«Ғасырлар Руханияты» көрмесінде 30-ға жуық сирек кітаптар мен 50 қолжазба ұсынылды
Еліміздің рухани және мәдени тарихымен таныстыру мақсатында Астанадағы ҚР Ұлттық қолжазбалар мен сирек кітаптар орталығында алғаш рет Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «Ғасырлар руханияты» көрмесі өтті.
Көрмеге келушілерге XVIII-XX ғасырда жарық көрген 30-ға жуық сирек кездесетін кітаптар мен араб, парсы және шағатай тіліндегі 50 қолжазба, ишан Марал Қалмұхаммедтің ұлына, Сейтпенбет әулиеге, Бұқарбай батырға, Сердали биге тиесілі жазба ескерткіштері мен мөрлер, Сыр өңірінің ақындары мен айтыскерлері пайдаланған сегіз музыкалық аспап ұсынылды.
Көрмеге Астана мемлекеттік мұрағаты, Юнус Эмре атындағы Түрік мәдениеті орталығы, Еуразия ұлттық университеті, «Аманат» партиясы өкілдері, ғалымдар мен мамандар қатысты.
Сондай-ақ, қонақтар еліміздің рухани мұрасы саналатын құнды жазба ескерткіштерімен, тарихи жәдігерлермен таныса алды, деп хабарлайды ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі.