Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орта Азия аумағына танымал, бірегей әрі көне музейлердің бірі.
Музей қоры 300 мыңға жуық материалдық және рухани мәдениет құндылықтарынан тұрады.
Қазіргі таңда музейде тұрақты жеті экспозициялық зал жұмыс істейді, түрлі мазмұндағы коллекциялар көрерменге Қазақстанның байырғы палеонтологиясы, ежелгі, ортағасыр, жаңа және қазіргі заманғы тарихы мен мәдени мұрасы жайлы толыққанды мағлұмат алуға мүмкіндік береді.
Музей коллекцияларын құру туралы бастама ХІХ ғасырдың 30-жылдары қолға алынды. Оның негізі Орынбордағы Неплюев әскери училищесінде «Орынбор өлкесіндегі Музеум» деген атпен ұйымдастырылды. Оны ұйымдастырушылардың бірі – белгілі тіл маманы, «Орыс тілінің түсіндірме сөздігінің» авторы Владимир Даль. Әр жылдарда музей қорының құрамы Жетісу облысы (1929 ж.) мен республикалық атеизм музейінің (1941 ж.) коллекцияларымен толығып отырды. Музей 1904-1907 жж. Алматы қаласындағы вернендік белгілі архитектор А.П. Зенковтың жобасы бойынша салынған тамаша архитектуралық кешен – Вознесенский Кафедралды соборына орналасты.
1920 ж. Қазақ автономиялық республикасының басшылық қаулысымен Орталық Қазақ өлкетану музейі құрылды. Осы сәтте Орынбор губерниясы музейіндегі коллекциялардың бір бөлігі жаңадан құрылып жатқан Орталық өлкетану музейіне берілді. Алайда, ҚР МОМ-ның толыққанды қалыптасуы, Орталық өлкетану музейін Қазақ Автономиялық республикасының жаңа астанасы – Алматыға көшіруімен байланысты, 1929 жылы ғана толығымен аяқталды.
1944 жылы музей 1-категорияға жатқызылып, өзінің қазіргі – Қазақстанның Мемлекеттік Орталық музейі атауына ие болды. Бұдан кейінгі жылдары да өзінің қалыптасуы мен дамуында Мемлекеттік орталық музей еліміздің басты мәдени-ағартушы және ғылыми мекемелерінің бірі ретінде республиканың дамуына қомақты үлес қосты. XIX ғасырда өз қызметін бастаған, ХХ ғасырдағы бар қиындықты бастан өткерген Орталық музей еліміздегі өзге де музейлердің ұйымдастырылуы мен дамуына атсалысты. Орынбор, Қызылорда, Алматы кезеңдерін басынан өткерген, өлкеміздің археологиялық, этнографиялық және географиялық байлықтарын зерттеуде белгілі нәтижеге қол жеткізген музей көпшілікті ел тарихымен таныстырды.
Орта Азия мен Қазақ өлкесіндегі ең үздік архитектуралық ғимарат болып есептелетін музейдің қазіргі ғимараты 1985 жылы Ю.Ратушный, З.Мұстафина және Б.Рзағалиевтардың жобалары бойынша салынған еді. Мұндағы көрме экспозициясы 7000 шаршы метрді құраса, музейдің жалпы ауданы 20 мың. шаршы метрді құрайды. Музейдің қор коллекциясы тарихи, археологиялық және этнографиялық сипаттағы 300 мыңға жуық сақтам бірліктен тұрады. Музей экспонаттарының қатарында мәдени дәстүр мен ерте дәуірден бастап қазіргі заманға дейінгі Қазақстанның тарихынан көрініс беретін материалдық мәдениеттің тамаша ескерткіштері кездеседі.
