qazaq culture

buy tickets

kz
English Қазақша Русский Turkçe 中国语文科 العربية Español Français
/ Мақала
Ұлттық нақышқа толы Nomad Ballet
«Астана Операда» премьералар легі жалғасуда. 15 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында театрдың Үлкен залы сахнасында көрермендерге Nomad Ballet ұлттық хореографиялық нөмірлер кеші ұсынылады.

– Осынау премьералық бағдарламада ұлттық нөмірлерге ерекше көңіл аударып, қазақстандық мәдениеттің әсемдігі мен оның тарихының бай екенін атап өтуге тырысамыз. Біз жаңа нөмірлер дайындадық, осы ретте өзіміздің дарынды хореографтарымызды қолдаудың және дамытудың зор қажеттілігі туындап отырғанын айтуымыз керек. Олардың қатарында келешегінен үлкен үміт күттіретін жас хореограф Сұлтанбек Ғұмар бар. Оның шығармашылығының болашағы зор. Сұлтанбектің жеке жұмыстары қоғам арасында резонанс туғызып, балет сыншыларының оң пікіріне ие болған еді. 

Келешекте біз қазақстандық «Хассақ» этно-фольклорлық тобымен бірлесіп тағы бірпремьералық жобаны таныстыруды жоспарлап отырмыз. Заманауи және креативті жастар ұлттық дәстүрлерді ұқыпты сақтауда, бұл біздің тұжырымдамамызға толығымен сәйкес келеді. Осынау жобалар елорда тұрғындары мен қонақтарының жүрегінен орын алады деген сенімдемін, – деді «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісіАлтынай Асылмұратова. 

Nomad Ballet-тің мазмұнын ашу үшін әлемдік балет жұлдызы, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова жаңа бағдарламаны асқан ыждаһаттылықпен және талғампаздықпен құрастырды. Осылайша, отандық және шетелдік хореографтардыңнөмірлері бірін-бірі үйлесімді алмастырып, тарихи түп-тамырымызға тереңнен бойлауға мәжбүрлейді. Көрермендер олармен елордалық театрдың балет әртістерінің орындауындатанысады. Сонымен, Анвара Садықованың авторлық қойылымы – Steppe Sons альтернатив-фолк тобының музыкасына «Сарматтық абыз әйел» нөмірін Әмина Кисембаева мен балет әртістері ұсынады. Ал Патрик де Бананың қойылымындағы «Дала үні» балетінен адажионы Шұғыла Әдепхан мен Диас Құрманғазы, Олжас Тарланов пен Әсел Шайкенова орындайды. Осы тамаша балетмейстердің хореографиясындағы тағы бір әсерлі нөмір – «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына «Қилы заманды»Сұлтанбек Ғұмар таныстырады. 

Айта кетейік, бұл кеште көрермендер Сұлтанбектің хореограф ретіндегі қабілетіне де баға бере алады, өйткені оның Ш.Айтматов шығармасындағы мәңгүрт тақырыбы бейнеленген «Mangurt» және бабалар рухын көрсететін «Рух» авторлық нөмірлері Nomad Ballet бағдарламасына көрік береді. Осынау бірегей хореографиялық миниатюралардысахнада Лимара Айдарова, Руслан Қанағат және Ислам Қайыпбай жүзеге асырады.

Кештің ерекшелігі Қазақ ұлттық хореография академиясының докторанты Алмат Шәмшиев қойған «Дем» хореографиялық миниатюрасының премьерасы болмақ. Бұл дарынды хореограф «Астана Опера» көрермендеріне «Асан мен Үсен» және Анвара Садықовамен бірлесіп шығарған «Жәрмеңке» сынды қойылымдарымен белгілі. А.Шәмшиев «Дем» хореографиялық композициясы туралы ой үш жыл бұрын пайда болғанын және оны арнайы «Астана Опера» әртістері үшін қойғанын, сондай-ақ оның техникасы өте күрделі екенін атап өтті. Көрермендерді жаңа қойылыммен таныстыруБекзат Орынбаев, Райымбек Болат пен Досхан Зәйдінге жүктеліп отыр.

– Өмір - тыныс алудан басталады. Әрбір тіршілік иесі дүниеге келгеннен кейін құлшыныспен өмір сүреді, бірақ сол берілген демнің де бір күні сарқылатын уақыты жетеді. Дегенмен әркім өзіне берілген уақытты қалай өткізеді? Айналасына шуақ шашып, жаны жақсылыққа құмарта ма, жоқ әлде керісінше, қиянатқа толы өмір сүре ме деген философиялық көзқарас нәтижесінде туған шығармашылық қойылым «Дем» деп аталды. Қазақтың бүгінгі күнге дейін қандай аумалы-төкпелі кезеңдерді бастан өткергенін тарихтан білеміз. Жан-жаққа шашыраған ой-пікір мен талас-тартыстың жетегінде кетпей,бейбітшілік пен ауызбіршіліктің маңыздылығын түсіндіру мақсат болды. Қазақстанның халық әртісі, қазақ сахна биінің негізін қалаушы Дәурен Әбіров бізге мол мұра, оның ішінде қазақ ерлер биінің лексикасын, ерекше пластиканы қалдырды. Оның мектебіндегіэлементтерде «Айдаhарша иірілу» деп аталатын қимыл бар. Жаңа қойылымды жасау кезінде біз осы қимылды хореографиялық мәтінге негіз етіп алдық. «Айдаhарша иірілудің» орындау техникасын қолдана отырып, оны әртүрлі элементтерді қосу арқылы күрделендірдік. Бастапқыда үш кейіпкер – Су, Жер, От өз күштерін көрсеткісі келеді, олардың арасында тартыс басталады, бірақ ең соңында үшеуі бір мүддеге бірігеді. Қазіргі таңда ойымды орындаушыларға жеткізу, олардың би мазмұнын түсінуі бойынша дайындық қызу жүріп жатыр. Әртістерге зор үміт артамын, өйткені бұл қойылымтехниканы көрсетуді ғана емес, музыкаға ілесіп, бейнені, әрбір қимылдың мінезін ашуды талап етеді. Автор үшін еңбегінің жарыққа шығуы дүниеге сәби келгенмен тең, сондықтан бұл оқиғаны өмірімнің маңызды белесі деп санаймын, – деген А.Шәмшиев Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Астана Опера» сахнасында би қою өзі үшін зор мәртебе әрі қуаныш екенін айтты. Сондай-ақ ол егемен еліміздің гүлдене беруін тіледі.

Өз кезегінде «Астана Опера» балет труппасының әртістері де барлық қазақстандықтарды келе жатқан мемлекеттік мерекемен құттықтап, көрермендерді ұлттық нақышқа толы Nomad Ballet премьерасында бекзат өнердің атмосферасынан ләззат алуға шақырды. Бұл бағдарламаның барлығы – қазақ биіндегі жаңа хореографиялық қолтаңбаны іздеуге деген талпыныс болып табылады. 

Сондай-ақ бұл кеште XX ғасыр жауһары – Н.Римский-Корсаковтың музыкасына атақтыхореограф М.Фокиннің қойылымындағы «Шехеразада» балеті ұсынылады. Спектакльде Алтын құл мен Зобеиданың басты партияларын балет труппасының жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақтияр Адамжан мен Әнел Рүстемова орындайды. Театрдың симфониялық оркестрі дирижер Арман Оразғалиевтің басқаруымен өнер көрсетеді. 

Спектакльдің басталуы 17.00-де.

11 декабря, 2024
42
Осы туындымен бөлісіңіз: