үлгі-өнеге көрсетумен бірге тақырып та ұсынып, олардың ақындық лабораториясына үңіліп, бағыт-бағдар беріп отыратын болған. Шәкірт ақындары Абайдың ақындық дәстүрін жалғастыра дамытудың үстіне Абай мұрасының ел ішіне таралып, танылуы жағынан да насихатшысы болған. Олар Абай мұрасын жатқа алып, әнге қосып айтумен бірге Абай өлеңдерін қолмен көшіріп, ел ішіне жайылуына атсалысқан.
Абайдың ақындық мектебін М. Әуезов кең мағынада алып қарастырғанда, Абайдың ақын шәкірттерінен кейін қазақ әдебиетінің XX ғасыр басындағы әдебиет өкілдерін меңзейді. Бұлар – С.Дөнентаев, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, т. б. ақындар.
Абайдың әдеби мектебінің басты құндылығы – қазақ әдебиетінің дамуына жаңа бағыт әкеліп, ұлттың рухани-мәдени санасын жаңғыртуында.
– Абайтану ғылымының алдында қандай жаңа міндеттер тұр деп есептейсіз? Қандай бағыттар жаңарып, қандай мәселелер әлі де зерттеуді қажет етеді?
Абайтану ғылымының 130 жылдан артық тарихы бар. Абай мұрасының зерттелу тарихына көз жіберсек, баспасөзде ресми түрде 1889 жылдан басталып, бүгін қазақ мәдениетінің, ғылымының дәстүрлі, тамырын тереңге жайған саласына айналды. Ұлы ақын мұрасын танып білуге арналған ғылыми мақалалар, монографиялық зерттеулер, текстологиялық талдаулар, әртүрлі деректер саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін әдебиет пен мәдениетке жаңаша көзқараспен қарау қажеттігі туындады. Бүгін Абайды тану, жас ұрпаққа насихаттау, ақынның асыл мұрасын әр тараптан зерттеп, Абайтанудың керегесін кеңейту үшін игі істер атқарылуда.
«Абай сөздері дүнияда қалғаны – қазаққа зор бақ», - деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, Абай артынан қалған мұра сан ұрпаққа рухани қазына болып қалды. Бұл қазынаны ақтарған сайын тың жаңалықтар көзін тауып, сонау бағзы замандағы қазақ халқын әлемдік мәдениетке жеткізу жолындағы рухани бастаушыны танитынымыз анық. Абай – мәңгілік тақырып. Әр ұрпақ Абайды өзінше танып, өзінше оқып, өзінше танытады. Қоғамдық өзгерістер, заманауи көзқарастар өз зерттеуін күтеді.
Ал Абай шығармаларын текстологиялық тұрғыдан зерттеу күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. Мәселен, Шығысқа қатысын, қоғамдық көзқарасын, азаматтық тұлғасын жаңа көзқарас тұрғысынан зерттеуді қажет етеді. Оның дүниетанымы, ақындық кітапханасы да өз зерттеуін күтіп тұр. Абай шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып жатыр. Сол аудармалардың ішкі мазмұны мен сапасын да салыстыра зерттеу қажет.
– Өзіңіз осы мектептің өкілі ретінде ұстаздарыңыздан алған қандай аманатты бүгінгі шәкірттеріңізге үйретіп жүрсіз?
– Абай мен Мұхтар Әуезов тақырыбын санама құйып, ұлылар әлеміне әкелген, 7 сыныптан бері оқытқан ұстазым – Қанипа Омарғалиқызы. Ал Абай мен Әуезов тақырыбын зерттеуіме ары қарай ғылыми жетекшілік еткен Мекемтас Мырзахметұлы болды. Осы ұстаздарымның маған сеніп тапсырған «Абай мен М.Әуезов» тақырыбы – менің асыл қазынам деп айтар едім. Мен бүгінде ұстаздарымның ізін жалғастырып, әдебиеттану, абайтану, әуезовтану саласында 300-ден аса ғылыми-әдістемелік еңбек пен ғылыми-танымдық мақалалар жазып жарияладым.
«Абай мұрасы «Абай жолы» роман-эпопеясында» (2005), «Абай мен Мұхтар Әуезов: рухани сабақтастық пен көркемдік тұтастық». Монография. (2010), «Абай және Әуезов: ұлылар үндестігі» (2012), «Тәуелсіздік кезеңіндегі абайтану» (2016), «Абайтану». Таңдамалы еңбектер. XІI том / Абай мен Мұхтар Әуезов әлеміндегі рухани сабақтастық (2020) монографиялары, «Абай мен Әуезов үндестігін оқыту технологиясы» (2001), «Абай мен Әуезов шығармашылығындағы үндестік» (2007), «Абайтану дәрістері» (2013), «Мұхтар Әуезовтің шығармашылық әлемі» (2013), «Абайтану және Әуезовтану дәрістері» (2015), «Абайтану» (2015), «Абайтану негіздері» (2017), «Абайдың толық адам ілімін оқыту» (2020), «Әлемді аялаған сөз» (2020), «Абайдың «толық адам» тағылымы». Монграфия. (2024) т.б. еңбектерім жарық көрген.
ҚР БҒМ Республикалық оқу-әдістемелік Кеңесінің Оқу-әдістемелік бірлестігі ұсынған «Абайтану», «М.Әуезов және абайтану мәселелері», «Әдебиет тарихын дәуірлеудің теориялық негіздері» атты оқулықтарының авторымын. Еліміздегі қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын желілік «Абай мектептерінің» 5-9, 10-11 сыныптарына арналған «Абайтану» оқу бағдарламаларының, Шығыс Қазақстан облысының 5-8 сыныптарына арналған «Абайтану» аймақтық бағдарламасының, «Мұғалім» кітабының авторларының бірімін.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры М.Ә.Төлегеннің басшылығымен 2019 жылы Польшаның Свече қаласындағы Лингвистикалық-техникалық университетінде «Абай» орталығы, 2020 жылы «Абайтану» ғылыми-зерттеу институты, «Абай» дәрісханасы ашылды. Мектеп оқушыларына арналған жыл сайын дәстүрлі «Абай» оқулары байқауын ұйымдастырып, жеңімпаз оқушыға ректордың білім гранты тағайыналып тұрады. 2020 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес «Абай шығармашылығын оқытудың үздік моделі» Жоғары оқу орындары оқытушыларының жалпыұлттық кәсіби байқауын, 2025 жылы ЖОО студенттері арасында «XXI ғасыр педагогикасындағы Абай мұралары» атты педагогикалық мамандықтар студенттеріне арналған IV республикалық педагогикалық олимпиадасын өткіздік. 2020 жылдан бері ШҚО және республикамыздың жалпы білім беретін мектептері мен колледж мұғалімдеріне арналған «Абайтану пәнін оқыту» атты курстар өткізіп, «Мектепте абайтану пәнін оқыту мәселелері» атты ғылыми-әдістемелік семинарлар ұйымдастырып келеміз. 2020 жылы ШҚО Білім басқармасының басшылығымен облыстағы жалпы білім беретін мектептердің 5-8 сыныптарына «Абайтану» курсы енгізілген болатын. ШҚО Білім басқармасымен бірлесе отырып, аймақтық «Абайтану» оқу бағдарламасын және «Мұғалім кітабын» құрастырып жаздық.
Қазір шәкірттеріме абайтанудан дәрістер оқып, ғылыми-әдістемелік зерттеулер жүргізуді, ғылыми жобалар, авторлық бағдарламалар жазуды үйретудемін. Бүгінге дейін ғылыми жетекшілігіммен 2 PhD доктор, 250-ден артық магистрлік диссертациялар қорғаттым.
– «Толық адам» концепциясына тоқталсақ. Оның мәні неде? Бұл ілімді қазіргі жастар қалай түсінуі керек?
– Абайдағы толық адам – жан-жақты дамыған, рухани жетілген, кемеліне келген адам. Ойшыл ақын адамның рухани жағынан кемелденіп жетілу жолында толық адам ұғымын адамшылық сатысының ең жоғарғы басқышына қояды. Толық адам – Абайдың армандаған, аңсаған мұрат-мақсаттарының ең биік қол жетпес асқар шыңы.
М.Әуезов Абайтану саласындағы зерттеулерінде «нравственная личность», «гармоническая личность» деген терминдік сөзді беріп отырады. Абайдың қарасөздерін зерттеген еңбегінде бұл ойын былай деп береді: «Он жетінші сөзде Абайдың өз тұсындағы және Абайдан бұрынғы үлкен моралист, педагог ойшылдардың, ұстаздардың көп айтқан пікіріне жанасатын ой-толғау жүргізеді. Ол – толық сапалы адам болудың шарты, гармоническая личность жайындағы ойлар».
М.Мырзахметұлы Абайдың толық адам туралы танымын ғылыми айналымға түсіріп, жарты ғасыр зерттеумен келді. Ол М.Әуезовтің тезистік ой-желісін ары қарай дамытып, ғалымның еңбегін жалғастырды және ғылыми арналарға бағыттады. М.Мырзахметұлының алғаш Абайдың толық адам туралы 1982 жылы жазған «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» атты монографиясы 2020 жылы жарық көрген «Абайдың толық адам ілімі» атты құнды еңбегімен жалғасты.
«Толық адам» ілімінің тәрбиелік әлеуеті оның жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделуінде. Интеллектуалды ұлт қалыптастыру барысында Абайды толғандырған жағымсыз қасиеттерден арылуымыз керек. Бұл жолда адамды адастырмас басты темірқазық – «толық адам» ілімі.
«Толық адам» концепциясы бүгінгі қазақ қоғамының рухани-адамгершілік құндылықтарын қалпына келтіруде ерекше маңызға ие. Абайдың ізгілік философиясы ұлттық тәрбиенің маңызды тұғырнамасына айнала алады. Ақын адамның рухани кемелдігін әділет, рақым, білім, еңбек және жүрек тазалығымен байланыстырады. Осы құндылықтардың бірлігі нәтижесінде қалыптасатын «Толық адам» тұжырымдамасы бүгінгі қоғам үшін аса қажет. Қазіргі жастар тәрбиесінде Абайдың ізгілік идеяларын кеңінен пайдалану ұлттық құндылықтарды сақтауға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және рухани кемел тұлға тәрбиелеуге көмектеседі. Бүгінгі өскелең ұрпаққа тағылым беруде жөн сілтер тәрбие жұмыстары балабақша, мектептен бастап Абайдағы толық адам іліміне негізделуі қажет.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай мұрасын ұлттың рухани жаңғыруының темірқазығы ретінде жиі атап өтеді. Мемлекет деңгейінде қолға алынып жатқан бастамалар Абай мұрасын дәріптеуге қаншалықты серпін береді?
– Қазақтың кешегісі де, бүгіні де, болашағы да Абаймен өлшенеді. Абай – біздің ұлттық ұранымыз. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс. Оның ой-толғамдары қанша заман өтсе де өзекті болып қала береді. Қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасы ұлы ойшылдың «Толық адам» идеясымен тығыз астасып жатыр. Біз Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек», - деп жауапты міндеттер жүктеді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай мұрасын ұлттың рухани жаңғыруының темірқазығы ретінде жиі атап көрсетеді. Интеллектуалды ұлт болмысын қалыптастыру үшін халқымызға Абайдан асқан ақылшы, рухани азық жоқ екенін үнемі дәріптеп айтады. Президенттің бастамасымен Елімізде Абайдың 175 жылдығы, 180 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде кең түрде аталып өтті. 10-тамыз «Абай күні» деп ресми түрде бекітілді. «Абай» телеарнасы жұмысын жүргізе бастады. Абай шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылып, басылып шықты. «Абай» көркем фильмі жарық көріп, ақын өлеңдері мен қара сөздері жинақталған жаңа кітаптар халыққа таратылды. ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ ұйымдарымен бірлесіп, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді. Шетелде «Абай» орталықтары ашылып, ескерткіштер қойылды. Абай шығармаларының жинақтары жаңартылып шықты.
Абайдың 180 жылдығында Хакімнің тойы елімізде тұңғыш рет 1-10 тамыз аралығында 10 күндік ауқымды рухани марафон ретінде атап өтілді. «Абайға құрмет» акциясы: Республикамыздың әр өңірі (қалалар мен облыстар) Абай облысының инфрақұрылымын дамытуға үлес қосып, әлеуметтік және мәдени нысандардың құрылысын қолға алды. Жаңа жобалар мен порталдар: Арнайы энциклопедиялық Абай порталының тұсауы кесіліп, ғылыми-танымдық кітаптар жарық көрді.
2025-2026 оқу жылынан бастап еліміздің барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында Абай тағылымы арқылы оқушылардың бойында рухани құндылықтарды қалыптастыру – бүгінгі білім мен тәрбие берудің өзекті мәселесі. Ұлы ойшылдың қарасөздеріндегі адал азамат, парасатты ұрпақ, әділетті қоғам туралы айтқан ойлары ақынның «Толық адам» ілімімен байланысты. Сондықтан бүгінгі білім беру орындарында мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында «Абайтану» пәнін міндетті пән ретінде оқыту қажет деп санаймын.
– Әңгімемізді түйіндей келе, Абай күні қарсаңында оқырмандарға, әсіресе жастарға қандай ақ тілегіңіз бар?
Абай ілімі – ұлттың рухани-мәдени өмірінің басты темірқазығы. Ақынның даналық сөздері – халқымыздың рухани қазынасы. Абайдың адам баласына қарата айтқан әрбір сөзі даналыққа, ғибратқа толы. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», «Адам баласына – адам баласының бәрі дос» деген барша халықты жалпыадамзаттық гуманизмге шақырған идеясы өте өміршең. Адамзат баласы үшін ауадай қажет рухани байлықтар, адамдық биік қасиеттер Абайдың даналық ой-толғамдарынан табылады. Абай тұжырымдаған, Абай аңсаған Толық адамды қалыптастыру, дамыту, құндылыққа бағыттау – бүгінгі тәрбие мен білімнің басты міндеті.
Абайдың артынан қалған мол мұрасын насихаттап, бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру - біздің басты міндетіміз. Жастарды ұлтжандылық пен адамгершілікке баулу және ғұлама ойларын жанына тоқыған толыққанды, адамзатты сүйетін, ізгілікті, толерантты азаматтарды қалыптастыруымыз қажет. Қазіргі таңда оқу-тәрбие, білім беру ісі сол бағытта жүзеге аспақ.
Абай аңсаған саналы ұрпақ пен парасатты қоғамды қалыптастыру – бәріміздің ортақ мұратымыз. Осы жолда бірігіп, адал қызмет етейік!