qazaq culture

buy tickets

kz
English Қазақша Русский Turkçe 中国语文科 العربية Español Français
/ Мақала
РАЙМА ӘУЕСХАН, тіл маманы, жас түркітанушы
Бүгінде әлемнің бір шетінде жүрсе де, қазақтың қамы үшін қомақты еңбек атқарып жүрген жастар көп. Соның бірі - Италияның Турин қаласында тұратын жас түркітанушы, алты тілде еркін сөйлейтін Райма Әуесхан. Жуырда Райманың докторлық диссертациясы монография ретінде Түркияда басылып шықты. Жас маман «Moğolistan’da Yaşayan Kazaklar: Tarihi, Kültürü, Dili ve Dil Durumu» яғни «Моңғолияда өмір сүретін Қазақтар: тарихы, мәдениеті, тілі және тілдік жағдайы» атты туындысында Алтай қазақтары туралы тарихи мәліметтерге ғылыми анализ (талдау) жасаған. Ең бастысы , Моңғолияда өмір сүретін Алтай қазақтарының көшпенді өмір салтын әлемге танытуға тырысқан. Осы ретте, «Алыстағы ағайынның» халін біліп, мәдениеті мен мұрасын әлемге насихаттап жүрген Раймамен сұхбаттасуды жөн санадық!

«АЛТАЙ ҚАЗАҚТАРЫ ТУРАЛЫ КІТАП ТҮРІК ТІЛІНДЕ ЖАРЫҚ КӨРДІ»

Qazaq Culture: Кітабың құтты болсын! Үлкен бір жұмыс деп ойлаймын? Бұл тақырыпты таңдаудағы мақсатыңды айта отырсаң?

- Рахмет! Бұл көп жылғы еңбектің қорытындысы. Өзім Моңғолияда туған соң ол жердегі қазақтардың тыныс-тіршілігі маған етене жақын, таныс. Әсіресе, ондағы қазақ мәдениеті қазір еуропаны қатты қызықтырып отыр. Міне, соның бәрін көріп, зерттеп жүрген соң әрі қазақ тілінің мәселесі де маңызды нысаным болды. Соның бәрін ескеріп, үлкен бір зерттеуді қолға алдым. Кітабым Түркияда түрік тілінде басылды. «Moğolistan’da Yaşayan Kazaklar: Tarihi, Kültürü, Dili ve Dil Durumu яғни Моңғолияда өмір сүретін Қазақтар: тарихы, мәдениеті, тілі және тілдік жағдайы» атты туындыда Алтай қазақтары туралы тарихи мәліметтерге ғылыми тұрғыда анализ жасалды. Негізі түрік тілінде Алтай Қазақтары туралы ғылыми әдебиет, мағлұмат тым аз. Еңбегім осы олқылықтың орнын толтырды деп ойлаймын. Жалпы басты мақсат- Моңғолияда өмір сүретін Алтай қазақтарының көшпенді өмір салтын әлемге таныту, ғылыми тұрғыдан зерттеу болды.

Райма, сен бірнеше тіл білесің. Дегенмен, ана тілінде емес, шет тілінде ғылыми кітап жазу қиынға соқты ма?

- Түрік тілін академиялық деңгейде білгендіктен аса қиын болмады. Жалпы ағылшын тілін мектептегі кезеңнен, яғни 5 -сыныптан бастап үйрендім. Бір тілді үйренгеннен кейін келесі шеттілдерді меңгеру оңай. Көп тілді тез үйреніп кетуімнің себебі қазақ-моңғол тілдерінде еркін сөйлейтіндігім шығар деп ойлаймын. Одан кейін Моңғолияда тұрып өмір сүріп жатсақ та, қазақша әдеби кітап оқып, соған құмартып өстік. Біздің үйдегі кітапхана қазақ тіліндегі әдеби кітаптарға толып тұратын. Сол кітаптарды оқи-оқи Қазақстанға, шетелге шығуға құштар болдым. Сол арманның құшағында мектепті бітіргеннен кейін бірден елден жырақ кеттім. Сол кезде мүмкіндіктерді қарастырып, Қазақстанға оқуға түсу үшін олимпиадаға дайындалдым. Бірінші орын иеленіп, Қазақстанға грантқа түстім. Солай Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу жолым басталды. Одан кейін аз уақыт Швецияда тұрдым, кейін Анкараға келдім. 2021 жылы осы қаладағы айтулы жоғары оқу орындарының бірі - Хажеттепе универсетінде түркітану мамандығы бойынша доктарантураны бітірдім.

- Олимпиадаға қалай дайындалдың? Қандай сынақтар келді? Сол кез есіңде бар ма?

