Құман Тастанбеков

Құман Тастанбеков - кино және театр актері, Қазақстанның халық әртісі (1993), Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1976).

1945 жылы 10 наурызда Алматы облысы, Сарқан ауданы, Екіаша ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік факультетін (педагогы - профессор Хадиша Бөкеева) бітірген.

Оқуын аяқтағаннан кейін Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданды. Оның кино саласындағы алғашқы ірі рөлі - 1970 жылы түсірілген «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген бейнесі. Кейін «Қыс – мазасыз маусым», «Ағам менің», «Ерекше күн», «Аққулар ұшып келеді», «Махаббат жаңғырығы», «Ағама арналған қалыңдық», «Қараша қаздар қайтқанда» сияқты бірқатар фильмдерде ойнады.

Театр сахнасында да көптеген бейнелерді сомдады. Атап айтқанда, Ш. Айтматовтың «Ана – Жер-Ана», «Ақ кеме» шығармаларындағы Қасым мен Құлбек, М. Әуезовтің «Айман – Шолпан», «Қарагөз», «Еңлік – Кебек» пьесаларындағы кейіпкерлер, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тер» шығармасындағы Тәңірберген, О. Бөкеевтің «Құлыным менің» пьесасындағы Жан бейнелері көрермендер тарапынан жоғары бағаланды.

Құман Нұрмағанұлы Тастанбеков 2017 жылы 17 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеден өтті.