Жақында Pitching 2024 киножобалар байқауы басталады
Бұл ақпаратпен facebook парақшасында kazakhcinema.kz бөлісті.
Бұған дейін мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды іріктеу ережесіне жаңа өзгерістер енгізілгені хабарланған болатын. Жақында жаңа ережеге сай жаңа байқау жарияланады.
«2023 жылы министрліктің қолдауымен 2022 жылы басталған 14 ойын және 2 деректі фильм жанрындағы фильмдердің өндірісі аяқталды. 19 жаңа киножоба өндіріске енгізілді. Биыл 2023 жылдың соңында іріктелген 18 жаңа киножобаның өндірісі аяқталуға жақын», - деп атап өтті ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Сондай-ақ, Министрлік киножобаны іріктеу Ережесіне өзгерістер енгізу мәселесін пысықтады. Атап айтқанда, бұл ұлттық фильм мәртебесін талап ететін киножобаларды қаржыландыру мен өндіруге қатысты. Бұл шара ашықтықты қамтамасыз ету және киножобаларды іріктеу рәсімін оңайлату мақсатында қабылданды.
«Жаңа ережелерге сәйкес, ұлттық киноны қолдау орталығы сценарийлерді қабылдайды, олардың ең жақсысын сарапшылар кеңесі таңдайды. Басым тақырыптардың қатарында ұлттық мүдделерге, идеологияға жауап беретін тақырыптар бар. Жақын арада жаңа форматтағы байқау жарияланады», - деп атап өтті министр.
Конкурстық іріктеу екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде сараптамалық кеңес тек сценарийлер мен сценарий жоспарларын қарастырады.
Екінші кезеңде іріктеуден өткен сценарий авторлары киножобаларды іске асыру үшін қажетті құжаттардың толық пакетін ұсынуы тиіс. Ашықтық үшін конкурс онлайн трансляция арқылы өтеді. Сараптамалық кеңес шығарған әрбір жоба бойынша қорытындыны кино орталығы ведомствоаралық комиссияның қарауына жібереді.
Министрлік киножобаларды қаржыландыру туралы түпкілікті шешімді тек конкурстық іріктеу нәтижесі бойынша қабылдайды.
Өзгерістер туралы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали де бөлісті: «Үміткерлер конкурс туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін 5 жұмыс күнінен кешіктірмей сценарийді Орталыққа электронды түрде жіберуі тиіс. Бүгінгі есеп бойынша өтініш берушілер үшін сценарий жазуға толық дайындыққа 3 ай уақыт бөлінді. Осы уақыт ішінде отандық киноиндустрия өкілдері ұлттық идеологияға сәйкес келетін орасан дүние жасайды деп үміттенеміз!»
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ұлттық киноны қолдау орталығы өзінің ресми сайтында 2024 жылға арналған басым тақырыптарды жариялаған болатын.