Елордада жастар әдеби клубы ашылды
Елордада жастар әдеби клубының алғашқы отырысы өтті. Іс-шара ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының қабырғасында өтті. Кездесуде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жас әдебиетшілерді қолдады.
«Театр, кино сияқты көптеген өнер түрлері әдебиет жағдайына байланысты. Жазушылар мен ақындардың шығармалары негізінде театрландырылған қойылымдар, фильмдер жасалады. Мұның бәрі әдебиеттен басталады, сондықтан біз тақырыптық клуб құруда жас жазушыларды қолдауға ерекше назар аударғымыз келеді. Поэзияда ғана емес, барлық әдеби жанрларда да жаңа есімдерді ашу керек. Мысалы, «қиял» жанрындағы комикстер мен шығармалар жастар арасында өте танымал. Сондай- ақ отандық авторлардың шығармаларын кітап басып шығаруды, оларды басқа тілдерге аударуды, сондай-ақ шетелдік классиктердің шығармаларын қазақ тіліне аударуды жолға қою қажет», - деп атап өтті Аида Балаева.
Жастар әдеби клубы алғаш рет ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан құрылды. Оның мақсаты – жас жазушыларды қолдау, қазақ әдебиетінің өзекті мәселелерін, жаңа үрдістер мен шығармаларды талқылау, отандық авторларды насихаттау, жұртшылықтың кітап оқуды насихаттауға үндеу. Жастар әдеби клубының бірінші отырысына 18-35 жас аралығындағы еліміздің түрлі өңірлерінің үздік жас жазушылары қатысты. Олардың қатарында «Дарын»мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері Бағашар Тұрсынбайұлы, Мерей Карт, Бақытбек Қадыр, Арман Шериз, Жадыра Байболанова, Батырхан Сәрсенхан және Президенттік арнайы әдеби сыйлығының иегері Олжас Қасым, халықаралық, республикалық Поэзия байқауларының жеңімпаздары Саян Есжан, Ерік Нарын, Еламан Қабділашим, Абай Ораз, Биболат Сатжан мен Әлия Іңкәрбек бар.
«Мен бұл клубтың әдеби агент ретінде, жазушы мен баспагер арасында жол нұсқаушы рөлін атқарғанын қалаймын. Осылайша, біз отандық жазушыларға танымал болуға, халықаралық кітап нарығына шығуға көмектесе аламыз. Біздің классиктерімізді ғана емес, қазіргі авторларды да басқа тілдерге, мысалы, түркі халықтарының тілдеріне аудару керек. Біздің әдеби өнімді шетелге экспорттауға болады», - деді республикалық конкурстардың лауреаты, ақын Әлия Іңкәрбек.