qazaq culture

buy tickets

kz
English Қазақша Русский Turkçe 中国语文科 العربية Español Français
/ Мақала
Италия, Австрия мен Қазақстан суретшілері «Дәстүр өнерін» таныстырды
ҚР Ұлттық музейінде «Дәстүр өнері» бірегей халықаралық жоба ұсынылды. Көрме заманауи өнердің бірден бірнеше бағытын қамтиды: бейне-арт, арт-инсталляция, фотография мен арт-спектакль. Көрермендер италиялық фотограф Габриэль Галимберти, австриялық суретші Норберт Брюннер және қазақстандық «Adyr Aspan» шығармашылық тобының жұмыстарын тамашалай алады.

Көрмеге келушілерді австриялық автор Норберт Брюннердің «Time Pill» («Уақыт капсуласы»)және «Сook Local Act Infinite» («Ұлттық Тағам - Мәңгілік Дәстүр») арт-инсталляциялар қарсы алады. Суретші белгілі бір уақыт аралығында объектив арқылы қарастырылатын ұлттық дәстүр мен дастархан тақырыбында тұжырымдамалық бейнелеу ұсынды. Автор көрерменді әңгімеге тартқысы келеді, өнер, уақыт, кеңістік пен дәстүр туралы философиялық көзқарас ұсынды. Норберт Бруннер Австрияның Хохенемс қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта ол Венада тұрады. Оның жұмыстары АҚШ, Австрия мен Германияда жеке коллекция иелігінде. Автордың жеке көрмелері АҚШ, Австрия, Швейцария, Ресей, Қытай және басқа елдерде өтті.

«Жобаға қатысқаныма өте қуаныштымын. Маған жергілікті суретшілермен жұмыс істеу және олармен бірге мәдениеттер диалогын құру бақыты бұйырды. Мен әрқашан жаңа елдерге саяхаттаған қызық. Әрине, Қазақстан - көшпелі болған, қиялыңды таң қалдыратын ежелгі мәдениеті бай ел. Мен қазақ даласын тереңірек зерттеп, оны өнер әлемінде көрсету үшін осы атмосфераға тереңірек енгім келеді»- деп атап өтті Норберт Брюннер.

Көрмеге келушілерді италиялық фотограф Габриэль Галимбертидің жұмыстары да бей-жәй қалдырмасы анық. «Оның ас үйінде» фотожобасын жүзеге асыру үшін автор жиырма бес елге табан тіреген. Фотограф көрерменді түрлі халықтың гастрономиялық дәстүрімен етене танысуға мүмкіндік береді. Оның кейіпкерлері ұлттық тағам әзірлеу құпиясымен бөліседі.

Көрмеде автор Қазақстанда жасалған бірқатар фотосуреттерді де ұсынды.

Габриэль Галимберти Италияның Тоскана аймағында, Ригутино қаласында дүниеге келген. Автор өзінің алғашқы жұмысын студенттік шақта жасайды. Ал қазір Габриэль Галимбертидің фотосуреттері әлемдегі ең беделді баспаларда жарияланған, олардың ішінде: National Geographic, The Sunday Times, Stern, Geo, Le Monde, La Repubblica, Marie Claire. Автор World Press Photo Award, James Beard Foundation Award, Premio Amilcare G. Ponchielli, APP Prize сыйлықтарының иегері. Габриэле National Geographic ресми фотографы және Canon брендінің ресми өкілі.

«Еуропалық және қазақстандық суретшілер арасында диалог құру мүмкіндігі пайда болды. Менің ойымша, бұл көрме суретшілер мен шығармашыл адамдар арасында байланыс орнатып қана қоймай, өнердің түрлі бағыттары арасында диалог тудыратын жоба», - деді көрме кураторы Ольга Даниэле.

Қазақстандық ADYR-ASPAN шығармашылық тобы көпшілік назарына «AQ Dala» концептуалды арт-спектакль ұсынды. Ол көрерменді қарға оранған Сарыарқа даласында орындалған биден ләззат алуға шақырады. Әппақ киімдегі бишілер қимылдарымен өздері туып өскен жердің дәстүрлі мотивтерін жеткізеді. Көрме жобасының материалы, бейне-арт, түсірілім мен монтажды дарынды оператор Алмас Мақсұт жүзеге асырды.


Көрме Ұлттық музейде (Астана қ.) 2024 жылдың 30 маусымына дейін жалғасады.


20 мая, 2024
342
Осы туындымен бөлісіңіз: