Черногорияда Абай орталығының ашылуы: мәдени және рухани диалог көпірі

Черногорияда Абай орталығының ашылуы: мәдени және рухани диалог көпірі

Черногорияның Ұлттық кітапханасында (Подгорица қ.) қазақтың ұлы ақыны, философы, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Абай орталығының салтанатты ашылуы өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Мақсаты – Абай Құнанбайұлының шығармашылығын халықаралық деңгейде насихаттау.

Абай орталығының ашылу салтанатына Черногорияның Қазақстан, Австрия, Германия, Словакия, Испания, Италия, Венгрия, Болгария, Түркия және Греция  Елшіліктерінің дипломатиялық өкілдері, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері қатысты.

Абай орталығына жүзден аса құжат табыс етілді. Олардың ішінде қазақ, орыс, ағылшын, қытай т.б көптеген тілдерге аударылған Абайдың шығармалары, қарасөздері, абайтану кітаптары, өмір жолы мен шығармашылығына қатысты құнды деректер, сонымен қатар қазақ жазушылары Әбіш Кекілбаев, Кемел Тоқаев, Таласбек Әсемқұлов сынды ұлт зиялыларының кітаптары бар. Бұл құжаттар ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығынан алынды.

«Абай орталығының ашылуына орай арнайы электронды мәліметтер базасы әзірленді. Аталған базаға авторлық құқықпен қорғалмайтын, қоғамдық игілікке айналған Абай Құнанбайұлының шығармалары енгізілді. Бұл материалдар Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана (kazneb.kz) қорынан алынған», - деп атап өтті ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Бұл орталық — өзара құрмет пен достықтың нышаны ғана емес, сонымен қатар зияткерлік диалогқа, білім мен мәдени бастамаларға арналған алаң болмақ.

134
07.08.2025