qazaq culture

buy tickets

kz
English Қазақша Русский Turkçe 中国语文科 العربية Español Français
/ Мақала
Жәния Әубәкірова мен Гаухар Мырзабекованың жаңа жобасы
ҚР Халық әртістері Гаухар Мурзабекова мен Жәния Әубәкірова Астанада «Bach.Chopin» бірлескен жобасын ұсынды. Концерт Елордада «Қазақстан камераты» мемлекеттік классикалық музыка ансамблінің қатысуымен «Астана Опера» театрының сахнасында өтті.

Атақты әртістер Жәния Әубәкірова мен Гаухар Мырзабекова жылдар өткен соң дуэтте өнер көрсетіп, күш-жігер мен талантты қайта біріктіруге шешім қабылдады.


Олардың осы тектес алғашқы тәжірибесі Мәскеу консерваториясын бітіргеннен кейін болды. Олар Франциядағы халықаралық байқауда ел атынан өнер көрсету құқығын иелену үшін Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген ең мықты музыканттар арасында қатаң іріктеуден өтіп,оның лауреаты атанды.


«Мен әрқашан Гаухар Мырзабекованың шығармашылық келбетіне қызығушылық танытамын: онымен бірлескен концерттерде өнер көрсеткен кезде, Гаухар Құрманбекқызы «Қазақстан камераты» камералық оркестрін құрған кезде. Гаухар концерттерге дайындық барысында маған және кейінірек оркестрдің жас музыканттарына квартет пен ансамбльдің ерекшеліктері туралы айтқанда оның жомарттығы мені таңқалдырмай. Нәтижесінде, үлкен педагогикалық таланттың, камералық музыка жасау тәжірибесінің, ұлы педагогтардан алған шеберліктің негіздері мен нәзік құпияларын білудің арқасында елімізде және одан тыс жерлерде кеңінен танымал «Қазақстан камераты» оркестрі құрылды, ұжымдағы ынтымақтастық - музыканттар үшін үлкен қуаныш», - деді Жәния Әубәкірова.

Бірнеше онжылдықта Ж. Әубәкірова мен Ғ. Мырзабекова Қазақстанда фортепиано мен скрипка мектептерінің жоғары стандарттарын дамыту үшін жобалар жасап, симфониялық және камералық орындау мәдениетін көтеруде. «BACH.CHOPIN» концерті - олардың музыкалық және білім беру бастамасының бөлігі.


«Репертуардағы әрбір шығарма маңыздылығы жағынан әртүрлі, әйгілі шығармалар, бірақ орындаушылар әрқашан өздері үшін қандай да бір бұрылыс пен оларға жүгінуге себеп табады. Бахқа немесе Шопенге келетін болсақ, бұл тыңдаушылар үшін де, орындаушылар үшін де әрқашан рахат сезім және сонымен бірге жұмбақ», - деп атап өтті Жәния Әубәкірова.

Музыкалық кеш бағдарламасына И.С. Бахтың фортепиано мен №5 фа минор камералық оркестрге арналған концерті, Ф. Шопеннің №2 фортепиано мен ішекті оркестрге арналған концертінің фортепиано мен камералық оркестрге арналған нұсқасы, британдық композитор Питер Уорлоктың «Каприол сюитасы», П.И. Чайковскийдің до мажор ішекті оркестрге арналған серенадасы кірді. Концертке дирижер, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Павел Романенко арнайы шақырылды.

 «Жания Әубәкірова екеуміз музыкант үшін кәсіби қолдаудың қажеттілігін жақсы түсенеміз. Көптеген жылдар бойы біз еліміздің әр бұрышына концерттермен бірнеше рет бара алдық. 

 

Біздің «BACH.CHOPIN» бірлескен жобамыздың мақсаты аймақтарға шығармашылық көмек көрсету, олардың кәсіби деңгейін көтеру. Біздің жеке концерттік тәжірибеміз өңірлерге әрқашан назар аудару керектігін және кәсіби қолдау қажет екенін айғақтайды, ал оны жүзеге асыру үшін бізде қажеттіның барлығы бар. Жоба аясында классикалық музыка концерттері ғана емес, сонымен қатар жас музыканттарды тәрбиелеудің әдістемелік мәселелеріне арналған шеберлік сабақтар, дөңгелек үстелдер, кездесулер өтеді. «Қазақстан камераты» классикалық музыка ансамблінің жобадағы рөлі – еліміздегі кез келген музыкант қайда ұмтылу керек екенін түсінуге арналған эталондық үлгі. Бұл ең жоғары кәсіби деңгейдің, шексіз техникалық жетілдірудің және ең ұсақ бөлшектермен жұмыс істеудің жарқын мысалы», - деді «Қазақстан камераты» мемлекеттік ансамблінің негізін қалаушы және көркемдік жетекшісі Гаухар Мырзабекова.


Ж. Әубәкірова мен Г. Мырзабекова «Bach.Chopin» бірлескен жобасымен Қазақстанның көптеген өңірлерінде өнер көрсетуді жоспарлап отыр.


Келесі концерт 30 сәуірде, сағат 19.00-де Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтеді. Афишаны қадағалаңыз.


Жоба негізін қалаушылар туралы ақпарат: 

 

Гаухар Мырзабекова - ҚР Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері. К. Байсейітова атындағы Дарынды балаларға арналған арнайы музыка мектебінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, бірқатар бірінші дәрежелі скрипкашылар тәрбиелеген аңызға айналған педагог Н.М. Патрушевадан тәлім алған. 1980 жылы П. И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында КСРО Халық әртісі, профессор Д. Ойстрах пен УКСР еңбек сіңірген әртісі О.Крысаның скрипка сыныбы бойынша білім алған.

 

Студенттік шақта ол Польшада Г. Венявский атындағы халықаралық скрипкашылар байқауына қатысты, сонымен қатар Венгрия мен Италияда жеке концерттер берді. КСРО Халық әртісі Святослав Рихтердің жетекшілігімен ежелгі музыка ансамблінде ойнады, ансабльде онымен бірге көрнекті музыканттар О. Каган, Н. Гутман, Ю. Башмет және т. Б өнер көрсетті.

 

Г.К. Мырзабекова Ресей, Чехия, Италия, Германия, Түркияда өткен Халықаралық фестивальдерге қатысты. Ол ішекті аспаптарда орындаушылардың халықаралық байқауларының қазылар алқасының мүшесі ретінде, сондай-ақ Италияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Филиппинде шеберлік сабақтар өткізуге шақырылды.

 

2002 жылдан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория профессоры.

 

1997 жылдан қазіргі уақытқа дейін «Қазақстан камераты» мемлекеттік классикалық музыка ансамблінің директоры, көркемдік жетекшісі және солисі. Жоғары кәсібилік өзіндік репертуары мен қайталанбас орындау стилі бар ұжым құруға мүмкіндік берді.

 

Оркестрдің гастрольдік географиясы кең: АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Жапония, Оңтүстік Корея, Израиль, БАӘ, Чехия, Венгрия, Словакия, Түркия, Македония, Үндістан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Швеция, Қытай, Филиппин.

 

Жәния Әубәкірова - ҚР Халық әртісі, әлемнің үздік сахналарында өнер көрсететін көрнекті қазақстандық пианист. Оның әйгілі оркестрлермен концерттері Қазақстанда, Францияда, Англияда, Германияда, Жапонияда, Ресейде, Польшада, Италияда, АҚШ-та, Израильде, Грецияда, Венгрияда ірі залдарда үнемі өтіп тұрады. 1994 жылы ол бастама көтеріп, Ж. Әубәкірова  колледжі ұйымдастырылды, (кейіннен Ж.Әубәкірова авторлық мектебі) – білім ордасы Қазақстандағы алғашқы мемлекеттік емес оқу орындарының бірі, оның бағдарламасында жалпы орта білім беру барлық оқушыларға қосымша музыкалық білім берумен ұштастырылған.

 

1997-2018 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория ректоры. Жәния Әубәкірованың жетекшілігімен консерватория еліміздің жетекші музыкалық жоғары оқу орны және республиканың мәдени-ағарту орталығына айналды, ал 2001 жылы Ұлттық мәртебе алды.

 

Жәния Әубәкірова бастамасымен Қазақстандағы алғашқы «Классика» музыка агенттігі (1998 ж.) ұйымдастырылды, ол «Франциядағы қазақ маусымы»«Алматыдағы Халықаралық пианистер байқауы», «Жас жұлдыздар»«Роялға арнау»«Almaty International Piano Festival», «Шетелдік профессорлардан шеберлік сабақтар» сынды бірнеше халықаралық жобаларды жүзеге асырған, Құрманғазы атындағы ҚҰК студенттері гастрольдері Еуропа, Ресей, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея елдерінде т. б. ұйымдастырылды.

 



26 апреля, 2024
233
Осы туындымен бөлісіңіз: