
Қазақтың ұлттық киімі – тұрмыстық қажеттіліктен туған бұйым ғана емес, ұлттың болмысын, дүниетанымын және эстетикалық талғамын айшықтайтын рухани мұра. Кейінгі жылдары этнодизайн бағытына деген қызығушылық артып, ұлттық нақыш заманауи сән кеңістігінде тың серпін ала бастады. Осы үрдістің алдыңғы шебінде жүрген этнодизайнер Тілек Сұлтан бала күнінен бойына сіңген ұлттық киімге деген ықыласын кәсіби жолына айналдырып, дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре отырып еңбек етіп келеді. Біз дизайнермен ұлттық өнерге келу жолы, шығармашылық ұстанымы және болашақ жоспарлары туралы әңгімелестік.
– Сізді этнодизайнмен айналысуға не ынталандырды? Қазақтың өнері мен мәдени мұрасына деген қызығушылығыңыз қалай туды?
– Қазақтың ұлттық бұйымдарына деген қызығушылығым бүгін ғана пайда болған жоқ. Бұл – бала кезден бойыма сіңіп, қалыптасқан құштарлық. Сол кездің өзінде-ақ өзімді осы салада елестетіп, ұлттық өнердің әр қырын зерттеуге деген ынта-ықыласымды сезінетінмін. Басқа кәсіпті таңдамай, осы бағытта қалуымның басты себебі – ұлттық өнерді дәріптеуге деген ішкі талпыныс. Бүгінде киім үлгілері сан алуан бағытқа бөлініп, сән индустриясында түрлі ағымдар қалыптасып жатыр. Ал, қазақ киімінің өзіндік көркемдігі мен қайталанбас стилі бар. Оны тігу мен кию дәстүрінің, әрбір бөлшегінің өзіндік мәні мен символикасы бар. Сондықтан ұлттық киім дизайны саласына тереңірек ден қойып, әрбір туындым арқылы дәстүрімізді сақтай отырып, оны заман талабына бейімдеп, ұлттық өнердің құндылығын көрсетуге ұмтыламын. Мен үшін бұл – жай ғана кәсіп емес, жүректен туған сүйіспеншілік, тарих пен мәдениеттің көрінісі, халыққа деген құрмет пен ұлттық мұра алдындағы жауапкершілік.
– Әлеуметтік желіде ұлттық киім мен ою-өрнектерді заманауи сипатта жаңғыртуыңыз жиі байқалады. Қазақтың дәстүрлі өнерін бүгінгі қоғамға қалай ұтымды жеткізуді мақсат етесіз?
– Қазіргі таңда басты мақсатым – ұлттық киімнің терең тарихы мен мазмұндық мәнін халыққа түсінікті тілде жеткізу. Мен үшін киім тігу – жай ғана қолөнер емес, әрбір туындының астарында жатқан тарихты сөйлету. Сондықтан парақшамда киімнің қай өңірге тән екенін, оны кімдер кигенін, қандай жағдайда пайдаланылғанын жан-жақты баяндауға ерекше мән беремін. Көпшілік бұл деректерді біле бермейді, сондықтан алдымен ұлттық киімнің мән-мағынасын түсіндіруді жөн санаймын. Осы арқылы адам өзіне: «Маған қандай киім жарасады? Жасым мен болмысыма қай үлгі лайық?» деген сауал қоя бастайды. Ал бұл – саналы таңдауға бастайтын жол. Бүгінде дәстүрлі үлгідегі ұлттық киімдер күнделікті өмірге еніп, кеңінен қолданыла бастады. Біз осы үрдісті жалғастырып қана қоймай, оның мазмұны мен құндылығын халыққа кеңінен насихаттауға күш салып келеміз.
– Ұлттық киімдерді тігу барысында қандай тарихи немесе этнографиялық дереккөздерге сүйенесіз?
– Жұмыс барысында ең алдымен музей қорларына сүйенемін. Әрбір музейді мұқият аралап, ондағы жәдігерлерді зерттеуге тырысамын. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі шағын аудандық, тіпті ауылдық музейлердің өзінде өткеннен сыр шертетін құнды бұйымдар сақталған. Кейде ол бір ғана тақия, бөрік немесе шапан болуы мүмкін, алайда сол бұйымның өзі тұтас бір дәуірдің тынысын танытады. Негізгі дереккөздерімді дәл осы музей қорларынан аламын. Сонымен қатар, отандық этнография ғылымының іргетасын қалаған көрнекті ғалымдар – Әлкей Марғұлан мен Өзбекәлі Жәнібеков сынды зерттеушілердің еңбектеріне де жүгінемін. Бұған қоса, ел ішінде өмір сүріп жатқан көнекөз қариялармен тілдесіп, олардың естеліктерін тыңдаймын. «Өздеріңіз қалай киіндіңіздер? Ата-бабаларыңыз қандай киім киген?» деген сауалдар арқылы халық жадында сақталған деректерді жинауға тырысамын. Осындай ғылыми еңбектер мен ауызша тарихты ұштастыра отырып, ұлттық киімнің тарихын, дәстүрі мен мәдениетін терең зерделеп, шынайы деректерге негізделген туындылар жасауға ұмтыламын.
– Сіз жасаған дүниелер тек сәндік сипатпен шектелмей, терең рухани мазмұнға ие. Осы философиялық ұстанымды көрерменге қалай жеткізесіз?
– Соңғы үш-төрт жылда ұлттық өнер стиліндегі киімге деген қызығушылық айтарлықтай арта түсті. Бұл үрдістің қалыптасуына отандық шеберлер мен дизайнерлердің табанды еңбегімен қатар, Наурыз секілді ұлттық мерекелердің де ықпалы зор. Қазіргі кезеңде бұл бағыт бірнеше арнаға бөлініп отыр. Кейбір шеберлер дәстүрлі ою-өрнектерді заманауи еуропалық немесе азиялық киім үлгілерімен үйлестіріп, ұлттық нақышты сәндік деталь ретінде ұсынады. Ал, енді біреулері классикалық пішіндерді сақтай отырып, оларды жаңа эстетикалық кеңістікке бейімдейді. Әр дизайнер өз дүниетанымы мен талғамына сай ұлттық киімді жаңаша қырынан сөйлетіп, оған заманауи көркемдік сипат береді.
– Алдағы уақытта ұлттық қолөнер мен этнодизайнды дамыту үшін қандай жоба немесе бастама жоспарлап жүрсіз?
– Менің мақсатым айқын. 2024 жылы Астана қаласында «Киелі кимешек» атты көрме ұйымдастырып, кейін оны еліміздің бірнеше облысында жұртшылық назарына ұсындық. Бұл шара тек киім көрмесімен шектелмей, ұлттық киімдердің сән көрсетілімі форматында өтті. Осы арқылы халыққа қазақтың дәстүрлі киім мәдениетін, ұлттық өнердің терең болмысын кеңінен таныстыруды көздедік. Алдағы арманым – «Киелі кимешек» көрмесін республикадағы барлық қалаларға жеткізу. Қазақ киімінің сан алуан қырын, баскиімдердің өзіндік ерекшелігін, жаздық және қысқы үлгілерін біртұтас түрде көрсету. Уақыт өте келе бұл жобаны шетелге де шығару ойда бар. Дегенмен, ең алдымен өз халқымызға ұлттық мұраны дұрыс әрі терең насихаттау маңызды. Ал халықаралық деңгейге шығу – сол еңбектің заңды жалғасы болмақ. Коллекциямыз да жыл сайын толығып, кеңейіп келеді. Бүгінде күн сайын жаңа бұйымдар жасалып, бұрынғы үлгілер жетілдірілуде. Алдағы уақытта қоржынымыз одан әрі молайып, ұлттық киім қоры жаңа туындылармен байи түсетініне сенемін.
– Жұмыстарыңызды әлеуметтік желіде танытуда қандай қағидаларды ұстанасыз?
– Менде арнайы қатаң ереже жоқ. Барлығы білімім мен үздіксіз ізденісіме сүйенеді – сондықтан тек дұрыс әрі нақты мәліметтерді қолдануға тырысамын. Өйткені мен өзімді барлығын толық білетін ғалым ретінде санамаймын, ал этнография – өте кең әрі күрделі ғылым. Сол себепті көпшілікке тек өзім зерттеп, зерделеп шыққан, көз жеткізген ақпараттарды ғана ұсынамын. Егер қандай да бір дерек немесе материал күмән тудырса, оны жарияламаймын. Әрдайым нақты, дәлелденген мәліметтерге сүйеніп, айтылған әрбір сөздің негізді әрі сенімді болуына мән беремін.