Құрманғазы Сағырбайұлы - XIX ғасырдағы танымал қазақ халық музыканты, домбырашы, композитор, күй авторы, халықтық домбыра мектебінің негізін қалаушы.
Түрлі деректерге сүйенсек, Құрманғазы 1818 жылы немесе 1823 жылы Бөкей Ордасында (Батыс Қазақстан облысы) Кіші жүз Байұлы руынан шыққан отбасында дүниеге келген. Ол бала кезінен домбыра ойнауға қызығушылық танытты. Әкесі Сағырбай мұндай кәсіпті құптамады. Анасы Алқа, керісінше, ұлының музыкаға деген сүйіспеншілігіне қолдау көрсетті.Нағашы жұртында атақты әншілер, күйшілер мен ақындар болған. 6 жасында ата-анасы ұлын бақташыларға беруге мәжбүр болды. Бірақ жас Құрманғазы домбырасын қалдырмады, ауылына келген күйшілерді тыңдағанды жақсы көрді. Олардың бірі, Ұзақ есімді күйші, баланың музыкаға деген ерекше қызығушылығын көріп, оның үлкен болашағына болжам жасады.
18 жасында Құрманғазы күйші ретінде ел аралай бастайды. Құрманғазы сол кездегі белгілі Байбақты, Шеркеш, Байжұм, Есжан мен Баламайсаннан білім алған. Ұзақпен бірге орындаушылар сайысына қатысып, көрнекті домбырашылар қатарында болды. Қазақтардың бостандық пен тәуелсіздік үшін күресінің куәгері болған Құрманғазы осытуралы күй жаза бастайды.
1880 жылы Құрманғазы Астрахань маңында, Сахма қаласына қоныстанып, айналасына шәкірт пен ізбасарларын жинады. Олардың арасында Ерғали Есжанов, Дина Нұрпейісова, Мәмен, Махамбет Өтемісов болды. Ол Күй атасы деген атқа ие болды, өйткені оның шығармашылығы ұлттық музыкалық мәдениет пен қазақ халық поэзиясының дамуына үлкен әсер еткен еді.
Құрманғазы, ең алдымен, формалардың бейнелі экспрессивтілігі мен жетілуімен сипатталатын күйлердің (домбыраға арналған аспаптық пьесалардың) авторы ретінде танымал болды. Сондай-ақ, Құрманғазы шебер орындаушы болатын. Біздің уақытқа композитордың 60 күйі жетті. Алғашқылардың қатарында «Кішкентай» күйін атап өтуге болады. Құрманғазы Бөкей ордасы қазақтарының Жәңгір ханға қарсы көтерілісіне куә болды. Ол халықтық-азаттық қозғалысының бастаушысына айналып, сол кездегі билікке жеккөрінішті болды. «Сарыарқа» күйі оның шығармашылығының шыңы деп аталады. Музыкатанушы Ахмет Жұбанов «Ғасыр жолдары» кітабында «Шығармада қуғын-сүргінде жүрген адамның туған жеріне деген сағынышы, халық өмірінің сол кездегі көрінісі бар» деп жазды.
Бүгінде елімізде Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі бар.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі – Қазақстанның аспаптық музыка өнері тарихындағы алғашқы және бірегей оркестр. Ол бүкіл әлемді қазақ музыкалық мәдениетімен, өзінің сұлулығымен теңдесі жоқ дала әуендерімен, бірегей қазақ музыкалық аспаптарымен таныстырды.
1944 жылы оркестрге ұлы күйші Халық музыканты Құрманғазы Сағырбайұлының есімі берілді. 1967 жылдан Қазақстанның еңбек сіңірген ұжымы, 1978 жылдан академиялық оркестр. 1984 жылы Оркестр «Халықтар Достығы» орденімен, 2020 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ұжымға Ұлттық мәртебе берілді. 2023 жылы еліміздің музыкалық жұртшылығы қазақтың ұлы күйшісінің 200 жылдығын атап өтті.