- Әрине есімде. «Қазақ тілім - ана тілім, Қазақстан – атажұртым!» халықаралық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің олимпиадасы болды. Қазір де ұйымдастырылып тұруы керек. Оған шетелдегі қазақ балалары қатысатын. Бірақ өз еліңде үздіктер санатында болуың міндеттеледі. Сол үшін Моңғолиядағы олимпиадаларға үш жыл қатыстым. Бірінші, екінші орын иеленіп жүрдім. Ал Қазақстанда 2009 жылы Тараз қаласында өткен олимпиадада бас жүлдені жеңіп алдым. Ол кезде мен 10 сынып оқушысымын. 11-12 сынып оқушыларымен бірге бәйгеге түстім. Олардың ішінде мықтылары да болды. Мысалы қазіргі Қазақстандағы белгілі ақындардың бірі Ұмтыл Зарыққан да сол олимпиадаға қатысты. Солардың ортасына түсіп, бас жүлде аламын деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген жайт болды. Қазір соны еске алсам, өзім таңғаламын. Мүмкін дайындыққа, өз өзіме қатты талап қоя білгенімнің арқасы шығар. Өйткені, мектепке барып келіп, кешкісін қозғалмай отырып, олимпиадаға дайындалатындымын. Апам және мені дайындаған ұстазым Ақтоты Құрметқызының көмектерімен жетістікке жеттім деп ойлаймын. Жазған шығармаларымды, естеліктерімді, өлеңдерімді бәрін апама көрсететінмін. Ол кісі түзейтін жері болса, түзеп, өз ойын, ақылын қосатын. Олимпадада «Абай - қазақтың төл құжаты» деген тақырып келді. Абай-қазақ тілі-қазақ ұлты ұғымдарын ашып, осы үш тіректің тоғысыуын 12 бетке толтырғаным есімде... Олимпиада да қазылар алқасының құрамында Шерхан Мұртаза мен Мекемтас Мырзахметұлы болды. Ауызша сұрақ бөлімінде бізге ақ параққа жазылған сұрақтарды табыс етті. Алып қарасам үш сұрақтың да жауабын біледі екенмін. Оқушылар дайындала бастаған кезде, мен орнымнан тұрып, бірінші болып сол кісілердің алдына бардым. Сынақты екеуі қатар алды. Қорқу болды деп айта алмаймын, бірақ толқу болды...

Қазақстанда 6 жыл тұрдың, Түркияға да оқу үшін, біліміңді жалғастыру үшін келдің бе?

- Моңғолия қазақтарының арасында белгілі ұстаздар болған Әуесхан Ағызайұлы және Қатира Қалиқызының отбасында өсуім ғылымға келуімдегі алғашқы себеп болды. Қазақстанда қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша, ал магистратурада тіл білімі саласы бойынша оқыдым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алтай Аманжолов деген белгілі түрколог болды. Сол кісінің және Қаржаубай Сартқожаұлы, Ә.Қайдар, Р.Сыздық секілді түркологтардың, Базылхан Бұқатұлы, Зардыхан Қинаятұлы, Биқұмар Кәмалашұлы секілді Моңғолиядан шыққан ғалымдардың еңбектерімен таныстым. Бакалавр кезеңінден ғылыми жетекшім Сәуле Бектемірова апайым түркітану ғылымына мені жетелеген, дайындаған алғашқы ұстазым еді. Түркологияға деген қызығушылығым осылай оянды. Кейін осы сала бойынша тереңдетіп оқығым келді. Сөйтіп Түркияға оқуға түстім. Түркиядағы ең мықты университеттердің бірі – Хажеттепе. Хажеттепе университетінің Түркітану институтында түркітану мамандығына докторантураға оқуға түсіп, 2021 жылы табысты аяқтадым.

Түркітану деген - өте үлкен ауқымды сала. Биыл, осы мамандық бойынша доктарантура бітіргеніме екі жыл болды. Бірақ өзімді әлі түркітанушымын деп айта алмаймын. Өйкені, бұл саладағы тәжрибемнің аз екенін білемін, әлі еңбектену керек, зерттеу қажет... Сондықтан өзімді жас зерттеушімін деп айта аламын.

Түркітану түркітілдес халықтардың тілі, тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, фольклоры, қоғамдық жағдайы... деген сияқты сан-салаға бөлініп кете береді. Ауқымы кең. Оның ішінде менікі негізінен тілге байланысты. Түркі халықтарының тілі, қазақ-моңғол тілдерінің байланысы, көне түркі тілі, қазіргі қазақ тілі, қазіргі моңғолиядағы қазақ тілінің жағдайы... деген сияқты мәселелерді зерттеп жүрмін.

Моңғолиядағы қазақ тілінің жағдайы қандай деп ойлайсың?

