qazaq culture

buy tickets

kz
English Қазақша Русский Turkçe 中国语文科 العربية Español Français
/ Мақала
ГЕРМАНИЯДА «БҮРКІТШІ ШАҚЫРАДЫ» ФИЛЬМІ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ
Әлемге тағы бір қазақ қызының есімі танымал болды. Дала дәстүрі құсбегіліктің қыр-сырын жастайынан игерген Айбота Көшегенқызы туралы фильм түсіріліп, оның қысқа нұсқасы Германия телеарналарынан көрсетілді.

Фильм авторы - журналист, кинорежиссер Carsten Stormer (@carstenstormer). Шетелдік журналистер мен көрерменнің қызығушылығын арттырған туынды- «Бүркітшінің шақыруы» (Der Ruf der Adlerjägerin) деп аталады. Фильм бірнеше апта бойы Алтай тауының баурайында түсірілген. Онда Моңғолиядағы көшпенділер отбасы, тау бөктерінде қыран жаттықтырған әке мен қайсар қыздың өмірі баяндалады.

Фото: Carsten Stormer 

Автор фильмде Айботаның ер азаматқа тән қайсар мінезін көрсетуді көздеген. Carsten Stormer, сондай-ақ, әлемдегі ұмыт бола бастаған құсбегілік өнердің Моңғолия қазақтары арасында ерекше сақталғанын айтады. Расында, Моңғолияда тұратын қазақ этносы құсбегілікті бүгінгі күнге дейін дәріптеп отыр.

Құс баптап, аңға қыран салу – қазақтың қанында бар қасиет. Дала тынысын әрі құсбегілікті әлемде жақсы меңгерген екі ұлт ғана бар. Оның бірі - қазақ, екіншісі – қырғыз ағайындары. Өйткені, жыл сайын Баян-Өлгейде «Бүркітшілер тойы» өтеді. Жарысқа 500-ге тарта бүркіт баптаушылар қатысады екен. Ата дәстүрін ұлықтаған жастардың саны жыл сайын артып келеді. Олардың қатарында нәзік жандылар да бар. Мысалы, Айботаның айтуынша, 2019 жылы жас бүркітшілердің арасында 2 қыз болса, қазір олардың саны оннан асқан. Нақтырақ айтқанда, 13 бүркітші қыз бар. Алғашқы екі қазақтың бірі - 13 жасында шетелдіктерге танымал болған Айшолпан Нұрғайып, екіншісі - біздің бүгінгі кейіпкеріміз Айбота Көшегенқызы. Бүркіт баптаған нәзік жандылардың қазір ең үлкені 19 жаста, ал ең кішкентайы - 14 жасар Айбота.

Айбота Көшегенқызы - төртінші сыныптан бастап қыран баптаған. Алтайдың тумасы. Ол Баян-Өлгейдегі қазақ мектептерінің бірінде білім алса да, демалыста Алтайға асығып тұрады. Бүгінде ол әке жолын жалғастырып, ата дәстүрге адалдық танытып отыр. «Осы уақытқа дейін біздің әулетте 13 бүркіт болды. Жалпы бір қыранды құсбегілер үш жарым жылдан артық ұстамайды, еркіндікке ұшырып жібереді. Ал қазіргі қыранымның жасы үште, баптағаныма екі жылдан асты» дейді. Бүркітшілер байқауына өткен жылы алғаш рет қатысқан екен.

Жас бүркітшінің сүйіншілеп жеткізетін жаңалығы бұл ғана емес. Жуырда 200-ден астам бала қатысқан Баян Өлгейдегі байқауда Айбота бас жүлде жеңіп алды. Тау бөктерінде ұлттық киім киіп, бүркітімен бірге өлең оқыған жасөспірім қыздың бейнежазбасы небәрі бір аптаның ішінде 80 мың қаралым жинаған. Таныстырылымың өзі сәтті шыққан туындымен алты жүзге таяу адам бөліскен.

Айбота Баян-Өлгейдегі жасөспірімдер арасында өлең оқудан бас жүлде алған сәті

Айбота қазір Өлгейдегі қалалық №1 орта мектебінің 10-сыныбында білім алып жатыр. Арманы - журналист болу. Өткен жазда мәнерлеп оқу бойынша жүлделі орын иеленіп, атажұртқа демалуға жолдама алған екен. Жас бүркітші түрік, ағылшын, моңғол және тыва тілдерінде еркін сөйлейді. Еуропа елдерінің қызығушылығын арттырған «Бүркітшінің шақыруы» фильмің 30 минуттық үлгісі 8 ақпанда жарыққа шықты. Ал, Айбота мен құсбегіліктің қыр-сырын тереңінен ашатын фильмнің бір сағатқа жуық толық нұсқасын осы жылдың шілде айында көре аламыз.

2024. Баян-Өлгей. «Қыз қуу» бас жүлде. Айбота мен ағасы Сұлтан

Айбота сонымен қатар биыл Баян Өлгейде өткен Наурыз мейрамында «Қыз қуу» дәстүрі жарысына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды.

Автор: Серікгүл Сұлтанқажы

24 ноября, 2024
215
Осы туындымен бөлісіңіз: