qazaq culture

buy tickets

kz
English Қазақша Русский Turkçe 中国语文科 العربية Español Français
Басты бет
/ Мәдени мұра
/ Димаш Құдайберген
Димаш Құдайберген

Димаш (Дінмұхамед) Құдайберген – әлемдік деңгейдегі талантты танымал қазақ орындаушысы, композитор. 2019 жылдан бастап әнші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.


Әнші 1994 жылы Ақтөбе қаласының кәсіби әншілері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, ақын, композитор, әнші және продюсер Қанат Айтбаев пен Ғ. Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармония солисі, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутатыСветлана Айтбаеваның отбасында дүниеге келген. Әкесі қазір «DimashAli» шығармашылық орталығының жетекшісі. Димаштың өзі айтқандай үлкен ата-анасы атасы Құдайберген Айтбаев пен әжесі Миуа Низамутдинова бала тәрбиелеуде, оның тұлға ретінде дамуында үлкен рөл атқарды, баланың музыкалық мәдениет әлеміне ерте енуіне ықпал етті.


Музыкалық тұрғыдан көп жұмыс істегеніне қарамастан, Димаш бала кезінен спортпен шұғылданды: футбол ойнады, таэквондоны игерді және жүзуде елеулі жетістіктерге жетті. Димаштың ата-анасы қазақ тілін терең білудің және дәстүрлі музыкалық аспаптарды меңгерудің маңыздылығын үнемі атап өтетін. Димаштың қарындасы Раушан мен бауыры Әбілмансұр да музыкамен айналысады: Раушан керемет әнші, ал Мансұр домбырада ойнайды.


Димаш екі жасында жергілікті театр қойылымында сахнаға шығып, кішігірім рольді сомдап шығады.

Бес жасында Димаш А. Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің балалар студиясында фортепиано мен вокалдан сабақ ала бастады. Студиядағы мұғалімдер баланың абсолютті есту қабілеті бар екенін сол кезден байқай бастайды. Алты жасында, 2000 жылы «Фортепиано» номинациясында «Айналайын» республикалық балалар байқауында жеңіске жетті. 2010 жылы Димаш А. Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжіне “Опера әншісі» мамандығы бойынша оқуға түседі.


2010-2013 жылдары Димаш төрт ірі байқауда жеңіске жетті: «Байқоңырдың жарқын дауысы», Қазақстандағы «Жас Қанат», Украинадағы «Восточный базар» және Қырғызстандағы «Мейкин Азия». Осы кезеңде Димаш өзінің болашақтағы хит әндері әкесінің сөзіне жазылған «Көркем» және Орал Байсеңгірдің «Ұмытылмас күн» өлеңдеріне музыка жазады. «Көркем» әніне (2013, 2014) екі нұсқада, «Дайдидау» (2014) әніне бір клип, барлығы үш бейнебаян түсіреді. 2014 жылы Димаш колледжді бітіріп, Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде «Эстрада өнері» мамандығында оқуын жалғастырады.


Бала кезінен Димаш Беларуссияның Витебск қаласында өтетін «Славян базары» эстрадалық ән орындаушыларының халықаралық байқауында жеңіске жетуді армандады. 2015 жылы Димаштың арманы орындалды. Ол байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды, мүмкін деген 180 ұпайдың 175 ұпайы қазақ әншісіне тиесілі еді. Қазақтың халық әні «Дайдидау», орыстың «Опять метель» және француздың «S.O.S d'un terrien en detresse» әндерін шырқаған Димаштың ерекше дауысы мен вокалдық диапазоны қазылар алқасын таң қалдырып, көрермендерге үлкен әсер қалдырды.


2015 жылы Димаш Қазақстан атынан Түркияның Стамбул қаласында өткен «ABU TV Song» халықаралық ән фестивалінде ән шырқайды. 2016 жылдың 1 қаңтарында Димаш өзінің аттас дебюттік шағын альбомын, сондай-ақ орыстың «Опять метель» әнінің қазақ тіліндегі «Аяз қырау» нқсқасына музыкалық бейнебаянын шығарды. 2016 жылғы 22 қаңтарда Қазақстанда «Халық сүйіктісі» марапатын тапсыру рәсімінде ол «Эстрада әртісі» сыйлығын алды.


