Ұлттың ерекше коды: Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері қалай жасалды

Ұлттың ерекше коды: Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері қалай жасалды

Биыл Қазақстан өзінің мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 33 жыл толуын атап өтуде. 1992 жылғы 4 маусымда Тәуелсіз еліміздің Туы, Елтаңбасы және Әнұраны алғаш рет ресми түрде бекітілді. Осы айтулы күнде біз ұлттық рәміздердің қалай дүниеге келгенін, олардың авторлары кім болғанын және бұл нышандардың халықтың ұлттық санасы мен бірегейлігін қалыптастырудағы рөлін еске түсіргіміз келеді.

Жаңа мемлекеттік рәміздерді әзірлеу ісімен айналысқан жұмыс тобының құрамына мәдениет және өнер қайраткерлері, ғылыми қауым өкілдері мен халық қалаулылары кірді. Жобаларды іріктеу мен суретшілер арасындағы байқау оңайға түскен жоқ: комиссия еліміздің 1200-ге жуық суретшісінен түскен 600-ден астам эскизді қарастырды. Ұзақ талқылау нәтижесінде көгілдір түс таңдалды. Бұл түс — бейбітшілік, бірлік, үйлесім мен игіліктің рәмізі ретінде бекітілді.

Мемлекеттік тудың авторы — суретші Шәкен Ниязбеков. Ол өз туындысына терең мағына жүктеді: көгілдір түс — ашық аспан мен тыныш өмірді, алтын күн — өмір мен молшылықты, ал көк жүзінде қалықтаған қыран — еркіндік пен күш-қуатты білдіреді. Тудың сабы бойындағы ұлттық өрнек — қазақ халқының рухани байлығы мен төл мәдениетін бейнелейді.

Қазақстан Республикасының Елтаңбасы ежелгі дәстүрлерге сүйене отырып жасалды. Көне дәуірлерде түрлі ру-тайпалар өз тектерін айқындау үшін таңба деп аталатын белгілерді қолданған. Бұл нышандар мөрлерге, тұрмыстық заттарға, тіпті малға басылып, белгілі бір рудың немесе әулеттің айғағына айналған. Таңба басу дәстүрі бүгінге дейін кейбір ауылдық жерлерде сақталған.

Осы тұрғыда шаңырақ — елтаңбаның басты символы ретінде бекітілді. Шаңырақ — береке мен бірліктің, ортақ үй мен тұтастықтың нышаны. Елтаңба авторлары — сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен суретші Шот-Аман Уәлиханов — бұл таңбаны халықтың көне танымына, ұлттық философиясына сүйене отырып таңдады.

Шаңырақтың беріктігі оның уықтарының мықтылығына байланысты болса, елдің тұрақтылығы мен гүлденуі де — этносаралық татулық пен өзара сыйластықтың жемісі. Елтаңбада бейнеленген қанатты тұлпарлар — еркіндік пен ерлікке, биік мақсаттар мен прогреске ұмтылуды білдіреді. Бесбұрышты жұлдыз — болашаққа деген сенім мен әлемге ашықтықтың белгісі. Ал елтаңбадағы «Қазақстан» жазуы — мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын паш етеді.

Қазақстан Республикасының Әнұраны — ұлттық рухтың жарқын көрінісі, поэтикалық-музыкалық өнер туындысы ретінде ел өмірінде ерекше орын алады. Қазіргі Әнұран 2006 жылы қабылданды. Оның негізі — 1956 жылы жазылған «Менің Қазақстаным» әні. Бұл әннің сөзін ақын Жұмекен Нәжімеденов, ал әуенін композитор Шәмші Қалдаяқов жазған. 2006 жылы бұл ән ресми Әнұран мәртебесіне ие болып, мәтіні сол кездегі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен толықтырылды.

Елорда тұрғыны Дария Әсіпова былай дейді:

— Әнұран шырқалған сәтте жүрек тұсыңа оң қолыңды қойып, туған еліңе деген шынайы сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін ерекше сезінесің.

Әнұран мәтінінде ұлы даланың кеңдігі, ата-бабадан мирас болған жердің дархандығы және тәуелсіздікке жеткен ұлттың қуанышы ерекше айқын сезіледі. Ол — халықтың өткені мен бүгіні, болашағы жайлы шынайы рухани шежіре.

Бүгінде Ту, Елтаңба және Әнұран — әрбір қазақстандық үшін тек мемлекеттік рәміз ғана емес, ұлттық мақтаныштың, өзіндік болмыстың, елдік сананың айқын көрінісі. Олар — халқымыздың арман-мақсаттарын, елдің даму жолын, тәуелсіздікке жету күресін бейнелейтін тарихи және рухани мұра.

Мемлекеттік рәміздер күні — бұл әр азаматтың бойында елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімі тереңдейтін ерекше күн. Бұл — ұлт ретінде қалыптасқанымыздың, тәуелсіз мемлекет ретінде дамып келе жатқанымыздың дәлелі.

68
04.06.2025