qazaq culture

buy tickets

kz
English Қазақша Русский Turkçe 中国语文科 العربية Español Français
/ Мақала
Бибігүл Төлегенова 95 жасын «Астана Опера» сахнасында атап өтеді
17 қарашада «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында Қазақ КСР және КСРО Халық әртісі, Қазақ КСР және КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, «Отан» орденінің кавалері, академик, көпшіліктің сүйікті опера әншісі Бибігүл Төлегенованың 95 жасқа толуына орай «Қазақтың бұлбұлы» мерейтойлық концерті өтеді.

Ол көптеген буын өкілдері үшін қазақстандық музыкалық мәдениеттің символы, тыңдармандарды ұзақ жылдар бойы тәнті етіп келе жатқан керемет лирикалық-колоратуралық сопрано дауысы бар қазақтың бұлбұлы болып қала береді. 

 

Онымен бір сахнада өнер көрсетуді өнерге енді қадам басқан жастар да, сахна майталмандары да армандайды. Бибігүл Төлегенованың құрметіне орай өтетін тамаша кеште көрермендер оның байқауының лауреаттарын, «Астана Опера» әртістерін көре алады. Орындаушылар өз тәлімгерінің өсиетіне құлақ асып, әлемдік және қазақ опера өнерінің жауһарларын таныстырады. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейір Байнеш, Салтанат Ахметова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Расул Жармағамбетов, Татьяна Вицинская, Назым Сағынтай, Дінмұхамед Көшкінбаев, Алтынбек Әбілда, Әлихан Зейнолла, Гүлдана Алдадосова және тағы басқалары бар.


Жасына қарамастан, Бибігүл Төлегенова белсенді шығармашылық қызметін жалғастырып келеді. Оның есімін айтқанда әрдайым жоғары кәсібилік, орындау тазалығы мен қазақ музыка өнеріне деген сүйіспеншілік ойға оралады.


Қазақстанның халық әртістері Шахимардан Әбілов, Айгүл Үлкенбаева, Башқұртстанның халық әртісі Альфия Каримова сахнада кеш қонақтары болады. Оларға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Зарина Алтынбаева, Толқын Забирова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Самал Байсейітова, Айзада Омарова, Нұрғалым Аманбай қосылады. Сондай-ақ салтанатты концертке «Астана Опера» театрының балет әртістері, хоры, балалар хоры, оркестрі, «Астана Балет» театрының әртістері мен «Forte Trio» аспаптық ансамблі қатысады. Дирижер тұғырында – Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяров, халықаралық байқаулардың лауреаты Элмар Бөрібаев.

– Бибігүл Төлегенова Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге сәулесін шашқан нағыз жарқын тұлға. Оның сыры неде екен? Себебі ол әнді жүрекпен шырқады. Оған менің құттықтауымды жеткізіңіздер, себебі қазір Қазақстанда бар опера өнерін осындай жандар жасады. Бүгін біз Бибігүл Ахметқызының, Ермек Бекмұхамедұлының жетістіктерінің жемісін көріп отырмыз, бұл — олардың еңбегінің нәтижесі, – деді Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Владимир Линчевский (Мәскеу).

 

Бибігүл Төлегенова ХХ ғасырдың жиырма көрнекті әйелдерінің бірі ретінде ЮНЕСКО  тізіміне енген. Ол шамамен отызға жуық марапатқа ие. Әншінің сан алуан репертуары «Гayhapтас», «Жиырма бес» халық әндерін, танымал композиторлар Л.Хамидидің «Бұлбұл», Е.Брусиловскийдің «Қос қарлығаш», М.Төлебаевтың «Еске алу», Е.Рахмадиевтің «Тарантелла», С.Мұхамеджановтың «Көктем вальсi», сондай-ақ П.Чайковскийдің, С.Рахманиновтың романстарын, Н.Римский-Корсаковтың операларынан арияларды, Г.Доницетти, Э.Григ, Ф.Шуберт сынды батыс-еуропа композиторларының туындыларын және тағы басқаларын қамтиды.

Мерекелік кеш ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді.

Концерттің басталуы 18:00-де


11 ноября, 2024
17
Осы туындымен бөлісіңіз: