Ұрпақтан ұрпаққа: қолөнер қалай өмірдің мәніне айналды

Ұрпақтан ұрпаққа: қолөнер қалай өмірдің мәніне айналды

Сарсенов Ертай Алтайұлы – қолөнер шебері, педагог, Еуразиялық дизайнерлер одағы мен Абай өңірлік дизайнерлер одағының мүшесі. Ол ұлттық әшекейлер мен аспаптарды қолдан жасап қана қоймай, Қосшы қаласындағы жасөспірімдерге қолөнердің қыр-сырын үйретіп жүр. Бұл іс – оның отбасында бірнеше буыннан бері үзілмей келе жатқан дәстүр. Ертай мырза әңгімесінде ағаш, күміс пен қазақтың бай ою-өрнегі арқылы мәдениетті қалай жеткізіп, сақтап жүргенін баяндайды.

Сіздің әулет қолөнермен бірнеше буыннан бері айналысады екен. Бәрі қалай басталды?

– Мен Абай облысының Жаңатілек ауылында дүниеге келдім. Әкем еңбек пәнінің мұғалімі болған, қазір мен де осы мамандықты атқарып жүрмін. Ол да қолөнермен шұғылданған. Бұл кәсіп оған әкесінен, менің арғы атамнан дарыған. Арғы атам аңшылықпен айналысып, былғарымен жұмыс істеген, күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар жасаған. Бала күнімде сол істі көзіммен көріп өстім, содан мен де ағашпен жұмыс істей бастадым. Кейін сәндік-қолданбалы өнер мамандығына түсіп, көркемөнер факультетін тәмамдадым. Оқуымды аяқтаған соң, ауылға қайтып келіп, балаларға қолөнер үйрете бастадым.

Қазір қандай бағыттарда жұмыс істейсіз? Ұлттық стильде Сіз үшін не маңызды?

– Негізінен ағаш пен күміс материалдарымен жұмыс істеймін. Қобыз, домбыра жасаймыз, түрлі әшекей бұйымдар мен ою-өрнектер ойып шығарамыз. Көбіне «қошқар мүйіз» бейнесін қолданамын – бұл ертеден келе жатқан, қорғаныш нышаны ретінде танылған символ. Сондай-ақ сақ дәуірінен қалған бейнелер мен далалық жартас суреттерін де өз жұмыстарымда жиі пайдаланамын. Мен үшін әшекей тек әсем бұйым емес – оның артында тарихи, мәдени мағына жатуы керек. Мысалы, күміс – тек сәндік металл емес, ол тазартушы әрі емдік қасиетке ие. Ол микробтарды жояды, ағзаны тазартады. Қазақ әйелдерінің күміс бұйым тағуы – осы сенімге негізделген дәстүр.

Бір бұйымды жасауға қанша уақыт кетеді? Ең күрделі техника қайсы?

– Ол бұйымның күрделілігіне байланысты. Кейде бір жиынтықты жасауға бір ай уақыт кетеді. Ал қарапайым әшекей – бір аптада дайын болады. Ең көп уақытты алатыны – филигрань техникасы. Бұл өте жіңішке сымнан өрнек жасау процесі. Өте нәзік, тиянақ пен шыдам талап ететін жұмыс. Бірақ нәтиже соған тұрарлық: көркем, салмақты, әсерлі дүние шығады. Барлығын қолмен жасаймын – сондықтан әр бұйымда шынайы жан мен рух болады. Сол себепті де адамдардың көңілінен шығып жатады, сатып алады, тағып жүреді.

Шабытты қайдан аласыз? Қолөнердің мәдениеттегі орны қандай деп ойлайсыз?

– Шабыт әртүрлі жағдайда келеді. Кейде өмірде болған оқиға әсер етеді, кейде түс көріп, ой келеді. Кейде музыка тыңдап отырып, жаңа идея туады. Қолөнер – мен үшін тек ермек емес. Иә, балаларды оқытатын негізгі жұмысым бар. Бірақ бұйым арқылы ұлттық кодты жеткізгім келеді. Біз, шеберлер, өз болмысымызды, рухани негізімізді жоғалтпауға жауаптымыз. Сол үшін түрлі көрмелерге қатысып, бұйымдарымды Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да ұсындым. Шетелдіктер де қызыға қарап, сұрақ қойып, сатып алып жатады.

Сіз үшін ең құнды бұйым қайсысы? Шебер ретінде арманыңыз қандай?

– Бәлкім, ең маңызды бұйымымды әлі жасамаған шығармын. Ол әлі алда. Қазірдің өзінде 18 жылдан астам тәжірибем бар, бірақ арманым – қолөнерді таза кәсіп емес, өнер деңгейіне көтеру. Ертең немерелерім немесе шәкірттерім бір сандықты ашып, менің бұйымдарымды көріп: «Бұл жай әшекей емес, бұл – тарихтың бір үзігі» десе екен деймін.

Айта кетейік, Ертай Алтайұлының әрбір бұйымы – қолдан шыққан дүние ғана емес, өткеннің үнін бүгінге жеткізетін тылсым туынды. Ағаш, күміс, мата мен өрнек арқылы ол уақыттың рухын жеткізеді. Ұлттық кодымызды ұмытпау үшін, өз тарихымызға үңілу үшін осындай шеберлердің еңбегі қажет.

82
26.06.2025