Қазіргі Моңғолиядағы қазақ тілінің жағдайын екіге бөліп қарастыруға болады. Өйткені, бастапқыда қазақтар тек ғана батысында ғана болды. Қазір Баян-Өлгей аймағынан бөлек оның айналасында да өмір сүріп жатыр. Тіпті Моңғолияның барлық жерінде бар деп айтуға болады. Қазақ тілі Баян-Өлгейде өте жақсы, ал басқа Ұланбатор, Налайх, яғни Моңғолияның орта тұсындағы қазақтар саны аз болғандықтан ол жердегі қазақ тілінің жағдайы басқаша. Екі тілділік көп орын алған. Әсіресе, жастардың арасында екітілділіктен біртілдікке өту көп байқалады. Ол дегеніміз қазақ жастары да моңғол тілінде сөйлеп барады деген сөз.

Моңғолияда қазақ сыныптары бар ма?

- Бар, Баян-Өлгейдегі мектептерде бастауыш сыныптарда қазақ тілі сабағы кіреді. Қазақ балаларының ана тілінде білім алуына заңды құқығы бар. Бірақ ол заң нормалары тек Баян-Өлгейде ғана сақталып келеді. Ал Қобда немесе басқа аймақтарда бұл заң орындалмайды. Басқа мемлекетте тұрып жатса да, ана тілін сақтауға әр халықтың құқығы бар. Соған сәйкес кей мемлекеттерде үкімет деңгейінде шешім қарастырылады. Ал кей жағдайда адамдар өздері шешім қарастырады. Мысалы Ұланбатордадағы қазақ балаларының ана тілінде білім алуға құқығы бар болса да, бұл нормалар сақталмағандықтан адамдар өздері шешім қарастырады. Мысалы Ұланбатор және оның айналасында тұратын қазақтар балалары туған тілін ұмытып қалмас үшін жазда балаларын ата-әжесіне, туыстарына тіл үйреніп, жақсы сөйлеп келуі үшін жібереді. Яғни бұл жерде тілді сақтау үшін мемлекет тарапынан мүмкіндіктер қарастырылса жақсы, ал ол болмаған жағдайда ұлттың өзінің идеологиялық әрекеті өте маңызды. Соны Түркиядағы және Моңғолиядағы қазақтардың жайынан көруге болады.

Түркияда білім алдың. Мұндағы қазақтардың жағдайы, жалпы тіл мәселесі қандай?

- Қазір тіл біліміндегі социалингвистика яғни әлеуметтік тіл білімі бойынша қарастырсақ, Түркиядағы қазақтардың тілінің жағдайынан өкінішке қарай, жойылып бара жатқан тіл тенденциясын көреміз. Яғни жасы үлкендер қазақша сөйлесе алады, бір-бірін жақсы түсінеді. Ал олардың балалары немесе үшінші буын әсіресе немерелері түрік тілінде сөйлеседі. Өйткені Түркияда қазақ тілін қолдану аясы тек ғана отбасында. Дегенмен қазір тілді үйрену үшін, болмаса туған тіліңді өзге елде тұрсаңда жақсартып, дамыту үшін мүмкіндіктер мол. Сондықтан менің жеке ұсынысым үйреніп жүрген тілде де туған тіліңде де көп кітап оқу және жазу өте маңызды.

Әлемнің бірнеше елін аралап көрдің. Үйден жырақтаған сәттерде әрине, сағыныш, құлазу деген сезімдер болатыны айдан анық. Әсіресе, Отанға, туған топыраққа деген сағыныш ерекше ыстық. Осындай сәтте, Сен қай елді сағынасың? Қазақтың көк байрағын ба? Жоқ, әлде Моңғолия жерінде жатқан, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылын ба?

- Моңғолия қазақтары Қазақстанда қандай да бір жетістік болса, жастығымызды көкке лақтырып қуанамыз. Қазақстанннан жырақта тұратын қазақтар елге қатысты жаңалықтарға құлағын түріп отырады. Жақсысы болса, қуанып дегендей. Бірақ, Моңғолия біздің туған жеріміз, кіндік қанымыз тамған, ата-бабамыздың қағандық, хандық құрған атажұртымыз. Сондықтан Моңғолияға деген махаббат ерекше. Отанымыз Моңғолия, атажұрт – Қазақстан. Менің ойымша екі елге деген сағынышым тең деп ойлаймын. Бұл яғни анаң мен әкең сияқты қос қимасың. Мен және Моңғолиядағы барлық Қазақтар үшін екі елге деген отандық сезім тең деп ойлаймын. Мен енді ұзақ жылдардан бері шетелде тұрамын. Менде сағыну өзім тұрған, көп нәрсе үйренген, көрген, үйреніскен жерлерге, жақындарыма, достарыма бәріне болады. Бірақ адам үйренгеннен кейін құлазу деген нәрселер ақырындап азая бастайды. Жалпы әлем бәрімізге ортақ. Сондықтан ел жер көріп, көкжиекті кеңейткен дұрыс деп ойлаймын.

Бірнеше елге бардың. Олардың салты мен мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, әсіресе өркениетімен етене таныс болдың. Өзің сияқты ел аралап, жер көру үшін. Білім нәріне сусындап, ғлым жолына түсу үшін жастарға қандай кеңес берер едің?

-Менің ойымша қазір жастарға білімін шыңдауға мүмкіндіктер өте мол. Өз елінде тұрып, әртүрлі елдің тілін үйренуге болады. Бірақ тіл үйренуден бөлек, ел-жер көру адамның көкжиегін ашады. Бірақ оны саналы түрде жасау керек. Барып, демалып жай ғана қыдырып қайту емес. Қандай бір елге барғанда ол елдің мұражайына бару керек, кітапханасын көру керек, тарихын оқу керек. Ішкі мәдениетінің, болмысының сырларын көріп, білу керек. Мәдени саяхат болған кезде адамның жетілуі тіптен ерекше болады. Сонымен қатар қазір халықаралық аренада жұмыс істеу, көп тілді болу табысты болуға жетелейді. Мысалы қазақ тілділерге түрік тілін үйрену әлдеқайда жеңіл. Түркітектес халықтарда ортақ нәрсе көп, олардың тілі оңай сіңеді.

- Бала күннен кітап оқып өстім дедің. Жаныңа, болмысыңа жақын сүйікті жазушыларың кім?

- Қазақ тіліндегі ең жақсы көретін, сүйіп оқитын жазушым Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, ақындардан - Мұқағали Мақатаев. Қазіргі ақындардан - Ерлан Жүніс. Ал моңғол тілінде Ц. Дамдинсүрэн, Д.Нацагдорж және менің туған жерімнен шыққан Б.Бааст, сол кісінің кітаптарын жақсы көріп оқыдым. Ал түрік тілінде Зүлфи Ливанеллі, Сабахаттин Әли, Намык Кемал, Орхан Памук т.б. оқығанды ұнатамын. Қазіргі таңда Сабахаттин Али деген жазушының бір кітабын оқып жатырмын. Кітап оқу маған көп көмектесті. Үйде отырып, әлемге саяхаттайсыз. Болып жатқан оқиғаны көз алдыңызға елестетесіз. Мысалы Бала кезімде оқыған орыс жазушысы Александр Беляевтың «Балық адам» деген хикаясы, оның су астындағы қаласы менің әлі күнге дейін есімде. Фантастикалық жанр. Бірақ адамға қанат бітіреді.

Түбі бір болғандықтан, түрік тілін ұлты қазаққа үйренуге аса бір қиынға соқпайтын шығар. Ал, бірақ итальян тілінің түп-тамыры бөлек. Дантенің тілін меңгеру қиын болмады ма?

- Расында түркі тілдес халықтар бірі-бірінен географиялық жағынан алыс болса да, тілі жақын болған соң мәдениеті болмысы да жаныңа жақын өте. Әрі түріктер өте қонақжай халық қой. Қазір Италияның Турин деген қаласында тұрып, Венеция қаласында зерттеу жұмыстарыммен айналысып жатырмын. Әдемі қала таудың етегінде. Өзім оны Алматыға ұқсатамын. Тілдік мәселелер алғашында болды. Тіл білмеген жағдайда өз ойын жеткізе алмаған кезде, құлазу болып тұрады. Кейін тілді үйренгеннен кеін барлық нәрсе орнына түседі. Бөтен деген нәрсе таныс деген нәрсеге айналды. Қазір сондай бір қиындық жоқ.

Түркітану әлеміндегі оң өзгерістерді өзіңнен біле отырсақ...

- Түркітану ғылымындағы ауыз толтырып айтар соңғы жаңалықтарға келсек, Моңғолияда 2022 жылы Құтылық қағанның ескерткішінің орны табылды. Ол экспедицияны Түркі академиясы мен Моңғолияның ғылым академиясы ұйымы оның ішінде археологиялық институт бірігіп жасады. «Номғон» экспедициясы деп аталады. Нәпіл Базылхан сияқты эекспедиция ішінде жауапты, мықты ғалымдар бар. Жалпы енді ескі түрік ескерткіштері Моңғолия жерінде ғой. Соның ішінде Ұланбатор қаласына 45 шақырым жердегі Тоныкөк ескеркішін мұражайға алу жобасы басталды. Ашылулы Моңғолияда өтті. Оны Түркиядағы ТИКА ұйымы мен Моңғолияның үкіметі бірлесіп қолға алып жатыр. Осындай түркологияға қатысты жаңалықтарға елең етіп отырамыз. Қолымыздан келсе, барынша үлес қосу.

Рахмет, сәттілік!

Сұхбаттасқан: Серікгүл Сұлтанқажы

03 июня, 2024
111
Осы туындымен бөлісіңіз: