ҰСТАЗДЫҚ ҚАБІЛЕТІН ӨНЕРМЕН ҰШТАҒАН ЖАНДАР
Жуырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Адырна» атты республикалық көрме өтті.
Көрменің ашылу салтанаты
Шараның ерекшелігі – «Бабалар аманаты» этнографиялық дизайн одағының құрамындағы шығармашылықпен айналысатын ұстаздар мен олардың шәкірттері сән үлгілерін көрсетті. Көрмедегі ағаштан, теріден жасалған мүсіндер мен ұлттық киімдер және ғажап суреттерге қарап еріксіз таңдай қағасыз.
Кәнігі суретшілер мен шеберлерден кем емес. Ұстаздық қабілетін өнермен ұштастырған жандардың еңбектері қазақ өнеріне таудай үлес қосып жатқаны анық.
Сонымен қатар Одақ құрамына өткен республика көлеміндегі өзге де өнерлі ұстаздар марапатталды.
Одаққа өткен республика көлеміндегі өнерлі ұстаздарды марапаттау сәті
Шараның соңы мәдени шараға ұласып, Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармония ұлттық аспапта орындаушылары мен «Достық» ұйғыр ұлттық аспабтар ансамблі өнер көрсетті.
Қазақстандық «Бабалар аманаты» этнографиялық дизайн одағының» мақсаты ұстаздардың шығармашылығын қолдай отырып, ұлттық өнерді насихаттау. Сонымен қатар ғылыми конференциялар ұйымдастыру және этнографиялық зерттеулер жүргізу. Қазіргі таңда «Бабалар аманаты» этнографиялық дизайн одағының құрамында саз балшықтан бұйым жасайтын Дәриға Ерланқызы, кескіндеме саласында бірқатар еңбектерімен көзге түскен Абылай Ерғалиұлы, ұлттық аспап домбыра жасайтын шебер Жандос Ескермесұлы, зергер Серікхан Мәдиғалиев сынды ел алдында жүрген азаматтар бар. Ал заманауи мүсін жасайтын Қалдыбек Балабекұлы мен жүнмен ұлттық бұйымдар жасайтын Гаухар ханымның еңбектері тек ел алдында ғана емес, халықаралық көрмелерде де қойылып жүр.
Одақ президенті Қанағат Кодеков пен дизейнер Раушан Оразалиева
«Бабалар аманаты» этнографиялық дизайн одағының» президенті Қанағат Кодеков «Одақ құрылғанына аз ғана уақыт болса да бірқатар көрмелер өткізіп үлгерді. Қазір де одаққа қосылып жатқан ұстаздар көп. Біздің мақсат шығармашылықпен айналысатын ұстаздарға қолдау көрсете отырып, ұлттық құндылықтарды, өнерді насихаттау» дейді.
Автор: Серікгүл Сұлтанқажы