qazaq culture

buy tickets

kz
English Қазақша Русский Turkçe 中国语文科 العربية Español Français
/ Мақала
4 маусым - Қазақстанның Мемлекеттік рәміздер күні
Бұл күні, 1992 жылы Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Мемлекеттік рәміздері бекітілді. 4 маусым ел тарихында 2007 жылдан бастап жыл сайын атап өтілетін Мемлекеттік рәміздер туған күні ретінде мәңгі қалады.

Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің мызғымас негізі. Олар әлемге Қазақстан Республикасы деп аталатын жаңа тәуелсіз елдің бейнесін көрсетті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында 32 шуағы бар арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран бейнеленген көгiлдiр түстi тiк бұрышты кездеме. Ағаш сабына бекiтiлген тұста ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою-өрнек - алтын түстi. Ту енінің ұзындығына қатынасы: 1:2. Ту авторы - Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші Ниязбеков Шәкен Онласынұлы.

Геральдика дәстүрінде әр түс белгілі бір ұғымды білдіреді. Көк түс адалдықты, адамгершілік пен мінсіздікті білдіреді. Сонымен қатар, көк түс түркі мәдениетінде терең символдық мәнге ие. Ежелгі түріктер аспанды тәңір әкесі деп қастерлейтін, ал олардың көк түсті байрағы ата-баба өсиетіне адалдықты бейнелеген. Күн байлық пен молшылықты, өмір мен энергияны бейнелейді.


Күн астында қалықтаған бүркіт мемлекеттің күшін, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, жоғары мақсаттар мен тұрақты болашаққа ұмтылысын білдіреді. Еуразиялық көшпенділердің дүниетанымында бүркіт бейнесі ерекше орын алады. Бұл олардың бостандық пен адалдық, қадір-қасиет пен батылдық, ойдың күші мен тазалығы сияқты ұғымдармен байланысты.

Қазақ ою-өрнегі әртүрлі формалар мен сызықтардың үйлесімін білдіреді, ол халықтың ішкі әлемін ашудың мәнерлі құралы. Ағаш сабына бекітілетін тұсында бейнеленген ұлттық ою-өрнек Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін бейнелейді.


Мемлекеттік Елтаңба – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген қола дәуірінің көшпенділері өздерін ерекше символ – тотеммен байланыстырған, оның графикалық көрінісі кейіннен «тамға» атауын алғанына трих куә. Бұл термин алғаш рет түркі қағанатында қолданыла бастады.



Егемен Қазақстан Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілісәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Елтаңба шеңбер (дөңгелек) түрінд, ол Ұлы дала көшпенділері арасында ерекше құрметке ие болған өмір мен мәңгіліктің символы. Мемлекеттік елтаңбадағы орталық геральдикалық элемент - шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбезді бөлігі) көгілдір фонда бейнеленген, одан уықтар (тіректер) күн сәулесі түрінде барлық бағытта таралады. Шаңырақтың оң және сол жағында мифтік қанатты жылқылар орналасқан. Жоғарғы бөлігінде көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, мифтік жылқылардың бейнесі, сондай-ақ «Qazaqstan» деген жазу алтын түстес. Шаңырақ - аспан күмбезіне ұқсайтын және еуразиялық көшпенділердің дәстүрлі мәдениетіндегі тіршіліктің негізгі элементтерінің бірі киіз үйдің негізгі жүйе құраушы бөлігі. Шаңырақ бейнесі – елімізде тұратын барлық халықтар үшін ортақ үйдің және біртұтас Отанның символы. Қазақстанның тұрақты дамуы әр азаматтың әл-ауқатына байланысты, шаңырақтың беріктігі мен тұрақтылығы оның барлық тіректерінің сенімділігіне байланысты. Мемлекеттік Елтаңбадағы қанатты мифтік тұлпарлар негізгі геральдикалық элемент. Жылқының бейнесі ежелден батылдық, адалдық және күш сияқты ұғымдарды бейнелейді. Қанаттар Қазақстанның көпұлтты халқының мықты және гүлденген мемлекет құру туралы сан ғасырлық арманын бейнелейді. Олар таза ойлар мен дәйекті жетілдіру мен жасампаз дамуға деген ұмтылыстың дәлелі. Жылқылардың алтын қанаты да алтын құлақтарға ұқсайды және қазақстандықтардың еңбекқорлығы мен елдің материалдық әл-ауқатын білдіреді.

Тағы бір деталь – бес бұрышты жұлдыз. Бұл символды адамзат ежелден бері қолданып келеді және адамдардың ақиқат нұрына, барлық асқақ және мәңгілікке деген тұрақты ұмтылысын білдіреді. Жұлдыз бейнесі қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен әріптестік үшін ашық ел құруға деген ұмтылысын көрсетеді. Мемлекеттік елтаңбада қолданылған негізгі түс – байлықтың, әділеттіліктің және жомарттықтың символы ретінде қызмет ететін алтын түс. Ту түсі де қолданылған – аспан көк, ол алтынның түсімен үйлеседі және ашық аспанды, бейбітшілік пен әл-ауқатты бейнелейді.

Қазақстан Әнұраны

Тәуелсіз Қазақстан тарихында еліміздің әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. 1992 жылдың басында Қазақстан Республикасының жаңа әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Іріктеу комиссиясына 750-ге жуық жоба жіберілді. Талқылау барысында жұртшылық Қазақ КСР әнұранының музыкасын сақтау қажеттілігі туралы пікір білдірді. Осылайша, алғашқы Қазақстан әнұраны музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди. Үздік мәтінге арналған байқауда белгілі ақындар: Музафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және ақын Жадыра Дарибаева ұсынған авторлық ұжым жеңіске жетті.


2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Оның негізіне халық арасында танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні алынды. Оны 1956 жылы Шәмші Қалдаяқов Жұмекен Нәжімеденов сөзіне жазған.

ҚР Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу 

Қазақстан астанасында мерекеге арналған көптеген іс-шаралар жоспарланған. Жазушылар аллеясында «Кітап қала» ашық аспан астындағы кітапхана базасында «Мемлекеттік рәміздер – ұлт нышаны» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылады. Бұл күні сағат 14.00-ден 16.00-ге дейін «Бәйтерек» монументінің алдында «Мен-Қазақстан патриотымын!» әскери-музыкалық патриоттық шеру өтеді. Сондай-ақ, қалалық арбатта және қалалық орталық саябақта «Рәміздерім – айбыным» акциясы өтеді. Акция аясында қала тұрғындарына мемлекеттік ту таратылады, жүлделер ойнатылады. Сағат 19.00-де қалалық арбатта «Менің елім!» патриоттық әндер шеруі өтеді. Сондай-ақ, 8 маусымда Астанада ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай жаппай веложарыс ұйысдастырылады.


Мереке құрметіне Алматыда сағат 11:00-де «Медеу» биік таулы спорт кешенінің алаңында мемлекеттік туды көтеру және әнұранды орындау салтанатты рәсімі өтеді. Сағат 15:00-де әлеуметтік қызметтер үйінде қоғам қайраткерлері, тарихшылар, сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен жастардың қатысуымен «Көк тудың желбірегені» тақырыбында конференция өтеді. Сағат 16:00-де «Алатау» дәстүрлі өнер театрында ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мерекелік концерт өтеді. Сағат 19:00-де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің «Менің елім» патриоттық концерті өтеді.

04 июня, 2024
179
Осы туындымен бөлісіңіз: