«Бәйтерек» – тәуелсіз Қазақстан символы және керемет шолу мұнарасы бар елорданың ең танымал көрікті жерлерінің бірі.
Құру тарихы
Жоба 1996 жылы 25 қазанда ҚР Үкіметінің бастамасымен іске қосылды, сәулетшісі — Ақмұрза Рүстембеков. Құрылыс 2002 жылы аяқталды. Сол жылы тамыз айында ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті.
Құрылыс кезінде жер жұмыстарының көлемі 8600 текше метрді, бетон жұмыстар — 2900 м³, металл конструкциялары — 1000 тоннаны, күмбезді шынымен қаптау — 1555 м² құрады. «Бәйтерек» монументінің биіктігі - 102 метр. Құрылымды тәждейтін шардың диаметрі - 22 м.
Ескерткіш 1997 жылы ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшірудің символы ретінде салынған.
«Бәйтеректің» қазақ халқының өміріндегі жаңа кезеңнің алғашқы рәміздерінің бірі ретіндегі маңыздылығы «Аялы алақан» көркемдік композициясымен ерекшеленеді. 97 метр биіктікте орналасқан ҚР Тұңғыш Президентінің оң қолының бедері, ол 1997 жылды (Астананы мемлекеттің жаңа астанасы деп жариялаған жыл) білдіреді.
«Бәйтерек» монументін «Өмір ағашы» деп те атайды. Ежелгі көшпенділердің аңызы бойынша: әлемдер тоғысында Дүниежүзілік өзен ағып, Оның жағасында жерді тамырымен ұстап, тәжімен көкті тіреп тұрған Өмір ағашы – Бәйтерек бой көтереді. Жыл сайын Ағаштың тәжінде киелі құс Самұрық "Күн" атты жұмыртқа салады. Ал ағаштың түбінде мекендейтін Айдаһар осы жұмыртқаны жұтып қояды, бұл символкалық түрде - жаз бен қыстың, күн мен түннің ауысуын, жақсылық пен жамандықтың күресін білдіреді. Дәл осы оқиға ескерткішті құру кезінде сәулетшілерге шабыт берді.
Заманауи Қазақстандағы «Бәйтерек»
«Бәйтерек» монументінің айналасындағы ірі саябақтар мен алаңдар түрлі іс-шараларды өткізу үшін үнемі пайдаланылады. Мысалы, 2010 жылы Астана әкімдігінің шақыруымен Берлинде орналасқан United Buddy bears халықаралық көрмесі ұйымдастырылды. Осының арқасында әлемнің көптеген елінен келген шеберлер жасаған 125 бірегей өнер туындылары Қазақстан тұрғындары мен туристеріне көрсетілді.
Жыл сайын «Бәйтерек» алаңдарында түрлі іс-шаралар, концерттер мен фестивальдар өтеді. Елорда тұрғындары мен басқа өңірлерден келген қонақтар Астана қаласын монументсіз елестете алмайды. Бұл «Бәйтерек» тәуелсіз ел астанасының басты символына айналғанын көрсетеді.
Ескерткіштің шағын көшірмелері оқиғалардың құрметіне Қазақстан Республикасының басқа қалаларында да орнатылды: Өскемен, Риддер, Екібастұз, Қарқаралы, Лисаковск, Шахан және т.б.
Ескерткіштің бейнесі, сондай-ақ ұлттық валютада - Елорданың 10 жылдығына орай «50 теңге» естелік монетада және «10.000 теңге» купюрасында қолданылды.
2016 жылы ескерткіш конструкциясы жаңартылды.
Бүгінде «Бәйтерек» жас, берік, өсіп келе жатқан ағашты білдіреді, тарихи тамырын сақтап қалған, берік тірегі мен өркендеуге ұмтылған мемлекетті білдіреді.