Ғылыми экспедиция нәтижелері бойынша 40-қа жуық ежелгі қолжазбалар табылды
Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының қызметкерлеріне Жамбыл облысындағы ғылыми экспедиция барысында араб, парсы, шағатай тілдеріндегі 40-қа жуық көне қолжазбалар мен сирек кітаптар табысталды.
Ежелгі кітаптардың қатарында - XVIII ғасырдың ортасында өмір сүрген Аллаяр Сопының жұмысы, қолжазба өлең түрінде жазылған пайғамбарлар өмірбаяны, Қазанда басылған Қасиетті Құран Кәрімнің бірнеше данасы, 1894 жылы Қазанда басылған түрік-Осман авторы Мұхаммед Челебидің «Мұхаммадия» кітабы, «Мәуліт» жұмысы, Физули өлеңдері, Ханафи мазһабы бойынша іргелі еңбектердің бірі - «Шарх әл-Викая», 1893 жылы басылған «Шарх әл-Кафия ли-Исфаханди», Қожа Хафиздің парсы тіліндегі ғазалдары, Мұхаммед Саляхтың 1902 жылы қазанда жарық көрген «Таржама Мұхтасар Әл-Викая» шығармасы, сондай-ақ Шағатай тіліндегі араб грамматикасы бойынша кітаптар мен мұсылман күнтізбесі.
Сонымен қатар қолжазбалар орталығының қызметкерлеріне кітаптар сақталған құнды жәдігер - қара былғарыдан жасалған сандық берілді.
Ғылыми-зерттеу экспедициясы барысында орталық қызметкерлері Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы мен Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі және «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында болған. Осы мекемелерден бірнеше құнды кітаптардың көшірмелері алынды.