«Алтын Орда» сериалының түсірілімдері басталады
Ақпан айында Жошы ханның Ұлысының 800 жылдығына арнған тарихи «Алтын Орда» сериалының түсірілімдері басталады.
Бастапқыда тек 40% түсірілімдер Қазақстанда өтеді деп жоспарланған еді. Алайда, сериалдың бас продюсері әрі режиссері Эмре Сахин, жергілікті локациялардың алуандылығынан шабыттанып, түсіру процесін толығымен Қазақстанға көшіруді шешті.
Стамбулда шығармашылық топтың кездесуі өтті, онда барлық алты эпизодтың соңғы сценарийлері бекітіліп, актерлер құрамы анықталды, сондай-ақ дайын костюмдер, декорациялар және реквизиттер таныстырылды. Кездесуге Қазақстанның мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин мен Karga Seven Pictures компаниясының негізін қалаушылар Эмре Сахин мен Фикрет Маноглу қатысты.
Алғашқы кастинг нәтижесінде 350 актер бекітілді, оның ішінде 250-і қазақстандықтар, ал қалған 100-і Швеция, Бельгия, Англия, Германия, АҚШ және Моңғолиядан келгендер. Алда екінші пландағы рөлдерге кастингтер өткізу жоспарлануда.
Сценарийді халықаралық команда әзірледі, оның құрамында Джастин Поллард («Викингтер») және Клэр Мурсом («Заңсыз патша») сияқты тұлғалар, сондай-ақ қазақстандық тарихшылар мен сарапшылар бар. Жоба негізі — Жошы Ұлысы, Алтын Орда тарихы және көшпелі халықтардың мәдениеті туралы бірегей деректер.