qazaq culture

buy tickets

kz
English Қазақша Русский Turkçe 中国语文科 العربية Español Français
/ Мақала
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «ДАЛА КЕСКІНДЕМЕСІ: РӘМІЗДЕР, БОЯУЛАР, БЕЙНЕЛЕР» атты мерейтойлық көрме ашылды
Орталық Азиядағы ең жас музейлердің бірі - Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі өзінің алғашқы үлкен мерейтойын атап өтуді еліміздің мәдени өміріндегі айрықша мәртебесін - бай тарихи мұрасы мен шығармашылық бағыттарды дамыту перспективаларын көрсететін ауқымды көрмеден бастайды.

Еліміздің бас музейі 2014 жылғы 2 шілдеде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында ашылды.

Панель-гобелен, диптих. (белгісіз автор)

Бүгінгі күнде Ұлттық мұражай еліміздің танымал және көпшілік көңілінен шыққан сүйікті орын. 

Он жылға созылған кезеңде музейде Қазақстанның мәдени өміріндегі оқиғаларға айналған көптеген жарқын көрмелер өтті: аты аңызға айналған «Шығыс-Батыс» көрмесі - Эрмитаж (Санкт-Петербург) коллекциясынан қару-жарақ өнері көрмесі, «Император Цинь Шихуандидің терракот армиясы» - Қытай Ұлттық музейі (Бейжің), «Пол Серузье және Бретань». 

«Биылғы мерейтой көрме Қазақ ұлттық кескіндеме мектебінің даму тарихын бірегей, ерекше, жарқын құбылыс ретінде көрсетеді. Отандық өнер барлық әуесқойларды, кескіндеме білгірлерін және қазақтың заманауи күрделі кескіндемесінің алуан түрлі әлеміне алғаш назар аударғандарды да баулап алады. Көрменің негізі – мұражайдың көркемдік қоры: кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы және зергерлік өнер коллекциясы. Көрмеде барлығы 50 автордың 250-ге жуық жұмысы жиналды», - деп атап өтті көрме кураторы, өнертанушы Ольга Батурина.

Бірінші экскурсияда көрме кураторы, өнертану профессоры Ольга Батуринамен бірге

Көрме экспозициясында үлкен киіздер мен гобелендердің орны ерекше: Замзагүл Оралбаеваның «Қаңбақ», «Күй» туындысы және белгісіз автордың монументалды гобелен триптихі (Ұлттық музей тарихында тұңғыш рет қойылған). Қазақ мәдениетінде ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан киіз басу және тоқу дәстүрі қазіргі заманғы суретшілердің шығармашылығында да жалғасын тапты.

«ҚР Ұлттық музейі ұсынатын зал - ең үлкені және негізгі ғимараттардың бірі – жалпы аумағы 1100 шаршы метрді құрайды. Мұндай кеңістік экспозицияны барынша мәнерлі және тиімді түрде өрістетуге, оған ҚР танымал өнер шеберлерінің үздік туындыларын, сондай-ақ жас талантты авторлардың жұмыстарын қосуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ҚР Ұлттық музейдің маркетинг және креативті индустрия бөлімінің басшысы Зауре Қонысбекова.

 Көрменің бірінші бөлімі тарихи образдарға, сюжеттерге және тақырыптарға арналған. «Ата-баба рухы» деп аталған бөлім ұлттық тарихи архетиптерді көрсететін символдық және поэтикалық тақырыпқа арналған. Көрменің келесі үлкен бөлімі «Отбасы. Махаббат. Көктем. Балалық шақ» деп аталады. Қазақ кескіндеме классиктерінің жарқын өкілдері: Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмаилова, Молдахмет Кенбаев, Камил Шаяхметов, Кенжебай Дүйсенбаев, Ольга Кужеленко, Мария Лизогуб, Тоқболат Тогусбаев, Бақтияр Табиев, Мағауи Аманжолов, Дулат Әлиев, Михаил Антонюк еңбектері әр адамның өміріндегі ең маңызды және өзгермес сәттер туралы баяндайды. 

Көрмедегі экспозиция орталығы «Шеберлер мен жауһарлар» болады, оған қазақ кескіндеме корифейлерінің шығармашылығында бағдарламалық сипатқа ие болған шығармалары енген: Әубәкір Исмаиловтың «Тың алқабында». Ерментау облысы», Ө. Таңсықбаевтың «Бричмулла бөктері», Қ. Муллашевтің «Нәзіктік құшағында», Ж. Қайрамбаевтың «Аллегория», А. Есдәулетовтың «Атамекен», А. Бапановтың «Көне жаңғырығы», М. Хитахуновтың «Шығыс базары», М. Калимовтың «Дарья қызының портреті», Р.Есіркеевтың «Тыңдағы әуежай», Ю. Евсеевтің «Баба – Ата ауылы», З.Түсіпованың «Қызыл жылқы», Е. Төлепбаевтың «Келіншек», В. Товтиннің «Шопан» туындылары. Мұнда шығармашылығы тәуелсіздік жылдарында белгілі болған дарынды суретшілердің де шығармалары орналасқан: Е. Палымбетов, К.Әжібеков, Б. Бүрдесбеков, Ю. Камелин, А. Терехов, П. Белов, Қожахан Шаарын және басқалар.

Камиль Муллашев, ҚР еңбек сіңірген қайраткер (өзінің «Нәзіктік құшағында» жұмысының аясында. 2000 ж.).

Көрменің жеке бөлімі қазақ бейнелеу өнерінің маңызды тақырыбы ретінде пейзаждық кескіндемеге арналған. «Таулар мен дала поэзиясы» деп аталатын бөлімде Қазақстанның көрнекті суретшілері: Н.Хлудов, А. Черкасский, Ж. Шарденов, С. Айтбаев, С. Кенжебаев, В. Эйферт, В. Колоденко, А. Сапугов, Л. Леонтьев, Сахи Романов, А. Школьный, А. Накисбеков, А. Степанов, И. Квачко, сондай-ақ заманауи кескіндеме-суретшілер: М. Байтенова, Е. Фридлин, М.Нұрғожин, А. Абжанова, Т. Байғалиева, М. Қалқабаевалардың шығармасын көруге болады.

Николай Хлудов «Тау пейзажы» 1900 ж.

«Көрмедегі көптеген туынды  музей тарихында алғаш рет немесе қорларда ұзақ уақыт сақталғаннан кейін қойылады. Олардың кейбіреуі музей залдарында көрермен назарына қоймас бұрын күрделі қалпына келтіруден өтті. Оларға Әубәкір Исмаиловтың «Тың алқапта. Ерментау даласы» (1958) және Михаил Шаталовтың «Тенгиздегі таң» (1972) жатады», - деді көрменің алғашқы қонақтарына әңгімесін жалғастырған өнертану профессоры Ольга Батурина.  

Көрменің қорытынды бөлімі Қазақстанның заманауи өнерінің көрінісін ұсынады. Экспозицияға Қазақстанның ең қызықты «контемпорари арт» туындылары енген. С. Баялиев, А. Ророкин, А. Меңлібаева, А. Шалбаев, А. Ахмедьяров, Г. Телгозиева, С. Атабеков, Р. Абдулов, Р. Слекенов, М. Бекеев, Г. Гончарова, Н. Хамидова, Д. Нугер шығармаларында пішінімен, түсімен, текстурасымен, бейнелерімен және форматтарымен көркемдік эксперименттер, экспрессивті әдістерді жаңарту және шығармашылықтағы қазіргі әлемнің барлық күрделілігі мен алуан түрлілігін білдіруге мүмкіндік беретін жаңа бейнелеу тілін іздеу бар.

Петр Белов, «Күзгі десерт» 2005 ж.

 Ерболат Төлепбай, «Келіншек» 2009ж.

Музейдегі мерейтойға келген жас көрермен

Ұлттық музей туралы: музей жинағының негізін мемлекеттік бағдарлама шеңберінде анықталған артефактілер құрайды. Мұражай кешені 74000 м2 алаңда орналасқан. Тұрақты экспозицияның 20 залы ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі елдің тарихы мен мәдениетін бейнелейді, Қазақстанның өзіндік мәдениетімен таныстырады. Музей коллекциясындағы 200 мыңнан астам дана цифрлық музейлік коммуникациялар платформасын дамытып, өзектендіре отырып, бірыңғай дерекқорда жүйеленеді. Музей дала өркениетінің мұрагері және Орталық Азия өңірінің экономикалық даму драйвері – Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау, зерделеу және ілгерілету бойынша мәдени, білім беру және ғылыми жобаларды іске асырады. Қазақстанның Ұлттық музейі Орталық Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия, ТМД, Еуропа елдерінің мәдени мекемелерімен, ықпалды халықаралық ұйымдармен әріптестік қатынастар негізінде мәдениетаралық өзара іс-қимылдың баға жетпес тәжірибесін жинақтады. 


Ұлттық музейдің мерейтойлық көрмесі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен өтуде.

2024 жылғы 5 сәуірден 31 шілдеге дейін.


 

05 апреля, 2024
234
Осы туындымен бөлісіңіз: