Дәуір келбетінің көркем шежірешісі

Дәуір келбетінің көркем шежірешісі

Қазақстан тарихында ұлттық сананың қалыптасуына, мәдениетіміздің өркендеуіне және еліміздің өзіндік көркемдік келбетінің айқындалуына зор үлес қосқан бейнелеу өнерінің көрнекті тұлғалары аз емес. Солардың арасында Әбілхан Қастеевтің орны айрықша.

Әбілхан Қастеев – шығармашылығы бір суретшінің мұрасымен ғана шектелмейтін, тұтас ұлттық мәдениетіміздің қазынасына айналған бірегей тұлға. Оның қазақтың ұлттық кескіндеме өнерінің негізін қалаушы атануы да сондықтан.

Ұлы суретші кейінгі ұрпаққа дәуір шындығын бедерлеген мыңдаған туынды қалдырды. Оның картиналарынан қазақ халқының дәстүрлі көшпелі тұрмыстан отырықшы өмір салтына көшуі, елдегі индустрияландыру үдерісі, Түрксіб құрылысы, ауқымды өндіріс ошақтарының бой көтеруі және сол кезеңдегі замандастарының бейнесі көрініс тапты. Егер Қастеевтің қылқаламы болмағанда, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы дала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне, киім кию үлгісіне, күнделікті өмір салтына қатысты көптеген құнды көрініс тарих қойнауында қалып қоюы мүмкін еді.

Қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген Әбілхан бала кезінен ата-анасына қолғабыс етіп, мал бақты, туған халқының тұрмысымен, салт-дәстүрімен біте қайнасып өсті. Табиғаттың сұлулығына ерте қаныққан ол айналасындағы бояулардың сан алуан реңін, өсімдік дүниесінің алуан бітімін, тау мен даланың қайталанбас көріністерін зердесіне сіңірді.

Арнайы көркемсурет білімін ерте жастан алмағанымен, оның табиғи таланты бала күнінде-ақ байқалды. Ол киіз үйдің қабырғасына көмірмен түрлі өрнек салып, кейде ағаш бұйымдарға бейнелер ойып түсіретін.

Әбілхан Қастеев талантының таныла бастауы 1920 жылдардың соңына тұспа-тұс келді. Ол кезде суретші ретінде әлі ешкімге таныла қоймаған жас жігіт Түркістан – Сібір теміржолының құрылысына аттанады. Құрылыста еңбек ете жүріп, жұмысшы жолдастарының бейнесін, олардың күнделікті тіршілігі мен еңбек көріністерін қағазға жиі түсіретін. Оның өзгеше қабілетін алғаш байқағандар да сол жердегі басшылар мен бірге жүрген жолдастары еді.

1929 жылы Қастеев Алматыға келіп, көрнекті суретші әрі этнограф Николай Гаврилович Хлудов жетекшілік еткен көркемсурет студиясына оқуға түседі. Хлудов оның өнер жолындағы басты ұстазына айналып, академиялық бейнелеу өнерінің алғашқы негіздерін үйретті, бояумен жұмыс істеуге баулыды және табиғатты өз қалпында танып, дәл бейнелеудің маңызын ұғындырды.

Кейін Темірбек Жүргеновтің қолдауымен 1934-1937 жылдары Мәскеудегі Н.К. Крупская атындағы көркемсурет студиясында білімін жалғастырды.

Тынымсыз шығармашылық еңбегі мен өнер ортасындағы зор беделінің арқасында Әбілхан Қастеев 1950 жылдары Қазақстан Суретшілер одағын басқарды.

Суретшінің аса өнімді еңбек еткенін оның екі мыңнан астам кескіндемелік және графикалық туынды қалдырғанынан-ақ аңғаруға болады. «Абай портреті», «Түрксіб құрылысы», «Талас алқабы», «Колхоз бәйгесі», «Медеу мұзайдыны», «Жайлаудағы таң», «Қаскелең шатқалы» және басқа да көптеген шығармасы қазақ бейнелеу өнерінің алтын қорына енді.

Қастеев шығармашылығының маңызын бір ғана өлшеммен бағалау мүмкін емес. Ол классикалық академиялық мектептің көркемдік қағидаларын қазақ халқының дүниетанымын, мінез-болмысын, кең даласы мен табиғатын іштен таныған суреткерлік сезіммен табиғи сабақтастыра білді.

Суретші ауқымды тарихи өзгерістер кезеңіндегі қазақ халқының тұрмысын, салт-дәстүрін, еңбегі мен мерекесін этнографиялық дәлдікпен әрі ақындық нәзік сезіммен бейнеледі.

Оның назарынан ел өміріне енген жаңалықтар да тыс қалған жоқ. Қастеев Қазақстандағы индустрияландыру үдерісін, Түрксібтің салынуын, жаңа қалалардың бой көтеруін қылқаламына арқау етіп, елдің жаңа дәуірге қадам басқан сәтін шынайы көрсетті.

Суретші замандастары мен халқымыздың көрнекті тұлғалары бейнеленген тұтас портреттер шоғырын қалыптастырды. Әсіресе, Қастеев салған Абай бейнесі ұлы ақынның кейінгі ұрпақ санасында орныққан көркем тұлғасын қалыптастыруға елеулі ықпал етті.

Ол өзінің өнегелі жолымен қазақстандық суретшілердің тұтас бір буынына бағыт-бағдар берді. Ұлттық мәдениеттің биік бейнелеу өнері тілімен еркін сөйлей алатынын шығармашылығы арқылы дәлелдеді.

Әбілхан Қастеевтің шығармашылығы – кескіндеме классикасынан да кең ұғым. Ол қазақ жанының бояумен жазылған шынайы шежіресі, биік өнер деңгейіне көтерілген тұтас бір дәуірдің көркем баяны. Қарапайым малшыдан ұлттық көркемсурет мектебінің негізін қалаушы дәрежесіне дейін жеткен суреткер көшпелі өркениеттің алыстап бара жатқан тынысын кенеп бетінде сақтап, жаңа дүниенің қалыптасуын қылқаламымен хаттап кетті. Шебердің әрбір туындысы дәуірлерді, дәстүрлерді және адам тағдырларын жалғап тұрған жанды арқау іспетті.

Оның мол мұрасы келешек ұрпаққа әрдайым бағыт көрсететін рухани темірқазық болып қала береді. Әбілхан Қастеевтің өмірі мен шығармашылығы туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің тұтас бір халықтың болмысын, мәдениеті мен арман-мұратын өнер арқылы мәңгілікке айналдыра алатынын айқын дәлелдейді.

132
02.09.2026