2016 жылдың сәуір-желтоқсан айлары аралығында Димаш Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстанның 25 өңірінде 25 концерттен тұратын алғашқы концерттік турын өткізді, сондай-ақ Ресейдің Уфа және Қазан қалаларында екі концерт берді. Ол концерттік турды өз әнінің құрметіне «Ұмытылмас күн» деп атады.


2016 жылдың соңында Димашты Қытайдың «I am a Singer» вокалдық байқауының бесінші маусымына қатысуға шақырды, оны «HunanTV» телеарнасы 2017 жылдың 21 қаңтары мен 22 сәуірі аралығында апта сайын көрсетті. Ол 22 жасында шоу тарихындағы ең жас қатысушы ретінде кәсіби және ең сұранысқа ие Қытай әншілерімен жарысты. Жарыста ол финалға екінші орынмен жетті. Оның жобада шырқаған әндері, оның ішінде «Ұмытылмас күн» әні «Fresh Asia Music» чартының жоғарғы сатысына көтерілді.


2017 жылдың 27 наурызында Димаш америкалық Грэммидің (Grammy Awards) баламасы саналатын Қытайдың Шанхайдағы ERC Chinese Top Ten Awards музыкалық сыйлығының «Азияның ең танымал әншісі» номинациясын жеңіп алды.

2017 жылдың 5 сәуірінде Димаш Қытайда «Битва воспоминаний» фильмінің саундтрегі «Мәңгілік естеліктер» синглін шығарды. Ән алғашқы сәттен-ақ QQ іTUNES чартының бірінші сатысына көтерілді.


Димаштың шығармашылық жолындаға маңызды оқиға 2017 жылы өткен «Бастау» жеке концерті, оған 25 мың көрермен қатысты. Шоу 4 сағатқа созылды, онда қазақ, орыс, ағылшын, француз және қытай тілдерінде 30 ән орындалды.


2019 жылдың наурыз айында Димаш Құдайберген Мәскеуде Кремль сарайында өзінің алғашқы D-Dynasty жеке концертін өткізді. Билеттер концерт өтетеін күнге дейін көп уақыт бұрын сатылып кеткен, сондықтан оны келесі күні қайталау туралы шешім қабылданды.

Маусым айында Димаш Астанадағы «Астана Арена» стадионында «Арнау» жеке концертін ұсынды. Концертке 10 мыңға жуық көрермен жиналды. Түскен қаражаттың бір бөлігі Арыс тұрғындарының көмек қорына аударылды.

Желтоқсан айында әнші Нью-Йорктегі Barclays Center сахнасында 19 мыңға жуық адамға арналған жеке концерт берді. Сарапшылардың бағалауы бойынша түскен пайда шамамен 320 млн теңгені құрауы мүмкін.

Димаш Құдайберген сонымен қатар Лондонда жеке концерт берді, оған әлемнің 45 елінен 4600-ге жуық адам қатысты. Шоу әлемге әйгілі арена «Indigo» концерт залында өтті және ол Қазақстанның Ұлыбританиядағы мәдениет күніне орайластырылды. Түскен пайда 150 млн теңгені құрады және қаражат беделді халықаралық конкурстар мен концерттерге қатысу үшін қазақстандық жас таланттарды қолдауға бағытталды.


Димаш Құдайбергеннің концерттері Чехияда, Германияда, Түркияда, Арменияда, Малайзияда және басқа елдерде «D-Dynasty», «Arnau» және «Stranger» әлемдік турне аясында өтті.


Димаш Құдайберген 6 октаваны, 8 жарты тонды қамтитын кең вокалдық диапазонмен танымал. Оның диапазоны бас регистрден колоратуралық сопрано мен ысқырық регистрінің ең жоғары ноталарына дейін созылады. Музыкалық стиль – опера және халық қазақ музыкасы элементтерін қамтитын поп-музыка. Оның шығармашылығының қалыптасуына Майкл Джексон, Ермек Серкебаев, Селин Дион, Лара Фабиан және Лучано Паваротти әсер етті.