Музейдің қор жинақтарын қалыптастыруда қазақ мәдениеті, әдебиеті мен өнер қайраткерлері, тарихшы ғалымдар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлерінің атқарған қызметтері зор болды. Атап айтсақ, А.Байтұрсынов, Ә.Жиреншин, Ғ.Мұстафин, К.Бадыров, Ә.Марғұлан және т.б. Мемлекеттік Орталық музейді әр жылдары Ә.М. Жиреншин (1942-1951 жж.), С.С.Есова (1956-1973 жж.), Р.И.Қосмамбетова (1974-1995 жж.), Г.Б.Дюсенбинова (1995-1997 жж.), Е.Т.Жангелдин (1997-1999 жж.) сынды іскер басшылар басқарып, еліміздің бас музейінің дамуына өзіндік үлестерін қосты.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұл музейдің, ең алдымен, ғылыми құрылым ретінде жұмыс істеуі, оған өзінің әртүрлі білім беру функцияларын жоғары деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 2005жылы Музей ресми түрде ғылыми-зерттеу ұйымы статусын иеленген еді. Бұл өз кезегінде музейдің ғылыми-зерттеу (оның ішінде қор жұмысы) және мәдени білім беру жұмыстарын жетілдіруге жаңа қарқын берген еді. ҚР МОМ ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізумен шұғылданатын дербес субъект ретінде ауқымды Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында әлеуметтік және ғылыми мәні зор көптеген зерттеу жобаларын жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді. Зерттеулер нәтижесінде 30 дан аса басылым жарық көрді, оның ішінде археология, этнография, нумизматика және Қазақстанның ежелгі және орта ғасыр тарихына қатысты нарративті деректер бойынша ғылыми каталогтар да бар. Бұлардың барлығы еліміздегі мамандар мен ғылыми көпшілік арасында ғана емес, сонымен қатар бірқатар шетелдік (Франция, Италия, Германия, Ресей және т.б.) ғалымдар арасында да жоғары бағаланды.
Еліміздің байырғы және басты музейінің бірі – ҚР МОМ отандық музей ісінің көшбасшысы болып табылады. Ал оның бай қорлары мен сәулетті залдарында халқымыздың ұлттық құндылығы болып табылатын аса құнды тарихи-мәдени жәдігерлер сақталуда. ҚР МОМ – елімізге келушілерді ең көп қабылдайтын музей.
Келушілер саны жыл сайын 130 мың адамға дейін жетеді, 100-ден аса дәріс оқылып, 30-дан астам көрме ұйымдастырылады, халық арасында танымал іс-шаралар мен түрлі мәдени білім беру бағдарламаларын өткізіп отырады. 2008 жылдан бері музейде, Нұрсан Әлімбайдың бастамасымен және тікелей жетекшілігімен құрылған, Ғылыми кітапхана жұмыс істейді. Осы жылдары ЮНЕСКО-ның бастамашылық етуімен, қор коллекцияларын электронды каталогтау мен паспорттау бойынша «Музеолог» бағдарламасы енгізілді. «Музеолог» Орталық Азия елдерінің музей ісі тәжірибесінде тың бастама болды.
Орталық музей өзінің арғы-бергі тарихында ғылыми бағыттағы жұмыстарды алдыңғы орынға қойып келеді. Бүгінгі күні де музей осы дәстүрден жаңылған емес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің «MUSEUM.KZ» рецензияланатын ғылыми-тәжірибелік журналында отандық зерттеушілердің және шетел ғалымдарының ғылыми жұмыстары қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады. Журнал өз қызметінде Committee on Publication Ethics – COPE халықаралық жариялау этикасы комитеті әзірлеген принциптерді, сондай-ақ Scopus (Elsevier) журналдарын жариялаудың этикалық принциптерін басшылыққа алады.
Бүгінгі таңда еліміздегі бірден-бір жетекші әрі ең ірі музей болып саналатын Орталық музейөз қызметінің негізгі бағыттары – мәдени-білім беру, экспозициялық-көрме, қор-сақтау, ғылыми-зерттеу, қалпына келтіру, жинау, есепке-алу, редакциялық-баспа, ақпарат және басқа да қызметтер бойынша нәтижелі жұмыс атқарып, алыс-жақын шетелдермен ынтымақтастық байланыс орнатқан, мемлекетіміздің бүгінгі таңда жүргізіп отырған саясатын мәдениет пен ғылым саласына енгізуде зор іс атқарды.
