Тұран Бахадүр
Тері - кезінде ата-баба тіршілігінің қайнар көзі болса, қазір модрен стильдегі қазақ мәдениеті. Көшпенділердің қанына сіңген өнер, кейіпкеріміздің айтуынша, ата-бабалары Алтайдан ауғаннан кейін жол жөнекей көшіп келген жерінде теріден тігілген киімдерді сатып, тіршілік қамын жасаған. Әсіресе, Кашмирге келгенде тері илеп, одан киім тігу, сату біржолға қойылыпты. Дәл осы жерде сәл артқа тарихқа шегініс жасасақ.
Түркия Президенті Ердоған және ортада тұрған Тұран Бахадүр
Шығыс Түркістан, Алтай десе, қай қазақтың жүрегі шым ете қалатыны анық. Қытай саясатының құрбанына айналған қасиетті өлке - бүгінде Түркияда өмір сүріп жатқан қазақтардың көпшілігінің атажұрты. Жерінен айрылып, Гималайды жаяу-жалпы асқан, Үндістан, Пакистанды мекендеп, жолда аштық пен ауру азабын көрген қазақтар соңында Түркияға жайғасты. Ең өкініштісі, көшпен жолға шыққан қазақтың бәрі аман-есен діттіген жеріне жете алмады. Дегенмен, Түркияның әр жерінде сол өңірден көшіп келген қазақтардың ұрпағын кездестіруге болады. Олардың ішінде ата кәсібін әлі де дөңгелетіп, мәдениеті мен салтын сақтап жүрген асылдар баршылық.
Дегенмен Түркиядағы көшті көзі көрген қариялардың көбісі өмірден озған. Олардың ұрпағы қазір Стамбұлдың Зейтұрбұрны, Измирдің Кемелпаша аудардарында тұрады. Алғаш қазақтардың басым көпшілігі Измирдің Салихлі деген ауылына келген. Одан бөлек Нигде қаласына жақын аз ғана қазақ қоныстанған «Алтай» ауылы бар. Түркия қазақтарын іздесеңіз, осы өңірлерден табасыз.
Тұран Бахадыр - Түркияда туған. Зейтұрбұрныда шағын тері дүкені ал Алжуар ауданында зауыды бар. Күніне аз дегенде жүз киімге дейін тапсырыс алады. Зауыдта теріден жасалған бұйымдардың түр-түрі бар, дегенмен басым көпшілігі тымақтарға қатты қызығатынын айтты.
Алғашында күнкөріс қамы үшін сонау Кашмирден басталған кәсіп бүгінде сән әлемінде, өнерден орын алып отыр. Шығыс Тұркістанда мал шаруашылығымен айналысқан қазақтар үшін төрт түлік мал, оның терісін өңдеу жат нәрсе емес. Алайда, түріктердің де бұл кәсіпте көші ілгері. Тіпті тарихқа көз жүгіртсеңіз, тері өңдеудің қазіргі ғажап технологиясы Ыстамбұлда асыл сұлтандары Фатихтің заманынан басталған екен. Соғысты жеңу үшін Сұлтан тері киімдер тігетін көп зауыттар салдырған. Онда арнайы ұсталар ұстаған. Одан кейінгі сұлтандар да ата-баба дәстүрін жалғастырып әскерді тері киіммен, тері қару-жарақпен қамтамасыз еткен. Сол дәстүрі қазір де үзілмей ұрпақ еншісінде жалғасып келеді. Бұған дәлел - Ыстамбұлдағы Харбийе әскери мұражай, ондағы көне былғары дүниелер, киімдер, қару-жарақтар. Ендеше былғары өңдеуде бәсі жоғары Түркияда Тұран Бахадырдың тасы қалай өрге домалады? Түріктің киноиндустриясын ағамыз қалай қызықтырды?
«Dede Korkut hikayeleri» сериалы. Тұран Бахадүр тіккен бас киім
«Қазақ пен түрік қандас. Ежелгі тарихы, ішкен асы, киген киімі... яғни ортақ дүниесі көп. Бірақ жылдар өтіп, тарих еншісінде екі елдің бірде көші ілгерлеп, кейде тасы домалап отырған сәттер де бар. Мен бала кезімнен ата-бабаларымның былғарыны іске баратудағы ерекшеліктерін көріп өстім. Түрлі әдісті игерген ұсталармен бірге жұмыс істедім. Нәтежесінде менің ісім алға жүрді, ең бастысы оның тарихи құндылығын жоғалтпай, ұлттық модрен дүние жасауды көздедім. Бәлкім сол қасиетім түрік киноиндустриясына үлес қосуға себеп болған шығар» дейді шебер Тұран Бахадыр. Қазір кәсібін балаларына өзі үйретіп отыр.
«Delli Dumrul» сериалы
«Direniş Karatay» сериалы
Алғаш рет ағамыз «Dede Korkut hikayeleri» сериалынан тапсырыс алған. Одан кейін «Delli Dumrul», «Kuruluş Osman», «Direniş Karatay», «Hürküş» сынды және өзге де танымал фильмлердегі актерлер үшін арнайы киім тіккен екен. Мысалы соңғы фильмдегі ұшқыштардың былғары күртешелеріні Тұран Бахадүр тіккен. Қазір түрік киноларындағы ежелгі ескі түркілерге тән киім үлгілерін де шеберден іздеп табады екен. Уақыт өте кино түсіретін компаниялар көп келе бастаған. Соңғы жылдары былғары бұйымдарына Түркия ғана емес, әлемнің әр түкпірінен сұраныс көбейген. Бүгінде АҚШ, Араб Әмірліктері, Ресей, Канада, Австралия, Украина және Еуропаның бірқатар елдерінде тұтынушылары бар. Сонымен қатар, әншілер, оның ішінде Түркияға танымал Алперрен Кекили сахналық киімдеріне Тұран шеберге тапсырыс беретін көрінеді. «Кейде қарапайым адамдардың берген тапсырысын, соңында бір сериалдан көріп қаламын. Бізді қанша алдағанмен өз дүниемізді бірден танып қоямыз» деп күлді Тұран Бахадыр сұхбат бере отырып.
Автор: Серикгуль СУЛТАНКАЖИ.