
Астана төрінде шығармашылықпен айналысып жүрген қылқалам иесі Камажай Каировна Конобаева – ұлттық өнер мен заманауи бағытты үйлестіре білген ерекше тұлға. Бейнелеу өнерін жүрек қалауымен таңдап, қазіргі таңда этностильдегі туындыларымен көпшілікке танылып келеді. Бүгінде оның туындылары тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де сұранысқа ие. Этностиль арқылы қазақтың болмысын, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын жаңаша сипатта жеткізіп жүрген суретшімен өнер, ізденіс және ұлттық мәдениеттің болашағы жайында әңгімелестік.

– Қамажай Каировна, шығармашылыққа бет бұруыңызға не әсер етті?
– Мен журналистер әулетінде дүниеге келіп, сөз бен ойдың ортасында өстім. Отбасым да, жақын ортам да бейнелеу өнерімен кәсіби түрде айналыспаған. Сондықтан өнер жолына алғашқылардың бірі болып қадам бастым. Шығармашылыққа бала күнімнен әуеспін. Анам жағынан да, әкем жағынан да әжелерім қолөнердің нағыз шеберлері болған. Олар кілем тоқып, көрпе құрап, киім тігіп, тұрмысқа қажетті дүниенің бәрін қолдан жасайтын. Сол кісілер жасаған әрбір бұйымда еңбек пен махаббаттың ізі жататын. Бәлкім, менің бойымдағы өнерге деген құштарлық та сол әжелерімнен дарыған қасиет шығар.
Жалпы, бұрынғы қазақ отбасыларында қолөнер тек тұрмыстық қажеттілік қана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухани мұра, өмір салты болғаны белгілі. Әжелеріміз қолдан жасаған дүниелерді тұтас бір дәуірдің тынысы, жылуы мен жан дүниесінің көрінісі деп білемін.
– Бейнелеу өнері сіз үшін жай хобби ме, әлде өмірлік жол ма? Ол сіздің тұлғалық дамуыңызға қалай әсер етті?
– Балалық шағыма көз жүгіртсем, сурет салуға деген ықыласым ерте оянғанын аңғарамын. Бастауыш сыныптан бастап-ақ қылқаламға әуес болып, орта буында мектептегі қабырға газеттерін безендіруге белсене араластым. Жұмыстарым түрлі қалалық байқауларға ұсынылды. Мектептегі мерекелік іс-шаралар қарсаңында қабырғаларды әрлеп, жаңа жылдық безендірулер мен алуан түрлі көркем пішіндерді жасауға да атсалыстым.
Алайда тағдыр маған көркемсурет мектебінде білім алуға мүмкіндік бере қоймады. Арнайы кәсіби дайындықтан өтпедім, колледж не курстарда оқымадым. Жүрек қалауым дизайнер болуды армандаса да, аудармашы мамандығын таңдап, сол салада ұзақ жыл еңбек еттім. Кеңсе тіршілігіне бейімделген қарапайым қызметкердің өмірін сүрдім.
2022 жыл менің өмірімде ерекше бетбұрыс болды. Өзімнің ішкі жай-күйіме үніле бастадым. «Мен шын мәнінде нені қалаймын? Қай жол менікі?» деген сұрақтар қойдым. Сол сәттердің бірінде қолыма қылқалам мен бояу алып, үй қабырғасын безендіріп көргім келді. Дәл сол мезетте менің шығармашылық жолым басталғандай болды.
Бұл қадам мені бала күнгі арман-тілектеріме қайта жақындатты. Қабырғаға салған суреттеріме жылы лебіздер айтылды, «Қандай керемет!», «Сенің мұндай қабілетің барын білмеппіз!» деген сөздер жүрегіме ерекше жылылық сыйлады. Сол сәттер мен үшін шынайы шабыттың көзіне айналды. Алғаш рет өз өнерім арқылы адамдарға қуаныш сыйлай алатынымды сезіндім. Әуелде бұл тек өз жан дүнием үшін жасалған қадам еді, «суретші боламын» деген нақты мақсат та болмады. Бұрынғы жұмысымда сезінбеген шынайы бағалауды шығармашылықтан таптым. Бәлкім, жан дүниемде жетіспей жүрген сол сезім мені өнерге жетелеген шығар.

– Шығармашылығыңызда этностиль бағыты қалай қалыптасты?
– Уақыт өте келе мен қабырғаға сурет салудан кенепке көшіп, картиналар жаза бастадым. Заманауи тәсілдер қолданылатын ірі форматтағы интерьерлік туындыларға ден қойдым. Олардың қатарында текстуралық паста, поталь, эпоксидті шайыр сияқты әдістер бар. Осы техникалар кейін өзімнің этностильдегі бағытымды дамытуыма үлкен септігін тигізді.
Біртіндеп этностильдегі картиналарға сұраныс арта бастады. Сонымен қатар шеберлік сабақтарға да қызығушылық танытты. Көпшілік қолдан салынған картиналарға тапсырыс береді, өйткені мұндай жұмыстардан суретшінің жан дүниесі мен ерекше энергиясы сезіледі.
Тапсырыс берушілер шаңырақ, қарлығаш, ұлттық ою-өрнектер сияқты мәдениетімізге тән элементтердің картинада көрініс табуын қалады. Тұмар, әйелдердің әшекей бұйымдары да ерекше сұранысқа ие болды. Балалар мен отбасы тақырыбы да жиі сұралатын. Осылайша, картиналарымда біртіндеп ұлттық құндылықтарымыз көрініс тапты.
Этностильдегі туындыларымда балалық шақтың жылы естеліктері де сақталады. Асық ойнаған балалар, әжелеріміздің бауырсағы – осының бәрі картиналар арқылы қайта жаңғырады. Мұндай жұмыстар шетелге қоныс аударған отандастарымыз арасында да ерекше сұранысқа ие.
Шетелден де тапсырыстар түсіп жатады. Авторлық картиналарымды АҚШ пен Ресейге жібердім. Онда домбыра, қымыз сияқты ұлттық болмысымызды бейнелейтін элементтер бар туындыларға қызығушылық жоғары. Шетелдегі қандастарымыз туған жерін, балалық шағын сағынадықтан, өз мәдениетін сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізгісі келеді. Олардың балалары өзге ортада өсіп келеді. Сол себепті олар өз балаларына біздің балалық шақтың жылуын, ұлттық құндылықтарды жеткізуді қалайды.
– Суретші ретінде этностильге деген қызығушылықтың артуын қалай бағалайсыз?
– Қазір этностильге деген сұраныс тек бейнелеу өнерімен шектелмей, өмірдің сан түрлі саласынан көрініс табуда. Ол интерьер мен экстерьерден бастап, киім үлгілерінде, сәулет өнерінде, текстиль бұйымдарында, тіпті күнделікті қолданылатын ыдыс-аяқта да айқын байқалады. Бұл – ұлттық болмысқа деген бетбұрыстың белгісі іспетті.
Қазақтың ою-өрнектері қазіргі заманда кеңінен қолданылып жүр. Әрине, кейбір сын-пікірлер де бар. Дегенмен, дәл осы қызығушылықтың артуы бізді сапаға жетелейді. Бастапқыда сыртқы көрініске еліктеу басым болғанымен, уақыт өте келе адамдар оның ішкі мазмұнына, мән-мағынасына үңіле бастайды. Осы арқылы біз өз мәдениетімізді қайта танып, дәстүріміздің терең қабаттарына бойлаймыз.
Мәселен, қазақтың дәстүрлі киімдеріндегі әрбір өрнек жай әшекей емес, белгілі бір тілек пен ниеттің көрінісі. Әсіресе, қалыңдықтың той көйлегінде қолданылатын оюлар жас келінге бағытталған ақжарма тілектерді білдіреді. Соның бірі – «қазмойын» өрнегі. Ол көбіне ұзату киімінде бейнеленіп, қыз баланың жаңа отбасында бақытты, берекелі ғұмыр кешуін меңзейді.
Мен шығармашылық жолында ізденіс үстінде жүрген жан ретінде бұл құндылықтарды қызыға зерттеймін. Қазақ мәдениетінде ешбір деталь кездейсоқ емес. Ою-өрнекпен қатар, түстердің де өзіндік тілі бар. Мәселен, қызыл түс тек байлық пен молшылықты ғана емес, жастық пен сұлулықты да білдірген. Сол себепті бұрын қыз-келіншектердің той киімдері көбіне қызыл түспен көмкерілген. Осындай зерттеулер барысында әрдайым жаңа ақпаратқа кездесіп жатамыз. Сондықтан заманауи дизайнерлерді бірден сынауға асықпаған жөн. Керісінше, этностильге деген қызығушылықтың артуы арқылы адамдар оның астарындағы мәнді түсінуге ұмтылады. Бабалардың ою-өрнек арқылы жеткізген даналығын тануға деген ниетіміз нық. Бұл бағыттағы ізденістеріміз ерте ме, кеш пе, сандық көрсеткіштен сапалық деңгейге көтеріліп, ұлттық өнеріміздің жаңа биіктерін бағындыратынымыз анық.

– Авторлық картиналарыңызда жиі кездесетін негізгі символдар қандай?
– Этнобағыттағы қарапайымдылық пен табиғилықтың үйлесімі ұлттық мәдениеттің жаңаша дамуына жол ашты. Бұл үдеріс шетелдік қонақтардың да назарын аударып, қызығушылығын оятты. Қазақстанға келген меймандар халқымыздың мәдениетіне, есімдеріне, киім үлгілеріне, жалпы болмысына сүйсіне қарайды.
Бүгінде этностиль тек өнер кеңістігімен шектелмей, күнделікті тұрмысқа да еніп кетті. Қазіргі интерьерде, мейрамханаларда, тұрғын үй кешендерінде ұлттық ою-өрнектер кеңінен қолданылады. Осының нәтижесінде адамдар өз тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне тереңірек ден қоя бастады. Ең маңыздысы – бұл қызығушылық тек сыртта емес, өз ішімізде де жаңғырып келеді.
Алдағы уақытта елімізге келетін туристер саны артып, біздің мәдениетімізді тереңірек танып-біледі деген сенім бар. Бұл жолда суретшілердің еңбегі айрықша маңызды. Сондықтан шығармашылық иелерінің, олардың ізденісіне түсіністікпен қараған жөн. Уақыт өте келе осы ізденістердің бәрі кемелденіп, ұлттық мәдениетімізді тереңірек ұғынуға, оны жаңа сапалық деңгейге көтеруге жол ашады.
– Сіздің ойыңызша, қазақ этно өнері әлемдік деңгейде қандай орын ала алады?
– Менің ойымша, еліміз бүгінгі таңда жас, заманауи суретшілерді, иллюстраторлар мен дизайнерлерді барынша қолдап келе жатыр. Қазір қазақ өнері мен мәдениетінің жаңа, жаңғыру кезеңі жүріп жатқанын ұмытпауымыз керек. Мыңдаған дарындылардың арасынан болашақта дара тұлғалар суырылып шығып, әлемдік деңгейде танылатынына сенімдімін. Бұл зергерлік бренд, сән үйі де болуы мүмкін, тіпті қазақтың өз «Уолт Диснейі» секілді әлемдік деңгейдегі анимациялық студияның пайда болуы да ғажап емес. Мұның барлығы, әрине, ең қарапайым нәрсе – қағаз бен қарындаштан басталады.