«Табақ тарту» — бұл жай ғана дәстүр емес, бұл — халықтың мәдени коды

«Табақ тарту» — бұл жай ғана дәстүр емес, бұл — халықтың мәдени коды

Дәстүр сабақтастығын жалғап, «Eco et»дүкенін отбасылық кәсіпке айналдырған Әсемгүл Қабелдиновамен сұхбаттың екінші бөлімінде қазақы ет тарту рәсімінің мәні, тәртібі және оның жастар тәрбиесіндегі рөлі сөз болды.

Қазақ мәдениетінде ет – жай ғана ас емес, бұл – ұрпақтан ұрпаққа берілетін тұтас бір философия. «Табақ тарту» – бұл құрметтің, иерархияның, тәрбиенің әрі туған-туысқа деген сүйіспеншіліктің өзіндік тілі.

Біз дәстүрді дәріптеп жүрген маманмен тілдесіп, кімге қандай ет тартылатынын, қазы мен шұжықтың айырмасын, сондай-ақ ұлттық тағам арқылы келін мен қыз тәрбиесінің қалай жүзеге асатынын сұрадық.

— Қазіргі қоғамда «Табақ тарту» дәстүрі қаншалықты сақталған? Кімге қандай ет беріледі?

— Бұл дәстүр жойылып кеткен жоқ, бірақ кей тұста бұрмаланып, кейде ұмыт қалып жатыр. Ет мүшелеу мен табақ тарту — ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени код. Малдың әрбір мүшесінің өз иесі, тартылатын орны бар.

Мысалы:
Бас — жасы үлкен, абыройлы ақсақалға;
Ортан жілік, сан ет — аса сыйлы қонаққа;
Қазы, қарта, жая — төрдегі құрметті меймандарға;
Төс — жас келінге, кейде күйеу балаға;
Тоқпан жілік, омыртқа — күйеу балаға;
Құйымшақ — келіндер мен әйелдерге;
Кәрі жілік — жастарға немесе шәкірттерге;
Шұжық, қабырға — балаларға немесе үй ішіне.

Сондай-ақ, қалжа (босанған келінге арналған ет) мен сыбаға (алыстағы туысқа арнайы сақталған мүшелер) секілді басқа да дәстүрлі ұғымдар бар. Бұлардың бәрі — ет тарту арқылы білдірілетін құрмет, жол-жоралғының бір бөлігі.

— Әйелдер табақ тартқанда жіберетін ең жиі қателіктер қандай?

— Негізгі қателік — дәстүрді білмеуде. Мәселен:

Кімге қандай мүшені беру керек екенін ажырата алмайды;

Етті ретсіз, жүйесіз, көріксіз етіп салады;

Салтанатты дастарханға лайық көркемдік сақталмайды;

Еттің піскен күйі де көңіл көншітпейді — кейде шала, кейде қатты қайнап кеткен болады.

Бұл тек дәмсіз тағам емес, иерархияны, жолды, сыйластықты білмегендік. Табақ тарту — тек қана аспаздық емес, ұлттық этикеттің көрінісі, салттың сөзі, тәлімнің тілі.

— Қазы мен шұжықтың айырмашылығы қандай?

— Қазы — міндетті түрде жылқының қабырғасынан алынған майлы еттен жасалады. Ішекке салынып, тұздалып, дәмделіп, кептіріледі.

Шұжық — сиыр не жылқы етінен (кейде екеуі аралас) жасалады. Майсыз еттен де жасала береді, дәмі бөлек.

Басты айырмашылық: қазы – әрдайым майлы және қабырғадан алынады, ал шұжық — құрамы жеңіл, қолжетімді, күнделікті тағамға ыңғайлы.

— Ет тарту арқылы жастарды қалай тәрбиелеуге болады?

— Жастарға кімге қандай ет тарту керегін, қалай пісіру мен ұсыну тәртібін үйрету арқылы біз оларды ұлттық тәрбиенің өзегіне жетелейміз. Бұл — тек тамақ пісіру емес, шаңырақ ұстау мәдениетін үйрету.

Келін — жай ғана үй шаруашылығын атқарушы емес. Ол — отбасының абыройын, елдің намысын арқалаушы. Ал дастархан — сол отбасының айнасы.

Қыз балаға ет тартудың мәнін, қонақ күту рәсімін үйрету — ұлтты тәрбиелеудің ең тиімді жолы. Бұл — болашақ ана мен болашақ ел тірегін қалыптастыру.

— Шеберлік сабағыңызда ең жиі қойылатын сұрақтар қандай? Қатысушылар нендей дүниелерге таң қалады?

— Көпшілік:

Әр сүйектің атауы мен маңызын,

Қазы мен шұжықтың айырмашылығын,

Етті тұздау жолдарын,

Табақты дұрыс тарту ережесін сұрайды.

Көпшілігі таңырқап: «Бізге мұны бұрын ешкім неге үйретпеді?» дейді. Кейбіреулер етпен алғаш рет жұмыс істеп тұрса да, үлкен қызығушылықпен үйренеді, ұлттық тағамға құрметпен қарай бастайды.

Ұлттық киім киіп келгендерге ең көрікті образ ретінде марапат беріледі. Бұл — шеберлік сабағы ғана емес, рухани сабақ. Ұлттық кодтың мәйегі осында жатыр.

53
16.07.2025