ҚР МОМ залдары
Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі екі ғасырға жуық тарихы жиналған Қазақстанның ең көне және ең ірі музейі. Орталық музейдің қор және экспозициялық коллекцияларының қалыптасуы ХІХ ғасырдың 30-жылдарынан басталады (Орынбор қ., 1831 ж.). 1920 жылы музей Орталық мәртебеге ие болды және Қырғыз (Қазақ) өлкесінің орталық өлкелік музейі деп аталды; 1944 жылдан бастап қазіргі атауы - Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі.
Музейдің қор коллекциясында ұлттық мәдениеттің игілігін білдіретін 300 мыңға жуық сақтау бірлігі бар.
Музей холында қайта жөнделген киімдер мен аксессуарлар ұсынылған: қола дәуіріндегі әйелдер (б.з.д. XIII-IX ғғ., қайта жөндеу авторлары – т.ғ.д., профессор Әкишев К. А., орындаушы т. ғ. д. А.Н. Подушкин.), орталық қола дәуіріндегі андронов мәдениетінің көптеген қорымдарын қазу кезінде табылған нақты артефактілер негізінде орындалған, б.з.д. XVIII-X ғ.ғ. Солтүстік және Шығыс Қазақстан, сақ көсемі – б.з.д. IV-III ғғ. «Алтын адам», Алматы облысы, Есік қорғанынан (авторлары т.ғ.д. К.А.. Ақышев және т.ғ.к. А.К. Ақышев), сақ басшысының киімін жануарлар, өсімдік мотивтері мен геометриялық фигуралар бейнеленген 4800 алтын бұйымнан тұратын күрделі, үйлесімділікке толы композиция безендіреді, бүгінде «Алтын адам» бүкіл әлемге танымал және Қазақстан Республикасының символы, хүнну (ғұн) жауынгері (б.з.д. II ғ. - б.з.д. I ғ., автор т.ғ.д. А.Н. Подушкин) және Канжу (Кангюй) мемлекетінің асыл әйелі, (б.з.д. II ғ. - б.з.д. IV ғ., авторы т.ғ.д. А. Н. Подушкин).
Музейде ежелгі заманнан қазіргі заманға дейінгі Қазақстан тарихы мен мәдениетінің дамуын көрсететін жеті негізгі стационарлық зал жұмыс істейді:
«Палеонтология және археология» залы екі экспозициялық кешеннен тұрады – палеонтологиялық және археологиялық. Палеонтологиялық кешен Жер планетасының пайда болуынан антропоген дәуіріне дейінгі Қазақстан аумағында табылған жануарлар мен өсімдіктердің шынайы қазба қалдықтарының мысалында жер бетіндегі тіршіліктің эволюциясы туралы дәйекті түрде баяндайды. Археологиялық экспозициялық кешен төрт бөлімнен тұрады: тас дәуірі, қола дәуірі, ерте темір дәуірі, орта ғасырлар және Қазақстан аумағын ежелгі заманнан XV ғасырға дейін мекендеген тайпалардың тарихымен, экономикасымен, діни көзқарастарымен, көркем қолөнерімен, сәулетімен таныстырады.
«Қазақтардың дәстүрлі мәдениеті» залы (тарихи этнография залы) қазақ халқының тіршілігін қамтамасыз ету жүйесіне, шаруашылық және тұрмыс салтына, материалдық және рухани мәдениетіне арналған. Материалдық мәдениет ескерткіштері жарқын этнографиялық экспонаттармен - тұрмыстық және қолданбалы өнер заттарымен, XVIII-ХІХ ғасырлардағы қару-жарақ пен әскери жабдықтар коллекциясымен, зергерлік бұйымдармен, қазақтың ұлттық киімдерінің үлгілерімен, кілем-киіз өндірісінің бұйымдарымен, сондай-ақ қазақтың дәстүрлі тұрғын үйі-киіз үймен бейнеленген. Бірегей жәдігерлердің қатарында қазақ қолөнершілерінің алтын тігу өнерінің үлгісі, Маржан тускииз (ХХХ ғ.), сондай-ақ Құран аяттармен безендірілген Сұлтан Арыстанның әскери сауыттары (бірінші қабат. XIX ғ.).
«Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан және диаспора мәдениеті» залы
Залдың экспозициялық бөлімдері Қазақстан аумағында тұратын этникалық диаспоралардың тарихы мен мәдениетін көрсетеді. Витриналарда дәстүрлі мәдениет пен тұрмыстың, бейнелеу және қолданбалы өнердің бірегей заттары, фотосуреттер, түрлі этностардың сирек кездесетін құжаттары ұсынылған. «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан» залының арнайы бөлімі Жеңіс жолындағы соғыс жылдарында майдандарда және тылда жанқиярлық ерлік көрсеткен қазақстандықтарға арналған. Экспозицияда киім-кешек, жазбаша және фотоқұжаттық материалдар ұсынылған.
«Егемен Қазақстан» залы. Зал экспозициясы 1991 жылдан бастап қазіргі заманға дейінгі Тәуелсіз Қазақстанның даму және қалыптасу тарихына арналған және еліміздің Мемлекеттік рәміздері – Елтаңба, Әнұран партитурасы, Ту, Мемлекеттік наградалар, Қазақстанда шығарылған ақша белгілері, маркалар ғана емес, сонымен қатар елдің түрлі саласындағы — экономикадағы, өнеркәсіптегі, білім, ғылым, мәдениет және спорт қазіргі дамуын бейнелейтін материалдарды көрсетеді. Біздің елге, шет мемлекеттер басшыларына келген кезде берілген сыйлықтар, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі рөлі мен орнын сипаттайтын фотоқұжаттық материалдар ерекше бөлімді ұсынады.
«Ашық қор. Қазақстанның археологиялық алтыны» залы» - ежелгі көшпенділер өркениеті шедеврлерінің шынайы қазынасын білдіреді. Шілікті, Тарасу (б.з.д. VII-VI ғғ.), Покровка (б.з.д. V ғ.), сондай-ақ Жалаулы (б.з.д. VIII-VII ғғ.) және Қарғалы (б.з.д. ІІ ғ. – б.з.I ғ.) Отырар-Қаратау мәдениетінің қазыналары мен ескерткіштері (IV – V ғғ.) Қазақстанның ерте көшпенділері - сақтар, сарматтар, савроматтар мен үйсіндер дәуіріндегі тайпалардың мәдени дәстүрін көрсетеді. Жалаулы қазынасынан аң стилінде жасалған зергерлік өнердің бірегей үлгілері – пектораль (төсбелгі) және тау қойларының мүсінімен безендірілген бұйымдар және үйсін зергерлік өнерінің ескерткіші – «Қарғалы диадемасы» ерекше қызығушылық тудырады.
«Антропология мұражайы» залы — Орталық Азиядағы бірегей антропологиялық және археологиялық заттар көрсететін жалғыз мұражай, бір жағынан қазіргі заманғы адамның құрылу процесін және оның жерге қоныстануын, екінші жағынан - қазақтардың этно - және нәсілдік-генетикалық тарихын бейнелейді. Экспозиция Қазақстанның ежелгі тұрғындарының, ерте көшпенділер – сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің, қаңлылардың, сарматтардың, савроматтардың антропологиялық ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік береді. Залда қазіргі қазақтардың антропологиялық типін қалыптастырудың терең тамыры мен кезеңдерін көрсететін антропологиялық реконструкциялар мен кешенді зерттеу материалдары қойылған.
«Н. Г. Хлудов» залында көрнекті орыс суретшісі, өлкетанушы, этнограф, 1879 жылы Қазақстанға келген Орыс Географиялық қоғамының Жетісу бөлімінің құрылтайшысы туындылары қойылған. Залда шебер мұрасының едәуір бөлігі және суретшінің жеке кешенінен алынған заттар қойылған.
Мұражай мына мекен-жайда орналасқан: Алматы қ., ш/а. Самал-1/44 үй.