«Астана Опера» теноры Италия төрінде
Сәуір айының басында «Астана Опера» әншісі, Astana Opera Халықаралық опера академиясының түлегі, республикалық және халықаралық байқау жеңімпазы Әлихан Зейнолланың Еуропада дебюті өтті. Флоренцияда тағылымдамадан өткеннен кейін отандасымыз Будапештте әйгілі Ф. Лист залының сахнасында өнер көрсетті. Әлихан Зейнолла Дж. Россинидің «Стабат Матер» мессасын орындады. Қойылымнан кейін оған келесі театр маусымында венгриялық әріптестерімен бірге концерттік гала-бағдарламаға қатысу ұсынылды.
«Астана Опера» әншісі Әлихан Зейнолла жақында Флоренцияда Маджио Музыкале Фьорентино (Teatro del Maggio) тағылымдамадан өтті. Пәндердің негізгі курсы италиялық театр жанындағы түрлі жастар бағдарламасын жүзеге асыратын Маджио Музыкале академиясында оқылды.
Академия директоры Джанни Тангуччи 2023 жылдың жазында Флоренцияда өткен сәтті тыңдаудан кейін қазақстандық вокалистің талантын байқап, оған білімін шыңдауды ұсынды.
«Маған Astana Opera Халықаралық академиясында үйренген тілімді машықтауға бірегей мүмкіндік туды. Сонымен қатар мен итальяндық баритон саласындағы вокал мұғалімдері Винченцо Спатола, Джанни Тангуччи, буффонды баритон, Россини, Доницетти, Моцарт партияларының шебері Бруно де Симоне сынды әртүрлі танымал опера әншілерден шеберлік сабақ алдым. Концертмейстерлер мен жаттықтырушылардан вокал техникасын жетілдірдім. Мен Бергамо қаласындағы Доницетти театрының көркемдік директоры, өте танымал пианист Джулио Заппамен жұмыс істеу бақытына ие болдым. Біз көптеген партияларды, арияларды, романстарды талдадық, итальяндық опера стилінде жұмыс істедік. Сондай-ақ, мен италиялық әртістердің дайындығына қатысып, олардың жұмыс процесін зерттедім, актерлік және вокалдық шеберліктің барлық қырын сіңіруге тырыстым, режиссерлер мен дирижерлердің солистерден не талап ететінін көрдім. Менің ойымша, бұл мен үшін жақсы тәжірибе болды. Мен Astana Opera халықаралық опера академиясының педагогы А. Гусевтен үлкен шығармашылық қолдау алғанымды атап өткім келеді», - деді Әлихан Зейнолла.
Жас болғанына қарамастан, «Астана Опера» әншісі халықаралық опера аренасында сұранысқа ие. Биыл тамыз айында Әлихан Зейнолланың Тосканада 4 концерттік қойылымы жоспарланған. Сондай-ақ ол әлемдегі ең беделді орта, және қазіргі замандағы атақты әншілер өнер көрсетуді қалайтын бірі Песаро қаласында (Италия) өтетін Россини опера фестиваліне қатысады. Қазір А. Зейнолла З. Палиашвили атындағы Тбилиси мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында Дж. Россинидің «Севиль шаштаразы» спектаклінде Граф Альмавиваның партиясын орындауға дайындалуда. Әнші жоспарында биыл қазан айында Флоренциядағы дель Маджио Музыкалле театрында Дж. Россинидің «Күлшеқыз» қойылымына қатысу бар.
«Маған әйгілі спектакльде басты партияны орындау ұсынылғаны үлкен тосын сый болды. Біздің елді вокал дайындығы Еуропадағы опера мектебінен кем түспейді. Бірақ «Астана Опера» мен қай жерде болсам да, әрқашан бірінші нөмір театр болып қала бермек, мен «Астана Опера» солисімін және мен Қазақстан өкілімін деп айтамын», - деді әнші.